Астанада 13-ші «AstanaZdorovie-2016» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Көрмеге әлемнің 11 мемлекетінің ірі компаниялары шығарған медициналық жабдықтар койылды, деп хабарлайды
Baq.kz.
Қарашаның 3-5 аралығында өтетін көрмеге Германия, Иран, Қазақстан, Қытай, Корея, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Чехия және Швейцария сияқты елдердің 80-нен астам компаниясы медициналық жабдықтарын қойды. Жыл сайын өтетін дәстүрлі көрменің шымылдығын ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова ашып берді.
«Астанада кезекті 13-ші халықаралық дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар көрмесін өткізіп жатырмыз. Бұл көрме ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Сондықтан, көрмеде тек медициналық жаңа техникалар мен дәрілерді ғана емес, Қазақстанның 25 жыл ішінде денсаулық сақтау саласында жеткен жетістіктерін де паш еттік. Біз бүгінде мемлекет тарапынан 49 ауру түрінен 400 түрлі дәрі-дәрмекті 2 млн адамға тегін беріп жатырмыз. Ал стационарға келіп түсетін адамдар толық мемлекеттің есебінен емделуде. Бұл үшін жылда 200 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаймыз», - деп мәлімдеді министр.
Шет елдерде шығарылып, өз елімізде құрастырылатын медициналық құрал-жабдықтар да аз емес. «Kazmedpribor hoiding» отандық фирмасы 10 жылдан астам өзге елдермен тығыз жұмыс істеп келеді.
«Біздің фирмамыздың бас штабы Шымкент қаласында орналасқан. 2005 жылы ашылдық. Біз медициналық емдеу мониторларын, лаборатория құралдарын, рентген жабдығын, УЗИ-ге түсіретін құрал жабдықтарды құрастырамыз. Қазақстанның әр түкпірінен түскен тапсырыстардың барлығын орындаймыз. Біз жасайтын технологиялардың басты бөліктері Германия мен Кореяда шығарылады», - дейді «Kazmedpribor hoiding» фирмасының бас директоры Қаныбек Қанатбекұлы.
Аталмыш көрмені ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірігіп «ҚазМедТех» АҚ және «СК-Фармация» ЖШС бірігіп ұйымдастырып отыр.