Қарындасым – қарлығашым
Жаныңды салып азапқа Сағыныш жайлар бір кез бар. Қарындас деген қазақта Құлаққа тәтті бір сөз бар. Қарындас деген сол сөзден Саумал бір самал еседі. Қарындас деген сол сөзден Көркейіп көңіл өседі. Қарындас десе, тегінде, Жаныңды жайлау жаз қылар, Жүректің жылы төрінде Жібектей жұмсақ наз тұрар. Қарындас десе – қазақтың Еске алам ерке қыздарын. Ыстығы-ай сол бір ғажаптың Еріткен көңіл ызғарын! Қарындас десе – көзімнің Алдына кесте тартылар. Қарындас десе – сезімнің Болмайды кезі сарқылар. Қарындас деген сол сөздің Алтыннан артық нарқы бар. Қарындасты көкке көтерген Халқымның ардақ салты бар. Қарындас, шіркін, жігітті Батыр да қылар, нар қылар. Маздатып алау үмітті Қарындас үшін шарқ ұрар. Табаныңа шоқ тисе, Шырқырайтын қарындас. «Тар қолтықтан оқ тисе, Сүйеп шығар қарындас». Қарындас десе – көңілдің Шертілер күйлі пернесі. Қарындас десе – өмірдің Жайнайды жарқын сәулесі. Ағалап еріп соңыңнан, Анаңнан бетер аймалар. Айың боп туар оңыңнан Қарындас сезім қайда бар?! Қорғанбек АМАНЖОЛ.Әсел мен Назигүл
Кеден қызметі қыз-келіншектерге лайық екенін, нәзік жандылардың қашанда өз ісіне өзгеше ұқыптылықпен қарайтынын осы қыздарымыздың жұмыс барысынан да байқауға болады. Бүгінде қызметтің сан түрі бар. Әйтсе де Кеден қызметінің жайы бір басқа. Олай дейтінім, ол ұлт байлығын талан-таражға салуға жол бермейтін өткел сынды. Иә, бүгінде бұл қызметтің ауыртпалығын ер-жігіттермен қатар арқалап жүрген кеденші қыздарымыз да аз емес. Солардың қатарында Әсел Тоқтасова мен Назигүл Мақсұтхан да бар. Әуелде Әсел Тоқтасова өз жұмысын Астана қаласы бойынша кедендік бақылау департаментінің кеңсе бөлімі маманынан бастаған болса, бүгінде «Әуежай-Астана» кеден бекетінің бас маманы болып отыр. «Әуежай-Астана» кеден бекетінің халықаралық әуе рейстерін тіркеу бөлімшесінің бас маманы, кеден қызметінің капитаны Әселдің есімі бүгінде көптің аузында жүр. Өйткені, ол заңның ала жібін аттамақ болғандарды, контрабандалық тасымалды тұсады. Жас та болса алғырлығымен дараланатын қыздың асар белестері алда екені анық. – Мемлекетіміздің бас қаласына қатынайтын жолаушылар нөпірі көп. Соның ішінде қайсыбірі заңды белден басқысы келеді, оны анықтап білуге психологиялық таным керек. Өз басым жолаушының сенімсіздік ұялататын іс-қимылына қарап, бір нәрседен жалтарып тұрғанын сеземін. Бірде менің ауысымдық кезегімде 19 мың 300 долларды Дубайға әкетпек болған бір әйел ұсталды. Ауызша түрде өзімен бірге 3 мың АҚШ доллары бар екенін айтты (заңды түрде 10 мың АҚШ долларына дейін соманы кедендік декларациядан өткізбеуге болады), бірақ оның түрі күдік тудырған. Арнайы кедендік қарау бөлмесінде оның қол жүгінен, киімдерінің арасынан көп шетел валютасы шықты. Содан «неге кедендік декларациядан өткізбедіңіз?» дегенімде, «асығыс болдым» деді. Бұндай заңсыздыққа байланысты оған қатысты ҚР ҚК-нің 209 бабымен қылмыстық іс қозғалды – деді Әсел әңгіме барысында. Жұмыс жайымен осылайша сыр бөліскен Әсел азаматтардың заңның талаптарын біле тұра, осылай қараулық танытатынын айтты. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қойып, алдын алатын кеденші қыздарымыздың еңбегі елеулі. Ол талай мәрте елорда әуежайында заңсыз валюта тасымалдарының деректерін анықтап, ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитеті төрағасы Қ.Кәрбозовтың алғысын алып, «Кеден қызметінің үздігі» алқасын иеленгенін айтсақ та жеткілікті. Тәуелсіз еліміздің қайсар қызы Әселдің бағындырар шыңдары таусылмасын демекпіз. “Әуежай-Астана” кеден бекетінің жас мамандарының бірі Назигүл Мақсұтхан туған еліне Қытай Халық Республикасынан оралған. Алматыда заң академиясын тәмамдаған соң, Алматы облысының «Достық» кеден бекетіне қызметке орналасқан. Назигүл туған жерінің, елінің байлығын қорғауға қашанда сергек қарайды. Сондықтан да ол кәсібін жетілдіруден ешқашан жалыққан емес. Ұжымда өтетін түрлі шараларға да атсалысып, тіптен “Қара жорға” биін нақышына келтіре билеп, көптің ықыласына бөленгені өз алдына бір әңгіме. – Мен Қазақстан-Қытай мемлекеттері арасындағы «Достық» кеден бекетінің саудадан тыс айналымды ресімдеу бөлімінде қызмет еттім. Айтпағым, өзіме тәлімгер болған Ғалым Байсеркеновке алғысым шексіз. Олай дейтінім, өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын ол кісіден үйренгенім көп. Иә, мен де қызметіме зор сүйіспеншілікпен қараймын. Өйткені, кеден қызметі салғырттықты, немқұрайдылықты кешірмейді, – дейді Назигүл. Кеденші – мемлекет келбеті, шетелден келген мейман кеден қызметкеріне қарап, мемлекеттің дәрежесін аңғарары анық. Сондықтан астаналық кеден департаментінің қызметкерлеріне артылар жүк жеңіл емес. Әсел мен Назигүлдей жігері тасыған қыздарымыздың еліміздің экономикалық тұғырында тұрғаны қуантарлық. Көпке үлгі бола білген қыздарымыздың еңбегі өнімді болғай! Әсел ТҮСІПБЕКҚЫЗЫ, Астана қаласы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметкері.Сегізбай + Ақшай=...16 ұл-қыз, 40 немере, 13 шөбере
Табан астында тапсырма алдым. Тақырып: «Көп балалы ана!». Бірақ... «көп бала» деген қарапайым түсініктің қаншамен есептеліп, қаншамен шектелуі (егер шектелсе) керек екенін табан астында біле алмадым. Әсіресе, қазақ сияқты балажан халық үшін. Қазір ел Үкіметі жеті ұл-қыз туған ананы ардақты ана деп – алтын, алты бала туып, өсірген шешені – күміс медальмен марапаттап отыр. Ал бес бала тапқан әйел медаль алмаса да «көп балалы» ана қатарында аталады. Ондай бес бала кез келген қазақтың үйінің шаңын аспанға шығарып, ойнап жүр. Қайта бұрынғы талап жоғарылау еді, мысалы алтын медальды он ұл-қыз туып, аман-есен өсірген ана ғана ала алатын. Сегіз, тоғыз ұл-қыз туған апаларымыз Олимпиада ойындарының алтын медаліне қол созым жетпей қалған талантты спортшыдай арманда қалатын. Шіркін, он бір, он екі бала тапқан және оны аман-есен өсіріп отырған ата-ананы тапсам редактор бір қуанып қалар еді-ау деп те ойлап қоям. Ақыры ойланып отырып Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Наймановаға телефон шалып: «Аса ауылынан оншақты бала туып, аман-есен өсіріп отырған ата-ананы «тауып» бере аласыз ба?» деп өтіндім. Үміткен үмітімді ақтады. Ақтағанда қандай және... он алты ұл-қыз туып, оларды дін аман өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған Сегізбай көкем мен Ақшай апамды тауып берді. Ақшай Ергебайқызы 1936 жылы Байзақ ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келіпті. Бастауыштан әрі қарай оқи алмаған. Ал тәңір қосқан жары Сегізбай Рысқұлбеков – Жамбыл ауданындағы Пионер ауылында 1936 жылы туған. Екеуі тағдырдың жазуымен 1953 жылы үйленіп, отау құрады. Ол кезде заман қазіргідей кең емес. Жас та, кәрі де ағарып таң атқаннан қарайып кеш батқанға дейін бел жазбай колхоздың қара жұмысында құмырсқаша қыбырлап жүреді. Ақшайдың еншісіне де сол тұстағы ауыл әйелдерінің маңдайына жазылған қызылша өсіру, қызылша жинау бұйырды. Әйел екен, ана екен деген ілтипат жоқ. Коммунистік партия – басшы, қызылшашылар бригадирі – ұраншы. Сегізбайға тұрмысқа шыққаннан кейін тұңғыш қызы дүниеге келді. Сегізбай көке мен Ақшай апа: «Отбасымызда тек қана мейрам болсын», деп оның атын Мейрамгүл қойды. 1954 жылы дүниеге келген сол Мейрамгүліңіздің жасы 57-ге келіп, бүгінде зейнетке шыққан, немере сүйген бәйбіше болып отыр. Төркінінен де ұзамай Жамбыл ауданының Жасөркен ауылының азаматымен тұрмыс құрды. Мейрамгүл қыз былдырлай бастағанда дүниеге іңгәлап Сәрсекүл келді. Сәрсекүл де бүгінде зейнетке шыққан. Сонау 1956 жылы дүние есігін ашқан ол қазір 55 жаста. Ақшай анасы туып-өскен ауылға, яғни нағашы жұртына келін болып түскен. Екі қыздан кейін өмірге ұлдың тұңғышы – Талғарбай келді, аңқылдап. Аңқылдап демекші, Сегізбай көкеміз бен Ақшай апамыздан туған ұл-қыздың бәрі тәрбиелі, қақ-соғы жоқ, нағыз «Шіркін, Сегізбай мен Ақшайдың ұл-қыздарының тәрбиесі-ай!» дейтін үлгілі отбасынан. Талғарбай осындағы Пионер өндірістік кооперативінің тракторын айдады. Кеңес өкіметінің кезінде «озат механизатор» деп мақтаушы еді, қазір «жарысатын» ешкім жоқ, әркім өз шаруасын көңілі қалағанынша істейді. Оқырмандар да байқап отырған шығар, Мейрамгүл, Сәрсекүл және Талғарбайдың туған жылдарының арасы екі жылдан айналады. Міне, осыдан кейін Ақшай апамыз араға үш жыл салып, яғни 1961 жылы дүниеге Сейітқалиды әкелді. Сейітқали да сайдың тасындай болып өсті. Ол бүгінде Пионер ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жедел жәрдем мәшинесін жүргізеді. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға көмек қолын бірінші созатын дәрігерлердің қолқанаты десе де болғандай. Сейітқалидан бір жылдан кейін өмірге «бақырып» Бақытқали келді. Талғарбай ағасы сияқты Бақытқали да механизатор. Бақытқалидан кейін аралары бір жастан болып өмір есігін Сәбит пен Жұмағали ашты. Сәбит қазір Айша бибі ауылында жеке меншіктің малын бағып жүрсе (ішінде өзінің тапқан-таянғаны да бар), Сәбит Тараз секілді «тәртіпті» қалада полицей болып қызмет істейді. Екі қыздан кейін төрт ұл тапқан Ақшай апамыз «ендігісі қыз болады» деп жорыған. Қателеспепті. Жұдырықтай қыздың атын Жұмагүл қойды бәрі. Бүгінде ол Жамбыл ауданының Құмшағыл ауылындағы мектепте жұмыс істейді. Жұмагүлден кейін өмірге 1968 жылы – Гүлсара, 1969 жылы – Гүлшара, 1970 жылы – Талғат келді. Бұлар да тіл-көзден сақтасын, талшыбықтай болып өсті. «Жұмыс тауып бер», деп міндет қылып та отырған жоқ. Гүлсара – Тараз қаласындағы медициналық колледжде жұмысшы, Гүлшара – Тараз қалалық ауруханасында мейірбике болып, ал Талғат түрлі жұмыстарға жалданып, жан бағып жүр. «Жұмыс жоқ» деп, жәутеңдеп жүргеннен бұл да жақсы. Сонымен, 11 ұл-қыз болды ма! Араларына 1 жыл (көбіне), 2 жыл және 3 жыл салып 11 ұл-қызды туып тастаған апамыз, Талғаттан кейін біраз «демалуды» ойлапты. Бірақ ол «демалысы» небәрі 4 жылға жетіп, 1974 жылы дүниеге Ләззат деген сұлуды сыйлаған. Ол бүгінде Тараз қаласында тұрады. Облыстық тері ауруханасында дәрігер болып қызмет атқарып жүр. Төрт жылдық «демалыстан» қуаттанған апамыз 1975 жылы Бақытжанды туды. Бақытжаннан екі жылдан кейін Тимур дүниеге келді. Бүгінде Бақытжан қарапайым жұмысшы, ал Тимур өзі күшімен медициналық институтқа түсіп, Байзақ ауданындағы ауруханада дәрігер болып қызмет етуде. Айтпақшы, Ләззат та мейірбике мамандығын өз күшімен бітіріп алған. Тимурдан бір жылдан кейін, 1978 жылы Ғабит жатты бесікте. Ол да тіл-көзден аман өсті. Қазір ауылында, ата-анасының қолында тұрады. Тараз қаласындағы облыстық білім басқармасында қарауыл болып жұмыс істейді. Міне, Сегізбай көкеміз бен Ақшай апамыздың ұл-қыздарын санап отырып, сүт кенжесіне, яғни 16-шы қызға да келіп жеттік. «16» санының – Қазақ халқы үшін ерекше қасиеті бар. Мысалы, 16 желтоқсанда – қазақ жастары кеңестік империяға қарсылық көрсетті, 16 желтоқсанда – Қазақ елі тәуелсіздігін жариялады. Сол сияқты, Сегізбай көкеміз бен Ақшай апамыздың ерекше жақсы көретін сүт кенжесі, яғни 16-шы қызы Жәмила 1981 жылы Сегізбай көкеміз – 51, Ақшай апамыз – 45 жасқа келгенде дүние табалдырығынан аттады. Міне, ақ баталы бір шаңырақтан, ақ некелі бір ата-анадан... 16 ұл-қыз! Бұл енді сенсация! Бұл енді бақыт! «Атадан алтау туғанның жүрегінің бастары алтын менен бу болар, атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар, жалғыздық сені қайтейін!» деп, кезінде күңірене жырлаған Ақтамберді жырау армандаған «алтын менен будан» да асқан байлық бұл! Бірақ бір таңғаларлығы, егер маған көп балалы ана туралы мақала дайындай қал деп табан астында тапсырма берілмесе және Жамбыл аудандық әкімдігіне телефон шалып өтінішімді білдірмесем ормандай болып отырған осы бір ошарлы жандар туралы ешкім естімегендей, ешкім білмегендей екен. Әрине, ауыл әкімдігінің есебінде тұрады, ауыл-аймағы олардың 16 ұл-қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырғанын біледі, сосын Кеңес өкіметі мен тәуелсіз Қазақ елінің алтын медальдарын алғандарынан да хабардар. Иә, «Алтын алқаға» қосымша төленетін 8,5 мың теңгесін уақтылы алып тұратынын да естіген. Бірақ... Ауылдың іргесіндегі көлге көңіл көтеруге облыстан тыным таппай келіп жататын «ақ жағалы» шенеуніктер жағы Пионер ауылында осындай отбасы тұрып жатыр деген хабардан мүлде бейхабар екен. Сегізбай көкеміз момын адам дедік, Ақшай апамыз да қақ-соғы жоқ жан. «Мен өйттім, мен сөйттім» деп, 16 бала туғанын міндет қылып, басшылардың миын «ашытпайды». Олар да бір, ауылдағы бір-екі баласы бар қарапайым отбасы да бір. Бұл да Сегізбай көкеміз бен Ақшай апамыздың кісілік келбеттерін толықтыра түсетін ерекше қасиет. Айтпақшы, Сегізбай көкеміз бен Ақшай апамыз 16 ұл-қыздан 40 немере, 13 шөбере сүйіп отыр. Әрине, ұл-қыздары ата-аналарына тартса бұл сан әлі өсе түсетіні анық. – Бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз. Шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Кейбіреулер құсап, аспандағы айды әпер демейміз, «орамал тон болмайды, жол болады» деп, әйтеуір, мейрамдарда анау-мынауларын сыйлап тұрады. Ел тыныш болмаса оған да зар болар-ек қой, айналайын-ау, өзің ойлашы, ішінен іріп, сыртынан бүлініп жатқан елдегілер қара суды тыныш ішуге зар болып отырған жоқ па?! – дейді Ақшай апай. Ал сексеннің біріне келген Сегізбай ағаның да денсаулығы сыр бере бастапты. Бала-шағасы, немере-шөбересі осыған алаңдап отыр. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев азаматтық танытып 16 бала туып, аман-есен өсіріп отырған қарт ата-ананың отбасымен танысып, батасын алып (жақында облыс әкімінің үйіндегі келін де егіз тапты деп естідік) отбасылық көлік пе, әлде жеке үй ме, әйтеуір бір үлкен жәрдем берсе екен дейді. Әйтпесе, ақпейіл Ақшай апамыз да, сабырлы көкеміз Сегізбай да елінің тыныштығын, отбасы – ошақ қасының амандығын тілеп отырған өте момын жандар. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Пионер ауылы.Бала тапқандікі емес, баққандікі
Әшім Ермұратова туралы алғаш естігенде «өмірде ондай адамдар бар ма?» деген таңданыс аралас сөз түсті аузымызға. Қызылорда қаласының тұрғыны жетімдер үйіндегі алты баланы бауырына басып, ыстық ұясына әкеліп, аналық мейірімін төгіп, тасбауыр өскен балалардың көңіліндегі кірбіңді кетіріпті. Отбасы бақытынан айырылған балаларға ерте жаста жоғалтқанын тауып беріпті. Рас, алты баланың барлығы тұрақтаған жоқ. Молдахмет атты жеткіншек қанша тәрбиелесе де жетімдер үйіндегі әдетінен айнымаған. Намазға да жығып көріпті. Оған да бой бермеген. Ақырында психолог-мамандар Әшімге баланы қайта жетімдер үйіне өткізу керек деген кеңес берген. Ал қалған балалар Абдуәшім Серібаевтың шаңырағында қалған. Әшімнің бір емес, бес баланы қатар бауырына басуға не түрткі болыпты? Ол туралы кейіпкеріміздің өзі айтсын. – Әкем Тиышбай қырыққа толғанында үлкен анамыз жалғыз ұлымен бірге қайтыс болады. Сөйтіп, әкем жападан жалғыз қалады. Үйленуге құлқы болмайды. Бірақ өзінен кейінгі інісінің баласын асырап алыпты. Өмір өзен емес пе? Бір орнында тұрмайды. Көңілдің кірі кетеді. Баласы екеуі атқа мінгесіп, ел аралап жүргенде екі қызы бар кемпірді жолықтырады. Тұрсынай кәмелет жасына енді толған екен де, Ұмсынай әлі кішкентай қыз болса керек. Содан әкеміз әлгі кемпірді қыздарымен қосып, қолына алады. Тұрсынай оқу бітіріп келгеннен кейін 17 жасында біздің әкемізге тұрмысқа шығады. Содан қатарынан сегіз баланы дүниеге әкеледі. Әкемнің асырап алған баласымен тоғыз едік, кейін тұңғыш немересін бауырына басып, өз аттарына жаздыртып алды. Сөйтіп, он ағайынды болып өстік. Біздің әулеттің ұғымында бала асырап алу – ырысқа кенелу болып есептеледі. Өз балаларым аяқтанды. Үлкен ұлым үйленсе де, біразға дейін немере сүймедік. Сосын, бала асырап алу керек деген ойға келдім. Жұбайым мен балаларыма айтып едім, олар бірден қолдады. Алғашында 10 баланы қатар асырап алғым келген. Бірақ оған біздің үй таршылық жасайды екен. Содан алты балаға құжат дайындап, 2009 жылдың қыркүйек айында балаларды үйге әкелдік, – дейді Әшім Ермұратова. Әдетте бала асырап алушылар жас нәрестені алады. Есі кірмеген, оң-солын танып білмеген баланы алып, аттарына жаздыртып, өз баласы есебінде көреді. Әшім Ермұратованың жағдайы оған мүлде ұқсамайды. Бауырына басқан Арайлым Қамбарбек пен Гүлмира Назарбай 1992 жылдың түлектері. Олар бұл үйге келгенде 17 жаста болатын. Яғни, есі кірген, азамат болып қалған қыздар еді. Ал Олеся Есина 1999 жылы туған. Руслан Сейітмұрат та осы жылы дүние есігін ашыпты. Русланның інісі Арман 2000 жылы өмірге келген. Бұл туралы Әшім былай дейді: «Негізі бала асырап алушылар нәрестелерді алады. Өйткені, тәрбиелеуге ыңғайлы. Жас бала талшыбық сияқты емес пе? Қалай исең, солай өседі. Мен ойлана келіп, олай етпеуге бел байладым. Қайта жастайынан қағажу көріп, тағдырдың тепкісіне түскен балаларды бауырыма алып, оларға отбасылық өмірдің қандай екенін түсіндіріп, ұғындырғым келді. Құдайға шүкір, ол ойым іске асты. Балаларым қазір өз баламнан кем емес. Оны айтасыз, үлкен екі қыз бірінен кейін бірі тұрмысқа шықты», – дейді. Жаңылыс естідік пе деп қайта сұрадық. Гүлмира былтыр 17 қараша күні құтты ұясына қоныпты. Оның ізін ала биылғы 28 қаңтарда Арайлым да ақ босаға аттап, келін болыпты. Қуанышты жәйт емес пе?! Тағдыр-тәлейіне Әшімдей қамқор ана кезігіп, өз отанынан ұзатылу да бір бақыт қой. Әшім Олесяны жанынан тастамайды екен. Қайда барса да жанында жүреді. Олеся да соған үйренген. Әжелеп еріп жүреді. Баяғыда әжеміз той-томалаққа бара жатса, етегіне оралып, жанынан бір елі қалмай қоятынбыз. Олеся да сондай. Руслан мен Арман бір атаның баласы. Бір атаның баласы болса да, екеуінің мінезі екі түрлі. Руслан тұйықтау. Ал Арман ержүрек. Соған орай екеуінің тілін табудың жөні де екі бөлек – дейді Әшім Ермұратова. Ұзатылған екі қыз көрпе тігу, киіз басу, кесте жасау секілді тұрмыста керекті дүниенің барлығын үйренген. Әжелері олардың да барған жерінде қор болмауын ойлайды. Ендігі арманы қалған үш баланы аяқтандыру. Үйлі-баранды етіп, солардан немере сүюді ойлайды. Екі қызын ұзатқаннан кейін тағы бала асырап алуды ойлаған. Оған әзір мүмкіндік болмай тұр екен. Дегенмен, алдағы уақытта үйін кеңейтіп, ана қамқорлығынан ада қалған балаларды бауырына басуды армандайды. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.Музей-апа
Сексеннен асқан Әмина Тұрсынбаеваны Көкше төңірегі «Бурабай тарихының тамыршысы» деп те атайды. Өзіміз де талай-талай әңгімесін тыңдап, ұлағат жинағанбыз. Әсіресе, Щучье ауданына Бурабай аты берілген күні газетімізде «Атыңнан айналайын, беу, Бурабай!» деген алақай мақаламыз жарияланғалы бері байланысымыз нығайып, бәйек болып тұрады. Жуырда тағы хабарласқанбыз. – Менің өмірімнің мақсаты – Бурабайда хандық құрып, тәуелсіздігіміздің іргесін қалаған Абылай ханның өмірінен, қызметінен ұлағатты деректер жинап, халыққа тарату, – дейді ол. Жанталасып жүріп Абылай мұражайын ашқаным да сондықтан дей келіп, бұл тұрғыда атқарылар іс-шараларды әңгімелеп кеткен апамыздың сүйікті тақырыбының бірі Ұлы Отан соғысы жылдары Бурабайға қоныстанып, елеулі еңбектерімен танылған қырықтан астам академик пен үлкен ғалымдардың өміріне қатысты жәйттер. Бұл Бурабайдың тарихында айрықша оқиғаларға толы кезең еді. Соғыс жылдары Әмина апамыз Бурабайдағы атасының қолында тұрған. Әкесі Дәулет шағын қымыз фермасын ұстап, 1941 жылдың 23 шілдесінен бастап осында көшіп келген бетке ұстар ғалымдарға қымыз бен сүт жеткізіп отырыпты. Атақты академик В.Вернадскиймен кездескен тұсы да осы. Әмина Дәулетқызының айтуынша, белгілі палеонтолог ғалым А.Борисяктің ұсынысымен «академиктердің қазақстандық тобы» құрылып, оған микробиолог, құрметті академик Н.Гамалея жетекшілік еткен. Хатшылығына ірі экономист ғалым С.Струмилин сайланыпты. Қазақстандық топтың құрамында ірі химик Н.Зелинский, физик-географ және биолог Л.Берг, гидробиология ғылымының негізін салушы С.Зернов, орман физиологиясының білгірі Л.Иванов, әйгілі кеңес ботаниктері А.Рихтер, В.Сукачев және басқа 30 ғалым болыпты. Олар ғылыми орталықтардан, зертханалардан, тәжірибелік кәсіпорындардан қол үзіп қалғанымен Бурабайда ғажайып ізденістерімен, жанқияр еңбектерімен танылған көрінеді. Мәселен, В.Вернадский «Жер биосферасының химиялық құрылымы» аталатын екі томдық әйгілі еңбегін аяқтап, шын мәнінде ноосфера ұғымын эволюцияның жоғары деңгейіне көтерді. «Қазақстандық топтың» ғылыми жаңалықтары әскер мен халық шаруашылығында шұғыл қолданысқа енгізіліп жатты. Әмина апамыздың мұражайында академик С.Бернштейннің басшылығымен кемелердің тұрған жерін радиопеленгпен анықтау құралы дайындалып, ол штурмандық есепті 10 есеге жетілдіргендігі туралы ақпараттар жинақталған. Сондай-ақ, 1943 жылы авиация құрамалары жаңа штурмандық таблицалармен жарақтанып, ұшақтар қозғалысының дәлдігі қамтамасыз етілді. Академик Н.Зелинский мұнай өнеркәсібіндегі шикізат ресурстарын тиімді пайдаланудың ұтымды тәсілдерін енгізсе, академияның мүше-корреспонденті В.Вологдин қорғаныс кәсіпорындарындағы электротехникалық саланы құнды ұсыныстарымен дамытты. Сондай-ақ, бурабайлық ғалымдар «Озық ғылым үшін» танк колоннасын жасақтауға белсене қатысқанын да айта кету лазым. – Мәскеулік ғалымдардың салалық еңбектерінің жиынтығы 70 томды құрайды, – дейді Әмина Тұрсынбаева. Мұнда кітапхананы 35 жыл басқарған Александра Винокурованың еңбегі орасан. «Қайта құру» кезеңінде өлкетану мұражайы мен кітапхана өзге қиыншылықтар аздай, өртке шалдыққан. Құнды дүниелердің сақталғанын топтастырып, жаңа мұражайға орналастыру да оңайға соқпағаны белгілі. Бірақ, мұндағы Владимир Вернадский бөлімі жаңа әдебиеттермен, сыйға тартылған қолжазбалармен, басқа да экспонаттармен байытылып келеді. Жасы ұлғайғанына қарамастан, үнемі жадырап жүретін ұлттық киімдегі апамыздың қажыр-қайратына таң қалмасқа болмайды. Сегіз бөлімнен тұратын қымбат жәдігерлер халқымыздың ұзын-сонар тарихынан сыр шертеді. Осының барлығы Әмина Дәулетқызының зор талғамымен, еңбекқорлығымен дайындалған. Тіпті, 2006 жылы екі аяғын бірдей жаралап алған кезде де сүйген ісінен жаңылған жоқ. Екі жарым ай төсекке таңылғанына қарамастан, көмекшілеріне «маза бермей» қойғанын білеміз. Мүгедектер арбасымен жүріп-ақ мұражай қонақтарына тәлімді әңгімелер тиегін ағызатын. Әмина апамыз 2008 жылы Бурабайда өткен академик Владимир Вернадскийдің 145 жылдығына арналған V халықаралық конференцияда баяндама жасап, арнайы дипломмен атап өтілді. Әлі де мұражайды басқарып, ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып жүрген апамызға қайратыңыздан танбаңыз дегіміз келеді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы, Бурабай ауданы.Ақтас – Ардақты аналар ауылы
Созақ арқылы Арқаға бір табан жақын жатқан Бәйдібек ауданының жері бір көрмеге өңсіздеу сияқты. Табиғаты қатал, жайқалып тұрған жасыл желегі жоқ. Атақты Арыстанды Қарабастың долы желінің ақырып өтетін тұсы осы. Ішін тартып, ұлып соққанда бет қаратпайды-ау. Әулиелі жері көп. Шымкенттен шу деп шыққанда қайқаң астынан Бала бөген өзені бойындағы “Домалақ ана” бейіті көзге шалынар. Еңку-еңку жер шалып барып шығысқа тартсаңыз, Бәйдібек бабаның күмбезінен шығасыз. Тура жол тау қуалап, бұлақ жағалап “Бес анаға” жеткізеді. Ал, оңға бұрылсаңыз, Қос тұра тауын бөктерлеп барып, Ақтас ауылының үстінен ентелеп барып түсесіз. Батыр Аналар ауылы осы. Шағын ауылда екі-үш жүз отбасы бар. Сай сағалап, бұлақ жағалап отырған. Кеңес Одағы кезінде осы ауылдың жүздеген анасы “Батыр Ана” атағын алыпты. Сонау Орталықтан, Мәскеуден шәпкесі қисайып, фотоаппараты мойнында салақтап талай журналист келіпті осы ауылға. Сөйтіп, үйректің балапандарындай шүпірлеген балаларды жинап, әке-шешесін ортаға отырғызып суретке тартыпты. Екі езуі жаялықтай болып, мәз болып кетеді дейді. Шаһарда тұратын жақын-жамағайын ауылға келгенде “сендердің суреттеріңді орталық газеттерден көрдік” деп сүйінші сұрап келер екен. Осы ауылға біздің де жолымыз түсті. Әуелі табиғаты таңғалдырған. Қолат-қолат тау. Іргеде Қошқаарата өзені күркіреп ағып жатыр. Таудан бөлінген жетім бұлақтар ауылды қиып өтеді. Кереметі ол емес екен. Тепсең толы бала. Шағын ауылдың әрбір үйінен шүпірлеп шығып жатқан бүлдіршіндер. Көз тимесін дедік. Журналист, ағеділ іні Мұхтар Атабеков “бұл ауылдағы ең аз бала туған біздің анамыз болу керек” деп қалжыңдайды. Мұхтар да осы ауылдың тумасы. Анасы Салтанат 10 баланы дүниеге әкелген ардақты жан. Мұхтардың сөзінің жаны бар. Анау үй деп бір үйді көрсетеді де балаларын санай бастайды. Оннан кемі жоқ. Әліпбаева Алымхан, Әділбаева Жұмакүл, Байжұманова Алтынкүл, Әділова Күлшай, Орынтаева Қалдыгүл, Орынбаева Гүлайша... осылай болып өріледі. Бәрі Батыр аналар. Байшымырова Аппақ анамыз 13 ұл-қыз өсіріп жатыр. Кәтекова Үрлаш әкпеміз 16 құрсақ көтерген екен, оның он үші жер басып жүр. Бір қызығы және бір сүйсінерлігі, осы аналардың шаңырағына түскен келіндер де көп балалы болғанды мерей көреді. Көбінің 6-7 бала-шағасы бар. Жерге қарайтын жаста емес, Аллатағала беріп жатса, шүкіршілік деп отыр. Бұл ауыл малды. Жер ыңғайы солай. Аздап егін салады. Несібелеріне жарап тұр. “Шаншар” театрында ойнап жүрген Нұржан Төлендиевтің айтатыны бар. “Ауыл деген жақсы ғой. Ет бар, сүт бар. Қарның ашса, қаймаққа нан былғап жейсің”, деп. Сол айтқандай, қазақтың сол жақсы ауылының бірі осы. Адамдарының қабағы ашық, қолындағы жарты нанын қонағымен бөлісуге әзір. Үлкені кеңпейіл, кішісі кішіпейіл. Жолынан жығылмайды. Сықыңдап бәле қумайды. Қойын құрттап, айранын шайқап ішіп отырған момақан ауыл. Сондықтан да Аллатағаланың мейірі айырықша түскен шығар. Бала-өмірдің жалғасы, келешегіңнің кәміл кепілі, көңілдің күйін шертетін думан базары, шаттықтың жаршысы. Солай ойлағанбыз. Үрлаш апамызбен тілдескенбіз. Көзі ашық. Күнде теледидардан Қазақстанның жаңалықтарын тыңдап отыратын кейуана осы күніне мың қайтара шүкіршілік етеді. – Бүгінгі заман-еңбек қылғанның заманы. Соны балаларға ұдайы айтып отырамыз. Көрші елдердің жағдайын көріп отырмыз. Ақ ордасын шауып алған жұрт береке, бірлікті қайдан табады. Елге тұтқа азаматтарын тыңдамаған ел кепиетке ұшырайды. Қазақ ұлтының аты әлемде ұлықталып жатыр. Еліміз дұрыс жолмен келе жатыр. Соған шүкіршілік. Таяғын шошаңдатып, аузынан түкірігі шашырап, баласынан жас қызды алғысы келетін шошақай шалдар көбейіп барады. Апыр-ау, естері жоқ осылардың. Қалам ұстаған ағайынсыңдар, әлгіндейлердің масқарасын шығармайсыңдар ма? Тәубе, жоқшылық көріп отырған жағдайымыз жоқ. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Аналар құрметін көріп жатыр. Басқа не керек. Осыны жаз, қарағым. Берекелі ауылдың батыр анасы әңгімесін осылай қайырды. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.Байлығым да, базарым да қыздарым
дейді жеті қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана Күләш Садықова
Сегіз қырлы, бір сырлы азамат, бесаспап өнер иесі, халық арасынан шыққан кесек талант, бір ауыз сөзге сайсақ, нағыз «самородок», марқұм Сағит Садықовтың есімі Ақ Жайық атырабына кеңінен танымал. Өзгесін айтпағанда, Сағит ағамыз бен Күләш жеңгеміз жеті қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы иелері. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында республиканың шалғай аудандарының бірі – Қазталовта, тұла бойы тұңғышы Светамен бірге тұратын зейнеткер-анаға арнайы барып жолыққан едік. – Күләш апа, сексеннің сеңгірінен асқан сәтіңізде сізді кәрілікке бой алдыра қоймаған сергек қалпыңызда көріп отырғаныма қуаныштымын. Мүмкін бұл қыздарыңыздың тілегі мен сізді мәпелеп, күтіп-бағуының да арқасы шығар. – Оған сөз бар ма, қарағым. Бүгінде перзенттерімнің бәрі де өмірден өз орындары мен бақыттарын тапты. Қазір олар еліміздің әр түкпірінде хал-жайымды біліп, үнемі хабарласып тұрады. – «Қыз – өріс, қыз – тілекші, қыз – өмірдің қызғалдағы» деп жатады. О бастан қалыптасқан осы тіркестер мен ұғымдарға қатысты ойыңызды да айта кетсеңіз. – Қыздың өріс болатын себебі – ол іргеңді кеңейтеді. Алысты жақын қылуға дәнекер болады. Өз уақыты келгенде құда болып, құдағи болып сыйласу да өмірдің бір бақыты мен қызығы деп білемін. «Астың дәмін келтірген – тұз әулие, алысты жақын қылған – қыз әулие» деп тектен-тек айтылмаса керек. – Енді мына бір сұраққа жауап беріңізші. Қыздар бірінен соң бірі дүниеге келіп жатқанда оған Сағит ағамыз: Тағы да қыз ба? – деп қабағын шытқан жоқ па? – Жоқ, мұндай жағдай мүлдем болған емес. Ол қыздарын өте жақсы көрді. Өмірден өз орындарын тауып кетуі үшін әкелік борышы мен парызын бір кісідей атқарды. Оларға тиісті бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеді. Әрі Алматыға, жоғары оқу орындарына қыздарын өзі ертіп барды. Соның арқасы шығар, қыздарының бәрі де жоғары білім алып, қалаған мамандықтарын игеріп шықты. Қыздарымыздың бәрі де әкелерін өте жақсы көрді. – Сағит ағамыз өзінің артынан бір мұрагердің дүниеге келгенін қалайтынын сізге құлаққағыс қылған жоқ па? – Мұны, мүмкін іштей ойлаған да шығар. Пенде ғой. Бұған көзім анық жетпейді. Алайда бұл ойын маған сездірген де, тіпті бір ауыз емеурін танытқан да емес. Сонысына осы күнге дейін қайран қалумен келемін. Кенже қызымыз Венерадан кейін жеті жылға дейін құрсақ көтермедім. Осындай ұзақ уақыттан соң ұлымыз дүниеге келді. Оны әкесі өзінің есіміне, ұйқастырып Сағи деп қойды. Кім біледі, бұл да мүмкін қыздарымыздың: бір ініміз болса екен деген тілектерінің қабыл болғаны шығар деген ой да келеді кейде. – Апа, әңгімеңізге рақмет. Әсем де ақылды қыздар өсіріп, тәрбиелеген сізге амандық тілеймін. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы. Суретте: алтын алқа иегері, ардақты ана Күләш Садықова«Қазақтың өренін де, өнерін де құлай сүйдік»
Дәулетбаевтар отбасының келіндеріне көңіл толады
Қази ақсақал мен Майра апайдың бір шаңырақ астында түтін түтеткендеріне жарты ғасырдан асты. Былтыр алтын тойларын Қызылжар мешітінде атап өтуді ұйғарған. Ондағысы «аспа-төк дүние онсыз да жетіп жатыр. Біз үшін ұл-қыздарымыз бен келіндерімізді мұсылмандыққа, ата салт-дәстүрімізге тәрбиелеуден асқан мәртебе жоқ» деген ниеттен туған. Олардың бұл қадамына балалары мейрамханада неге өткізбеске, ертең ел не айтады дегендей қарсылық танытқанымен, ұсынысты келіндер қуана қолдаған. Имандылықты өмірлік мұраттарына айналдырған мерейтой иелерінің жүрекжарды қуанышына әр қиырдағы орыс, украин, татар құда-жекжаттары да ортақтасқан. Келіндері аяқтарынан тік тұрып қызмет еткен. Қариялар сексеннің сеңгіріне шықса да, әлі тың. Қазекең Алматы жоғары мілиса мектебін, ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген. Еңбек жолын ауылда учаскелік инспекторлықтан бастап, аудандық соттың төрағалығына дейін көтерілген. Майра апай көп жыл дүкеншілік, бухгалтерлік қызметтер атқарған. 6 ұл-қыздарын қатарынан кем қылмай өсірді, оқытты. Өмірден көрген-білгені көп, тоқығаны мол ұлағатты жандардың Алласы – аузында, иманы – жүрегінде. Қази ақсақал соңғы кездері шежіре жинауға көбірек ден қойып жүр. Майра апай ширек ғасырдан бері серік еткен бес уақыт намаздан жаңылған емес. Бүгінде тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек тәрізді. Немерелерінің алды шетелдерде білім алып келді. Ал, келіндері жайлы әңгіме қозғалса, қариялар тебірене сыр шертуден жалықпайды. Тұңғыштары Ғазез жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Келіншегі Элзара – үш баланың анасы. Тал бойынан шығыс әйелдеріне тән ибалық қасиеттер молынан кездеседі. Ерінің не айтпағын қас-қабағынан жазбай таниды. Ата-анасына да сыйлы. Татар, қазақ тілдерінде әуелеткенде адам жанын баурап алады. Ғазез басқа ұлттан келін түсіремін дегенде көңілдерінде «апырым-ай, тілін де, дәстүрін де білмейміз. Қалай болар екен?» деген күдік ұялапты. Табиғатынан ашық, ақжарқын Элзарамен ә дегеннен жарасым тапты. Қази ағаның музыкалық аспаптарда шебер ойнайтыны, Майра апайдың әншілігі балаларына да дарыған. Екінші ұлдары Қапез – ішкі істер полковнигі. Әке жолын қуып, бүгінде облыстық ішкі істер департаменті кадрлар басқармасы бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Келіншегі Наталья он саусағынан өнер тамған ісмер. Күні бойғы алданышы – бір жастағы қызы, ермегі – тігін мәшінкесі. Қайыненесінің тәлімімен құрақ көрпелер жасауды, ұлттық оюлармен қалай өрнектеуді игеріп алған. Демалыс сәттерінде Қапез екеуі гитараға қосылып ән айтқанды ұнатады. Ұлы Дарханды қолынан жетелеп қазақ мектебіне апарды. Өзі де қазақша сөйлеуге төселіп қалды. Мешітте некесін қидырып, ислам дінін қабылдады. Нағима деген әдемі есімді қалап алды. Ділнәзі дүниеге келгенде абысын-ажындарын жинап, шілдехана, тұсаукесер рәсімдерін өткізді. Ортаншы ұлдары Мереке де әке салған соқпақпен жүріп келеді. Облыстық мемлекеттік автоинспекцияның бөлім бастығы, ішкі істер подполковнигі. Келіншегі Гүлбаршынның жүзінен имандылық нұры төгіліп тұр. Мамлют аудандық МАИ-дың бастығы, ішкі істер майоры Бақытжанның келіншегі Ольганың да қазақтың салт-дәстүрін бір кісідей білетіні байқалады. Ол – ұлттық тағамдар дайындаудың кәнігі шебері. Көші-қон полициясында қызмет атқаратын Бауыржан шаңырақтың кенжесі болғандықтан, келіншегі Лилия ата-анасына еркелеу. Өнерсүйер қауым ағайынды Дәулетбаевтарды ішкі істер департаменті жанынан құрылған вокальды ансамбльдің белсенді мүшелері ретінде де жақсы біледі. – Элзарамның әке-шешесі Тәжікстанда тұрғанда араласушы едік. Қырымға көшкелі қатынасымыз сиреді. Лилиям қазақтың тілін де, салтын да жақсы білетін әжесінің бауырында өскендіктен, бізге тез бауыр басып кетті. Әке-шешелері Петропавлда тұратындықтан, жиі хабарласып тұрамыз. Сабантойды да, Наурызды да бірге мерекелейміз. Келіндерімді бір-бірінен бөлмеймін. Әрқайсысының мінез-құлқына орай ақыл-кеңес беріп, білмегенін үйретіп отырамын. Бірде Элзара келінім келіп тұр, тұңғыш немереңізге ат қоймайсыз ба деп. Бұл да білгендіктің, көргендіктің белгісі. Үлкен келініміздің тәрбиесімен басқа келіндеріміз де жүріп келеді. Өздері шетінен бауырмал, елгезек. Айтқаныңды екі етпейді. «Аталап», «апалап» жандары қалмайды, – дейді Майра әжей ерекше мейіріммен. – Шыны керек, бөтен босағаны алғаш аттағанда қобалжығанымыз рас. Қанша айтқанмен, басқа ұлттың ортасына кірігу оңай емес қой. Қалай тастай батып, судай сіңіп кеткенімізді өзіміз де аңғармай қалдық. Аллатағаланың жазуымен ақылына көркі сай, «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтармен бас қосып, тұрмыс құрғанымызға еш өкінбейміз. Керісінше, қазақ секілді ғажап халықтың сан қырлы үлгі-өнегелерін өз бойымызға қондырып, балаларымызды да тәрбиелеудеміз. Атамыз да, апамыз да бізді көп нәрсеге үйретті. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Дәулетбаевтар отбасының келіндері бір ауыздан. Қазақтың өренін де, өнерін де құлай сүйген Дәулетбаевтар келіндерінің бүтін әулеттің өрісін кеңейтіп, ынтымақ-берекесін арттырып отырғаны сүйсінтеді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.Топ-менеджер ханым
Астананың мәдени-рухани һәм коммерциялық құрылымында үштағанданып, елден ерек оқшау көрінетін «Думан» ойын-сауық орталығы бар. Шетелдерде,