Өткен маусымда ғана бірінші лигада ойнап, биыл премьер-лигада өнер көрсеткен Оралдың «Ақжайық» футбол клубы чемпионатты біршама сәтті бастағанымен, оны қорытындылайтын тұста біраз тұйыққа тірелді. Бұған команда тізгінін сол кезге дейін ұстап келген Талғат Байсуфиновтің Қазақстан ұлттық құрамасын басқаруға кетіп қалғаны тікелей әсер етті. Сөйтіп, доп додасының бірінші бөлігі мәреге жетіп, командалар алты клубтан екі топқа бөлінген кезде соңғы орындағы «Ақжайық» өзінің алдындағы «Тараздан» тура тоғыз ұпайға қалып тұрды.
Бұл кезде аяқдоптан хабары барлардың көпшілігі оралдықтардан үміт үзді десе де болады. Клубты осындай қиын сәтте қолға алған тағы бір қазақстандық маман Вахид Масудовқа «Ақжайықты» алға шығару оңайға түскен жоқ. Дегенмен, онымен бірге жаңа футболшылардың келуі ойынды қайта құруға мүмкіндік берді. Соның арқасында команда капитаны Мейрам Сапанов бастаған жігіттер біріншіліктің екінші бөлігін керемет өрлеу үстінде өткізіп, 10 ойынның 8-інде қарсыластарынан басым түсті.
Міне, осы көзсіз ерлікке пара-пар ойындардың нәтижесінде оралдықтар алға ұзап кетіп қалған командалардың соңынан «қос атпен қуып» шығып, олардың екеуінен көмбеге жете бергенде басып озды. Сөйтіп, өзінің премьер-лигада қалу жөніндегі мақсатына жетті. Мұны бас жаттықтырушы Вахид Масудов Талдықорғанда өткен соңғы ойыннан кейін: «Біздің осылай жасайтынымызға ешкім сенбеп еді, ал біз межемізден өттік», деп бір ауыз сөзбен түйіндеп берді. Осы ретте команданың бұл табысқа селекциялық жұмыстарды дұрыс жүргізуі арқылы жеткенін де айта кетейік. Бұл жөнінде сөз еткенде, Парагвайдан Қазақстанға аяқ басқан бірінші ойыншы, жартылай қорғаушы Фредди Коронель Ортиз алдымен ауызға ілігеді. Маусым басында келген легионер ұзамай белді ойыншылардың біріне айналды. Шабуылды ұйымдастырумен бірге стандартты жағдайды жақсы орындайтын Фредди біріншілік қорытындысында 8 голмен «Ақжайықтың» бас мергені атанды. Команданы өрге сүйрегендер қатарында тәжірибелі Эдуард Сергиенко мен сербиялық қорғаушы Предраг Говедарицаны да атап өтуге болады.
Чемпионаттың орта тұсында келген қақпашы Денис Төлебаев артынша әріптестері Нұрболат Қалменов пен Роман Багаутдиновтың «орнын тартып алса», нигериялық Майкл Одибе орталық қорғаушы Данило Николичті ығыстырып шығарды. Сол секілді тыңнан қосылған Рахымжан Розыбакиев, шабуылшылар, серб Мирослав Лечич пен украин Константин Дудченко біраз серпін қосты. Чемпионат соңына таман Чили елінің өкілі Матиас Рубио да негізгі құрамнан өз орнын тапты.
Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстанның Даниямен 11 қараша күні өтетін кездесу қарсаңында таңдаулы 35 аяқдоп шеберінің қатарында «Ақжайықтан» үш бірдей ойыншы, атап айтқанда, оң қапталдағы қорғаушы Эльдар Абдрахманов, жартылай қорғаушылар Руслан Валиуллин мен Рахымжан Розыбакиев ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына шақырту алды. Әрине, 23 ойыншыдан тұратын түпкілікті тізімге енбесе де, ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне ілігуінің өзі – үлкен жетістік. Тағы бір жайт, «Ақжайық» футбол клубы өзге әріптестеріне қарағанда, негізінен өз тәрбиеленушілеріне сүйенетін клуб ретінде ерекшелене алады. Ендеше, ол осы бағыттан танбай, келесі маусымға тас-түйін дайындалу керектігі айтпаса да түсінікті болса керек.
Ғайсағали СЕЙТАҚ,
журналист
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ