«Жалғанның жарға жығатыны» белгілі. Бірақ, мұны біле тұра қулық-сұмдықтың неше атасы көрініс беруде. Жалған ақшаны былай қойғанда, айыппұл түбіртегін қолдан жасаушылар пайда болғанын жуырда газетімізде жазып едік. Енді, міне, жалған көлік жүргізуші куәлігін жанқалтасына салып жүретіндер арамыздан табылып жатыр.
24 қазанда Көкшетау қаласының М.Әуезов атындағы көшесінде жол-патрульдік батальонының қызметкерлері «Мерседес Бенц» жеңіл көлігін тоқтатқан. Тексеріс барысында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғыны ұсынған куәлік күдік тудырғандықтан, арнайы орындарға сұрау салынады. Көп ұзамай Антоновка ауылының тұрғыны соттың шешімімен көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғандығы, ал көрсетілген құжаттың қолдан жасалғандығы анықталған.
Айыпталушының айтуынша, жүргізуші куәлігін мұның туысы 100000 теңгеге жасап беріпті. Әйтсе де, «бала-шағаның» қамын мұндай қауіпті жолмен атқарудың түпкі салдарын ескере қоймаған азамат ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлімімен жауапқа тартылып, сот алдындағы тексерістер жүргізілуде. Бұл бап тәртіп бұзушының 300 айлық айыппұл (600 мың теңге) төлеуін немесе 75 тәулікке қамауға алынуын қарастырады.
Бақбергеен АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»