«Егемен Қазақстан» газетінің 2016 жылғы 26 қазан, 205-ші санында жарық көрген Бәйдібек ауданының тұрғыны Мұхтар Тұрдалиевтің көрген түсі туралы жазылған «Аңыз бен ақиқат» деген мақалаға орай өз пікірімді білдіруді жөн санадым. Өзім кеңес дәуірінде партия-кеңес қызметкері болған адаммын. Негізгі кәсібім болмаса да, өлке тарихын зерттеумен айналысып, бірнеше кітабым жарық көрді.
Ал енді менің айтайын дегенім, Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылының тумасы Кәкиқызы Күмісай деген бойжеткен Алматыдан туыстарына 1996 жылы телефон шалып, түс көргенін айтады. Түсінде белгісіз адам келіп: «Мен әз-Жәнібек ханмен тең болған адаммын. Бойым 2 метр 35 см. ХVІІ ғасырда 49 жаста жау қолынан қаза таптым. Намаз оқып отырғанда қылышпен басымның желке тұсынан шапты, сан ғасыр аяқасты болып, тапталып жатырмын, мәйітім сенің бабаң Нұрпейістің үйінің терезесі алдында, 2 метр жерде жатыр. Қазып алып қайта жерлеуге көмектесуіңді сұраймын», деп жоқ болып кетеді.
Күмісайдың туыстары бұл әңгімеге мән бермейді. Белгісіз адам ауық-ауық Күмісайды мазалай берсе керек. Бойжеткен ыза болып, егер айтқанды орын-дамасаңдар сол жерді өзім барып қазамын дегеннен кейін ағалары лажсыз 1997 жылы айтылған мөлшермен жерді қазғанда шынында да өте ірі адамның сүйегі шығады. Олар сүйекті жинастырып, Үлкен Қаратал ауылының оңтүстік жағына жаңа жерге қайта жерлейді. Ол зиратқа алыстан арнайы келіп, құран оқытып жүргендер бар. Сондықтан да Мұхтар Тұрдалиев ақсақалдың ежелгі Отырар кітапханасы туралы көрген түсіне жеңіл-желпі қарауға болмайтын сияқты. Табиғатта тылсым дүние көп қой. Отырардың бай кітапханасы табылса, Қазақ елі үшін құн жетпейтін алтын қазына ғой.
Қалибек АЛТЫБАЕВ,
Зайсан ауданының құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Шығыс Қазақстан облысы