04 Қараша, 2016

Қалтқысыз қызмет қағидасы

516 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
shayakhmetov-r-oРахымжан Шаяхметовтің ұлықтауға лайық ұлағатты істерге ұйытқы болған шежірелі ғұмырнамасын терең зерделеген сайын халыққа қалтқысыз қызмет көрсету жолындағы парасатқа толы кемелді кемеңгерлікке тәнті боламыз. Замандастарының айтуынша, «қазақ қайсы?» десе, «міне, осы деп» көрсетуге тұрарлық тұлғалы да тұғырлы Рахаң сөзге де, іске де нағыз мығым адам екен. Ұлт кадрларын тұншықтырған тоталитарлық жүйенің тамұғын тесіп шығып, еліне ерен еңбек сіңіріп, артында айрықша із қалдырған алғыр азаматтың өмірі өнеге, ісі үлгі. Рахымжан Омарұлы қазақтың кең сахарасын ұлт-азаттық көтер-ілісінің дүлей дауылы шар­пы­ған 1916 жылы Қарағанды об­лысы, Қоңырат ауданының Са­­рытерек ауылында дүниеге келіпті. Оның ат жалын тартып азамат атануы Қазақстанды қасақана «қолдан жасалған» ақсирақ аштық тұралатқан 1932 жылға тұспа-тұс келген. Ол сол жылы Қоңырат аудан­дық комсомол комитетіне қызметке қабыл­данып, Сарыарқаны ажал апанына айналдырған аштық зұлматының небір оқиғаларына куә болып, қолдан келгенше нәубеттің бетін қайтару жолында қайыспай күреседі. Отызыншы жылдары елімізді ерен қиындықтарға тап қылған талай-талай тарих сынынан сүрін­бей өткен Рахаң Ұлы Отан соғысының қарсаңында Алма­ты мал дәрігерлік институтын тәмам­дай­ды. Батыста соғыс өрті тұтанған жылы Павлодар об­лыстық совхоздар тресі­­нде зоотехник болып еңбек етеді. Көп кешікпей ұйымдастырушылық қабі­ле­тімен дараланған жас маман облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы және сов­хоздар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Сұрапыл соғыс жылдары қай жерде де жұмыс істеу жеңіл бол­ған жоқ. Себебі, ауылдағы ер адамдардың бар­лығы әскерге алынған. Оның ішінде Павлодар облысында ауыл шаруа­шы­лығын басқару, оның жұмысын ілгері дамыту аса қиыншылық тудыр­ды. Сол кезде 562 мың гектар ұлан-ғайыр жері бар бұл облыс­та 25 машина-трактор станса­сы, 444 колхоз бен 23 сов­хоз ұйым­дастырылды. Осындай қы­руар шаруаны ауылдағы бала-шаға­ның, әйелдер мен қыздардың күш бірік­тіруімен атқаруға тура келді. Бұл көрген қиындықтары аз болғандай, кейбірінің үйіне қара қағаз келе бастады. «Адам баласы қандай қиын­дық болса да көтере береді екен. Жалғыз баласынан айырылып аңыраған кей ананың дауысын естігенде және еңірегенде етегі жасқа толған, сақалынан аққан тарам-тарам жасты тыя алмай отырған қарияларды көргенде сай-сүйегің сырқырайды, жер басып тұра алмайсың. Не керек, тірі адам тіршілігін жасауға тиіс, ауыл-ауылдарға шығып, естияр балаларды жинап, олар­ды тракторшы, комбайншы ма­мандықтарына оқыта бастадық», – деп еске алыпты сол бір сұрапыл жылдар оқиғасын Рахымжан аға. 1947 жылы Р.Шаяхметовті Қызыл­орда облыстық партия комитеті хатшы­сының орын­ба­сар­лығына, ал 1951 жылы об­лыс­­тық атқару комитеті төр­аға­сының орын­басарлығына, одан кейін Ақмола облыс­тық партия комитетінің хатшы­лы­ғына жоғарылатады. Міне, нақ осы кезеңнен бастап ол 1972 жылға дейін 30 жыл бойы аттан түспей партия, кеңес органдарында табан аудармай адал қызмет атқарды. Осы аралықта, 1954 жылы атақ­ты тың игеру науқаны бас­талды. Облыстық партия коми­тетінің хатшысы ретінде тың игеруге жан-жақтан келген адам­дардың барлығын қабылдап, оларға жағдай жасап, орналас­тыру сияқты күрделі жұмысқа жан-тәнімен араласты, оған айтарлықтай үлес қосты, еңбек сіңірді. «Сол жылдары төгілген тер, еткен еңбек әр түрлі баға алып жүргені рас. Өйткені, пікір әр түрлі, ой топшылау да түрліше. Ал менің ойымша, әрине, мұндай үлкен істе қателіктер болып жа­татынын айтқан жөн. Дей тұр­ғанмен, Ақмола облысының колхоздары мен совхоздары мемлекетке миллиондаған пұт астық тапсырғаны ақиқат. Сол жылдарды есіме алып отырсам, көптеген күрделі жауапкершілік менің мойныма жүктелген екен. Украинаға барып жетекші кадрларды іздес­тіру, оларды жинақтап, астықты аудандарға бөліп жіберіп отыру менің еншіме тиген еді. Одан кейін Мәскеуге сапар шегіп, ас­тықты шаруашылықтарға кө­мек ұйымдастырдық. Тың игеру науқанына келген ұлттардың біздің елге бауыр басып, біздің жергілікті ұлтқа деген шынайы бауырластық, достық ниетін өз көзімізбен көрдік. Біз сол жылдары тек тың игеру жұмысымен шектеліп қалғанымыз жоқ, мал шаруашылығын да дамытумен айналыстық. Астықты аудандар, колхоз бен совхоздар болған соң малмен қоса құс фермаларын аштық, мал санының көбеюіне күш салдық», – деп жазыпты Рахымжан аға өз естелігінде. Р.Шаяхметов 1960 жылы Шы­ғыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Мұнда ол өнеркәсіп саласында ауылшаруашылық базаларын құрды, оның басшылығымен құс комбинаты салынып, облыс­тың экономикасы ілгерілей берді. Білікті басшы 1962 жылы респуб­ликада жаңадан ашылған Батыс Қазақстан өлкесіне қызметке жіберіліп, өлкелік партия коми­тетінің екінші хатшысы болды. Көп ұзамай Батыс Қазақстан өл­кесінің атқару комитетінің төр­ағалығына сайланды. Сол уақыттың өзінде еліміздің мұнай-газ саласының дамуына негіз қа­лады. Ал 1965-1971 жылда­ры ол Целиноград облысы (қа­зір­гі Ақмола облысы) атқару ко­митетінің төрағасы қызметін ат­қарды. Осы қызметті атқарған жыл­дары Рахымжан Омар­ұлы қазіргі Астананың, сол кез­­дегі Целиноград қала­сы­­ның инженерлік инфра­құры­лым­дарының қалып­тасуына, құ­рылыс саласының қар­қынды дамып, әлеуметтік нысан­дардың көптеп салынуына өзінің өлшеу­сіз үлесін қосты. Бұдан кейін 1976 жылы зейнеткерлікке шыққанша еліміздің ет-сүт өнеркәсібі ми­нистрінің орынбасары болып қызмет атқарды. Іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Рахымжан Шаяхметов ат жалын тартып мінген күннен бас­тап, өзінің бүкіл саналы ғұмы­рын еңбек етуге, еңбек етіп қана қоймай, сол еңбекті адал, абыройлы, табысты атқаруға жұмсады. Елің үшін атқарған ерен еңбектің ескерусіз қалуы мүмкін емес. Рахымжан Шаяхметовтің респуб­лика экономикасына қосқан мол үлесі мемлекеттік наградалармен атап өтілді. Ол Октябрь Революциясы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен екі мәрте, Халықтар достығы орденімен және бірнеше медальмен мара­патталған. Рахымжан Омарұлы зейнет­кер­лікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі болды, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдай отырып, егемен­дігімізді нығайту жолында өткізілетін іс-шаралардың ұйыт­қысы бола білді. Елбасының тіке­лей қолдауымен 1995 жылы Же­ңістің 50 жылдығына байланысты Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысты. Иә, Рахымжан Омарұлы қай өңірде болмасын, қандай қызмет атқармасын қарапайым халықтың мүддесінен шығып, ел құрметіне бөлене білді. Ол өзінің жемісті еңбекпен өрілген өнегелі өмір жолында адамгершіліктің асыл қасиеттерін ұлықтап, үлкенге де, кішіге де үлгі болар істерді үкілеп өтті. Тәлімді тұлғаның тәрбиесін алған шәкірттері бүгінде тәу­ел­сіз Қазақстанның экономи­касын дамыту мақ­сатында шаруа­шылықтың барлық салаларында жауапты да лауазымды қызметтер атқаруда. Парасат пайымы зор азамат ретінде де, ірі қоғам және мемлекет қайраткері ретінде де Р.Шаяхметовтің өнегесі ізба­сарларымен жалғасын табуда. Ардақты азаматтың мағыналы да ғибратты ғұмырының ай­шық­ты жал­ғасы, ізгілікті ізі қалды. Жарты ғасыр бір­ге жа­сас­қан өмірлік серігі Бағира Ақылбекқызы екеуінің артында 4 перзент, 7 немере, ондаған шөбере қалды. Шаяхметовтер әулеті бүгінде бір рулы елге айналды. Әулеттің мәуелі бәйтерегі Рахым­жан Шаяхметовтің ғасырлық ғибраты ұрпағына ұлағат. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»