Орталық коммуникациялар қызметінде «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» және үстіміздегі жылдың 10 айындағы еліміздегі қылмыстық жағдайға арналған брифинг өтті. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева есепті кезеңде еліміздегі жалпы қылмыс деңгейі жағдайы 6 пайызға төмендегендігінен хабардар етті.
Келтірілген мәліметке қарағанда, елімізде аса ауыр қылмыстар – 11,4 пайызға, ауыр қылмыстар – 4,5 пайызға, және ауыр емес қылмыстар саны 27,9 пайызға кеміген. Тарқатып айтқанда, кісі өлтіру – 4,1 пайызға (729-дан 699-ға), денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 3,4 пайызға (1 914-тен 1 848-ге) және тонау 10,5 пайызға (10 435-тен 9 342-ге) азайған. Сол сияқты қарақшылық – 9,3 пайызға (731-ден 663-ке), бопсалау – 16,3 пайызға (601-ден 503-ке), алаяқтық – 17,4 пайызға (34 022-ден 28 093-ке) және бұзақылық 36,9 пайызға (20 626-дан 13 024-ке) төмендегені белгілі болды.
Өкінішке қарай, ұрлық саны – 6,3 пайызға (174 617-ден 185 697-ге), ал пәтерлерден ұрлау 22,4 пайызға (31 454-тен 38 501-ге) артып кетіпті. Сондай-ақ, жұмыссыздар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 70 223-тен 79361-ге (13 пайыз) артқандығы да аталды. Әсіресе, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар – 14,3 пайызға (2266-дан 2589-ға), ал алкогольдік және есірткілік заттарды тұтынудан мас күйінде жасалған қылмыстар саны 15,8 пайызға (14 274-тен 16 531-ге) жоғарылаған.
Жол-көлік оқиғалары ағымдағы жылы 4,7 пайызға кеміген көрінеді. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар саны 6,5 па-йызға, ал адам өлімі 4,4 пайызға төмендепті. Жалпы, жол-көлік апатының 90 пайыздан астамы жүргізушілер кінәсінен болады екен. Соның ішінде жүргізушілердің алкоголь немесе есірткі заттарын пайдалануынан мас күйіндегі 505 фактісі тіркелген. Комитет барлық әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы да есеп жүргізетіні аталмай қалмады.
С.Айтпаеваның айтуынша, үстіміздегі жылы елімізде 3,4 млн әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, сол үшін 2,5 млн адамға айыппұл салынған. Өздерінің әрекеттері үшін құқық бұзушылар ел бюджетіне 29,4 млрд теңге төлесе, бұл салынған әкімшілік айыппұлдардың 59 пайызын құрайды екен. Бұған өткен жылдардың айыппұлдары үшін төленген 8,4 млрд-тан астам теңгені қосуға болады. Ал 50 пайыздық жеңілдік құқық бұзушыларға шамамен 7 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Алайда, соның ішінде жылдар бойы қасақана төленбеген бірнеше айыппұлы бар борышкерлер де кездеседі екен.
С.Айтпаева брифингте «Комитет – әрбір үйге» жобасын іске қосқандықтарымен де бөлісе кетті. Бұл ретте, комитет төрайымы жоба сатып алайын деп отырған үйіңіз орналасқан аумақтың қауіпсіздігін алдын ала білуге және кейін сатқанда да оңай болуы үшін ол жердің қаншалықты тыныш екендігін анықтауға мүмкіндік беретінін де айтып өтті. Ал ата-аналар болса балаларының мектепке баратын ең қауіпсіз жолын таңдап ала алады екен. Жалпы, осы жылдың шілде айында Ақпараттық сервисті күніне 6 мың адам қараса, қазан айында ол көрсеткіш 13 мыңға жеткен.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»