Қадір тұтар ағамыз, әріптесіміз Кеңес Жалмұханбетов осыдан 80 жыл бұрын, 1936 жылдың 4 қарашасында Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бурылбайтал ауылында дүниеге келген. Әкесі Жексенбек ақсақал да халқына қалаулы, еліне елеулі болып көп жылдар бойы аталған жерде ауылдық кеңестің төрағасы болыпты. Анасы Қадиша да еліне сыйлы ақылшы әже атанса керек.
Өз басым Кеңес ағамен өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шенінде ол Қазақ КСР Жоғарғы сотының судьясы болып жүрген кезінде танысып, ағамыздың бұған дейін де еңбек жолдарынан абыроймен өткен қызықты да мағыналы өмірбаянын біле бастадым.
Дәлірек айтқанда, 1959 жылдан 1962 жылға дейін «Қазақстан Магниткасы» аталған Теміртау металлургия комбинатының №1 Домна пешінде жұмысшы болып, тарихта қалған 1960 жылдың 3 шілдесінде сол уақытта жас горновой, еліміздің болашақ тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Қазақстанның алғаш рет шойын балқымасын алуға қатысқаны өз басыма үлкен әсер қалдырды. Кенекең болса: «Мен Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен сол тарихи сәтте бірге болғанымды әрқашан мақтан тұтамын», деп сол кезді әлі де есіне алып отырады.
Бұдан бұрын геологиялық кен барлау партиясында бұрғылаушы болып, қарапайым жұмысшыдан бастаған Кеңес Жексенбекұлының өмір жолында тағы да маңызды өзгеріс болды. Комсомол комитетінің жолдамасымен белсенді, алдыңғы қатардағы жас азамат ретінде Ішкі істер министрлігінің Теміртау қаласындағы социалистік меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінің (ОБХСС) қызметкерлігіне жіберіледі. Осы жұмыста біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, жоғары білімді заңгер мамандығын иеленді. Елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті дамыту мен нығайту ісіне біржолата түсіп, демократиялық құқықтық мемлекет құру ісіне белсенді түрде араласып кетті.
Ол 1968 жылдан бастап он шақты жыл бойы Приозерск қаласындағы мамандандырылған соттың төрағасы болды. Сот төрелігін атқарудағы принципшілдігі мен іскерлігі ескеріліп, еліміздегі сот жүйесінің ең жоғары сатысы – Жоғарғы сотқа қызметке шақырылады. Сөйтіп, 1981-1986 жылдары Жоғарғы соттың судьясы, Алматы қалалық Әділет басқармасының бастығы, Торғай облыстық сотының төрағасы, Алматы облыстық сотының төрағасы қызметтерін атқарды.
Сот саласындағы осы аталған күрделі де үлкен еңбек жолдарынан өткен Кеңес Жексенбекұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған Конституциялық сотта да жұмыс істеді, яғни 1992-1995 жылдары мәртебесі жоғары Конституциялық соттың судьясы болды. 1996 жылы юрисдикция сот саласына жұмысқа қайта шақырылып, Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының судьясы қызметін атқарды. Бұл ағамыздың Жоғарғы сотқа үшінші рет оралуы еді. Кеңес Жалмұханбетов 2004 жылдың аяғына дейін жұмыс істеп, Жоғарғы соттың судьялық қызметінен құрметті демалысқа шықты.
«Еңбек ету бар, еңбекті бағалау бар» дегендей, Кеңес Жексенбекұлының қажырлы еңбегі, отыз бес жыл бойы судья болып, сот төрелігін атқару ісіне қосқан еңбегі елеусіз қалған жоқ. Президенттің Жарлығымен «Құрмет» орденімен, көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталып, «Қазақстан Республикасының құрметті судьясы» атанды. Сот әділдігінің символы іспеттес болған «Үш би» төсбелгісінің иегері, «Приозерск қаласының құрметті азаматы» деген атағы, басқа да көптеген марапаттары бар. Бүгінгі таңда ағамыз Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының отставкадағы жоғары білікті ардагер судьясы.
Еліміздің Конституциясында «Мемлекеттік биліктің бір тармағы – сот билігі» деп жазылғандай, үш биліктің бір шыңы – соттар өз биігіне беттеп келеді. Ал бұл сот жүйесінде жүргізілген түбегейлі реформалардың тікелей нәтижесі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаевтың «Соттың абыройы – мемлекеттің абыройы» деп нақты қамқорлық жасауының арқасы. Осы орайда айта кетер болсақ, республикамыздың сот жүйесін егемендік алған кезеңнен бастап басқарған Жоғарғы сот төрағаларының, соның ішінде қазір де сот жүйесін басқарып отырған Қайрат Әбдіразақұлы Мәмидің сот жұмысын жақсартып, реформалаудағы еңбегі ұшан-теңіз.
Бұл жағдайға тоқталып отырғанымыз, осы мақаланы жазуға арқау болған Кеңес Жалмұханбетов те Жоғарғы соттың судьясы ретінде күнделікті өзінің тікелей қызметтік міндеттерімен қоса, сот жүйесін реформалау, оның деңгейін озық үлгідегі халықаралық стандарттарға дейін көтеріп, жақсарту ісіне үнемі өз үлесін қосып келеді.
Сот билігінің қоғамдағы орны мен маңызы қашанда жоғары. Бұл тұрғыда судьялардың мәртебесі артып, бұқара халықтың сеніміне ие болуы үшін олардың өздері қандай болуы керек? Кеңес аға мемлекет тарапынан судьялардың әлеуметтік-материалдық хал-ахуа-
лын көтеру бағытында қандай шаралар керектігі туралы өз пікірін білдіріп, сан рет мақала жазды. Сондай-ақ, бұл мәселені заңгерлер бас қосқан түрлі мінберлерден айтып, әрқашан көтеріп жүрді.
Осы бағыттағы күнделікті басылымдардан басқа ағамыздың «Судебная реформа в Казахстане: взгляд изнутри» атты кітабы да, «Система судебных органов. Республика Казахстан» деген көлемді мақаласы да жарық көрген болатын. Осы жылдар ішінде Кеңес Жалмұханбетовтің басқа да кітаптары шықты. Бұл еңбектерінде ол 1955-2012 жылдар аралығында өзімен қатар жүрген адамдардың адамгершілік, отансүйгіштік, адалдық пен әділеттілік сынды қасиеттерін баяндайды. Ал кітаптарын өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні болсын деген игі мақсатпен жазған еді.
Бұдан басқа, 2010 жылы жарық көрген «Ғасырлар белесі» атты кітабында Кеңес Жексенбекұлы көшпелілер жайындағы тарихи шындық пен қазақ халқының ұлы хандары, атақты билері мен батырлары туралы құнды тарихи деректерді сәтті топтастырып, оқырман үшін қарапайым да түсінікті тілмен жазып шыққан. Яғни, еңбегінде ел аузындағы тарихи мәліметтер мен аңыз әңгімелерді, сондай-ақ бабалардың, қазақ даласының атақты данышпандары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің ұлағатты сөздері мен мұрағат қорларын да орынды пайдаланған.
Жоғарғы соттың судьясы бола жүріп, сот төрелігін атқару ісімен қатар, Кенекең қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласты. Ол 1998-2001 жылдары Жоғарғы соттың жанындағы тәртіптік алқаның төрағасы, біліктілік алқасының мүшесі болды. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмады. Республика Судьялар одағының хатшысы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыстармен айналысты.
Жоғарғы сот ұжымы бұл кісіні «біздің ақсақал» деп ардақтайды. Кеңес ағаның азамат ретіндегі басты ерекшелігі – қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі, парасаттылығы мен мәдениеттілігі, айналасындағыларға мейірімділігі. Ал отбасылық жағдайына келетін болсақ, Кеңес Жалмұханбетов – үлгілі отбасының отағасы. Зайыбы Алтын Мәмбетқызымен Теміртау қаласында танысып, бас қосып, елу жеті жыл бойы жұптары жазылмай тату-тәтті өмір сүріп келеді. Екеуі табысқан кезде Алтын жеңгеміз Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітіріп, Қазақстан Магниткасының ән-би ансамблін басқарып жүрген кезі екен.
Кеңес аға мен Алтын жеңгеміз ұл-қыз өсіріп, олардан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Біз қуаныштары ұзағынан болсын деген ізгі тілегімізді білдіреміз. Екіншіден, осындай шағын мақалада Кеңес Жексенбекұлының өмір жолын, өткен белестерін, өмірдегі жетістіктері мен қуаныш-
ты сәттерін, әр адамның басында кездесетін «әттеген-ай» деген кезеңдерін толық қамту мүмкін емес. Қолымызға қалам алғандағы басты мақсатымыз –әріптесіміз, үлкен аға, ақылман досымыз, замандасымыз Кеңес Жалмұханбетовті мерейлі жасымен құттықтай отырып, ағамызға, зайыбы Алтын жеңгемізге мықты денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр тілейтінімізді білдіру еді.
Амангелді РЫСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының отставкадағы судьясы