04 Қараша, 2016

Қазақстанның «Батыр» тракторы 20 жыл пайдалануға жарайды

391 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
petropavl-traktor-zauyty «Батыр» деген атауға ие болып, облыстың индустрияландыру картасына енгізілген жетінші жоба өндіріске жолдама алды. Қызылжар өңірінде ресейлік инвесторлармен бірлесіп қолға алынған озық жобалардың біріне «Батыр» деген атпен алып техникалардың шығарыла бастағанын жатқызуға болады. Алғашқы аяқалыс жайлы «Петропавл  трактор зауыты» бірлескен кәсіпорнының бас директоры Сергей Шинкаренкомен сұхбат. – Сергей Алексеевич, тың идея қалай туды, неден басталды? – Саналы ғұмырым жер-­­ананы баптап-күтуге, ел ризығын өсіруге арнал­­ған­­­дықтан, ауыл шаруа­шы­­лығының жайын бір кі­сі­дей білемін. Кеңес заманын­да көктемгі, күзгі дала жұ­мыстарына негізінен Ресейде шығарылған техникалар жұмыл­дырылатын. Обалы нешік, сапасы жағынан мін айта алмайтынбыз. Өкініштісі сол, қашан тоз-тозы шыққанша пайдалануға мәжбүр болатынбыз. Ауыстырылмайтын, жаңаланбайтын. Қосалқы бөлшектер табу бір қиямет еді. Тапсырыс беріп, сарыла күтетінбіз. Болмаса шеберханаларда, цехтарда жасауға тура келетін. Тәуелсіздік жыл­­­дар бедерінде бұл салада бағындырған белестеріміз аз емес. Мемлекеттің қуатты қолдауы арқасында отандық техникалар құрастыратын кәсіпорындар пайда болып, қазақ­­стандық мазмұнмен то­лыға бастады. Оның үстіне сервистік қызмет көрсету әлдеқайда оңайланды. Десек те, орасан қаражатты қажет ететін салаға екінің бірі тәуе­кел етіп, инвестиция құя алмасы белгілі. Қайтарымы қалай болары ойлантады. Бәсекеге қарымды әрі қол­жетімді жергілікті өндіріс орнын неге құрмасқа деген ой мені көптен бері мазалайтын. Бірде бағасы удай болса да, шетелдік егіс кешенін алуға тура келді. Қарсы тараптың уәжіне ештеңе дей алмадым. Моно­полист болғаннан кейін дегеніне көндірді. Басқа таңдау жоқ. Қыж-қыж қайнап жатқан нау­қанды бір сәт тоқтатуға да, босаңсытуға да болмайды. Күз­­гі жиын-терін аяқталған соң Санкт-Петербург трактор зауытына арнайы барып, тыныс-тіршілігін зерделедім. Ішкі-сыртқы нарығына, ұсы­ныс-сұранысына барлау, талдау жасадым. – Питерліктердің бір кез­дері «К-700» тракторын шығарумен атақ-даң­қы алысқа кеткен жоқ па? – Әлі де осы дәстүрлеріне берік. Алғашқы «Фордзон-Путиловец» тракторы осында 1924 жылы құрастырылыпты. Одан бергі кезеңде цехтар бір­неше күрделі жаң­ғыр­тулардан өтіп, 1960-жылдары «Кировец» тракторлары құрастырыла бастаған. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде астық өндірушілерге жарты миллионға жуық техника бірлігі жөнелтіліп, әлі күнге дейін өз маркасын жо­ғал­тқан емес. Тарихы әрі­ден басталатын Путилов, Ки­ров зауыттарының ізін Пе­тер­бург трактор зауыты сабақ­тас­тықпен жалғастырып ке­ле жатқанына, заман ағы­­м­ына орай үйренетін көп­ жа­ңалықтар барына көз­ жеткізіп, нәтижесінде бір­лес­кен өндіріс орны ұйым­дас­тырылды. – Биыл Елбасының қа­ты­суымен өткен жалпыұлттық те­­ле­көпірде «Батыр» трак­торының таныстырылымы күткендегідей болды ма? – Әрине. Біріншіден, Пре­зи­дент Индустрияландыру картасының екінші бес­жыл­дығына енгізілген жобаларға зор талап қойды. Екіншіден, жыл өткен сайын аграрлы аймақта егіс алқаптарының көлемі артып келеді. Ал жер өңдейтін техникалардың басым бөлігінің қолданыста жүргеніне 15-20 жылдан асқан. Сондықтан озық 30 жобаның қа­тарына енуі, Мемлекет басшысының кәсіпорынды сал­танатты түрде ашуы біз үшін зор мәртебе болумен қа­тар, үлкен жауапкершілік жүктейді. – Көпшілік арасында­ жаңа өнім көшірме бо­­лып­ кетпей ме деген­ алаң­дау­шы­лық жоқ емес. Бұл жағы қалай ойластырылған? – Бұл тақылеттес сауалдар маған да аз қойылмайды. Бірлескен кәсіпорын келешекте өңірдегі ауылшаруашылық техникаларына деген қажет­тіліктің үштен бірін өтейтін болады. Техникалық жағынан ал­сақ, Ресейде «К-704-4р» трак­торы он жылдан бері шы­ға­ры­лып келеді. Оған қарағанда «Батыр СК» әлдеқайда жеті­л­дірілді. Жергілікті инженерлер теріскейдің қатал климаттық жағдайын ескеріп, бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтар болсақ, гидравлика мен пор­шень сорғылары өзімізде орнатылады. Сондай-ақ, рамалар, кабина дизайндары, бак, капот құрылымдары елеулі өзгерістерге ұшырады. Сөйтіп, қазақстандық үлес 40 пайызға жуықтады. Ресейлік әріптестер зау­ыт құрылысының бірінші кезеңіне 1,2 миллиард теңге инвестиция құйып, заман­ауи құрал-жабдықтар орнатылды. «К-704-4р» маркалы техниканың қазақстандық баламасы жуырда құрас­ты­рылып, жыл аяғына дейін 20 бірлікке жеткізетін бола­мыз. 48 адам жұмыспен қам­ты­лып, жылдық қуаттылық 120 тракторға дейін өседі. Пай­да­лануға он жыл кепілдеме беріл­генімен, 20 жылға дейін үз­дік­сіз қызмет ете алады. Та­ғы бір артықшылығы, кез кел­ген ауылшаруашылық техни­каларымен жұмыс істей алатындығы. – Бірлескен кәсіп­орын­ның талпынысы қуантады. Енді өнім өткізу жайы қалай болар екен? – Астанада ұйымдас­ты­рылған «KazAgro/Kaz­Farm-­2016» халықаралық көр­ме­ге өнімдеріміз қойылып, жо­­ға­ры баға алғаны бізді қа­наттандырады. Бірқатар ұсы­ныстар түсті. Қай-қайсысы бол­сын қолжетімділігіне ра­зы. Шетелдік техникаларға қа­ра­­ған­да үш есе арзан. Со­сын «Қазагроқаржы», «Тех­но­лизинг», «Рос­агро­лизинг» ар­қылы жеңіл­­дікпен де алуға бола­ды. «Батыр» Қазақстан бой­ын­ша жасалған алғашқы отан­дық өнім екенін ескерсек, алушыл­ар қатары көбейері анық. Келешекте егіс кешенін шығаруды белгілеп, қосымша бір цех жабдықталды. Мұндай өндіріс орны елімізде әзірге жоқ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы