Жақында өңірлер арасындағы кәсіби біліктілік пен тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Шығыс Қазақстан облысына барып қайтты. Сапар барысында жамбылдықтар алдымен «Восток-молоко» ЖШС-нің Өскемендегі сүт зауыты жұмысымен танысты. Мұнда тәулігіне 40 тонна сүт өңделеді екен. «Сұраныс көбейіп жатса, сүт мөлшерін 200 тоннаға дейін көтеріп, қажет емес жағдайда 10 тоннаға дейін түсіре аламыз. Одан зауыттың шығыны артпайды» дейді кәсіпорын директоры Сейілжан Сайлаубаев. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуына қарағанда, «Восток-молоко» ЖШС елімізде алғаш рет сүт өндірісіне роботтандырылған жүйе енгізген кәсіпорын. Енді табиғи өнімдерін Қытай нарығына шығармақ.
Әрине, «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деген, әулиеаталық кәсіпкерлер ол жақтағы жұрттан ұят болмасын деп бір керуен жетектеп баруды жөн санапты. Биыл Жамбыл облысының қамбасы тоқ. Бұл күні Өскемендегі «Fresh Науket» логистикалық орталығында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, әулиеаталық тауар өндірушілері жаймаға жалпы құны 95,7 млн теңгені құрайтын 154,3 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарларын қойды. Оның ішінде 20 тонна ет, 1,4 тонна тауық еті, 5 тонна шұжық, 16,2 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 1,5 тонна кондитерлік және 6 тонна макарон өнімдері, 5 тонна қант, 0,5 тонна тұз, 5 тонна балық, 1,2 тонна бал және 87,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Ең бастысы, бұл жәрмеңкедегі тауар бағалары нарық бағасынан 5-20 пайызға төмен болды.
«Меркіде ірімшік шығаратын зауыт бар. Сондықтан сүт өнімдерін көптеп жеткіздік. Бір ғана Меркі ауданынан 15 кәсіпкер өз өнімдерін апарды. Халықтың жеміс-жидекке деген сұранысы керемет болды. Әсіресе, еттің саудасы қызды», дейді бұл жөнінде Меркі ауданы әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжаппаров.
Бүгінде Шығыста Жамбыл облысының 97 түлегі «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда. Екі облыстың әкімдері осы студенттермен кездесіп, хал-
жағдайларын сұрады. Арман қуып, білім жолына түскен жамбылдық жастар қамқоршы ағаларына алғыстарын жаудырып, Шығыс жерінде еңбек жолын бастауға дайын екендіктерін жеткізді. Тағы бір айтары, бұл күні Оңтүстік жақтан келген студенттер жәрмеңкеге барып, туған жердің дәмінен ауыз тиіп, арзан азық-түлікті мол етіп арқалап қайтты.
Глубокое ауданының Солнечное кентінде орналасқан «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС – майлы дақылдардың тұқымын іріктеп, асылдандырумен шұғылданатын еліміздегі санаулы кәсіпорындардың бірі. Ал «Бобровка+» ЖШС-нің роботтандырылған сүт өңдеу фермасында қазіргі кезде 800-ден астам ірі қара малы бар екен. Барлық жұмыс, яғни мал азығын беру, сауу, сиырлардың жағдайын бақылау толығымен автоматты түрде жүргізіледі. Кәсіпорында бүгінде 70 адам еңбек етуде. Кәрім Көкірекбаев осы кәсіпорындарға арнайы мамандар жіберіп, тәжірибе алмасу жөнінде ұсыныс айтты.
– Бұл кездесу екі жаққа да тиімді болады деп ойлаймын, – дейді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. – Біздің өңір аграрлық өлке саналатындықтан, биыл ауылшаруашылық саласында мол өнім жинадық. Сондай-ақ, еліміздегі химия саласының 30 пайызы Әулиеата өңірінің үлесінде. Жамбыл облысынан минералды тыңайтқыштар, құрылысқа қажетті қоспалар, ұн-макарон өнімдерін тасымалдауға әзірміз.
Кездесу соңында Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облыстарының ықпалдастығы жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
Суретті түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН