04 Қараша, 2016

Ынтымақтастықтың жаңа қырлары

252 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында ресми сапармен болып қайтты, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз қызметі. Делегация құрамында ҚХА Төрағасының орынбасары Е.Л.Тоғжанов, Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.К.Божко, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Н.В.Жұмаділдаева, А.С.Мурадов, Қазақстан Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Л.А.Прокопенко бар. Сапар аясында ҚХА делегациясы Ресей мен Еуразия халықтары форумының пленарлық отырысына қатысты. Ералы Тоғжанов өз сөзінде ресейліктерді Халықтар бірлігі күнімен құттықтады. «Қазақстан мен Ресей – тек стратегиялық серіктестік, достық байланыста ғана емес, сондай-ақ қарапайым адамдар арасындағы қарым-қатынастарымен ерекшеленетін мемлекеттер. Бүгінде миллиондаған қазақ Ресейде өмір сүрсе, миллиондаған орыс Қазақстанда тұрады. Бұл Қазақстан мен Ресей халықтарының бауырластығы, өзара сенімі мен құрметінің белгісі», – деді ол. Делегация мүшелері Ресей Президенті Әкімшілігінің басшысы, Ресей Президенті жанындағы Ұлтаралық қатынас бойынша кеңестің жауапты хатшысы М.Магомедовпен, Мемлекеттік Дума Ұлттар жөніндегі комитеттің төрағасы И.Гильмутдиновпен, Ұлттар ісі жөніндегі федералды агенттігінің меңгерушісі И.Бариновпен, Ресей халықтары Ассамблеясының төрағасы С.Смирновамен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында Қазақстан мен Ресейдің өзара ықпалдастығының өзекті мәселелері, қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз етудегі, азаматтық біртектілік пен бірлікті нығайтудағы тәжірибе, ынтымақтастықтың жаңа қырлары, сондай-ақ, И.Баринов бастаған 11 қарашаға жоспарланған ресейлік делегацияның Қазақстанға сапары талқыланды.