Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті. Басқосу «Ақпаратқа қол жеткізудің өзекті мәселелері» тақырыбына арналды.
Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан отырысты Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев ашып, кіріспе сөз сөйледі.
– Бүгін біз комитеттің көшпелі отырысын Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде өткізіп отырмыз. Мақсатымыз – осыдан бір жыл бұрын қабылданған «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңның орындалу барысын талқылау. Өздеріңіз білесіздер, осы заңның қабылдануына біздің комитет бастамашылық жасаған-ды. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасы аясында қабылданған болатын, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан әрі ол бүгінгі қарастырылып отырған мәселенің қоғамымыз үшін маңыздылығын атап өтті.
– Аталған заң қоғамымызда маңызды рөл атқарады. Бұл заңды дайындау барысында мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ұсыныс-пікірлері қаперге алынып, барынша ыждаһаттылық танытылды. Халықаралық тәжірибелерге де назар аударылды. Осылайша қабылданған бұл заң отандық және шетелдік сарапшылар тарапынан да лайықты бағасын алды. Тіпті, ақпараттық қоғам мәселелерін қарастыратын әлемдік деңгейдегі форумда да /The World Summit on the Information Society/ Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңы жоғары бағаланып, оның уақыт талабына сәйкестігі, жаңашылдығы және басқа да ерекшеліктері атап өтілген болатын. Біздің осы заң 2016 жылдың мамырында ақпараттық кеңістіктегі барлық жобаларға арналған конкурста бірінші орын алды. Осы форумда, сондай-ақ, Қазақстанда азаматтардың ақпаратқа қол жеткізуіне мейлінше жақсы жағдай жасалып отырғаны, мемлекеттік органдардың ашықтығы айтылды, – деді комитет төрағасы.
Бұдан кейінгі сөз Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа берілді. Министр бірінші кезекте бүгінгі талқыланып отырған мәселенің өзектілігіне екпін бере отырып, қазіргі таңда нақты қолға алынған істерге тоқталды.
– Жалпы, азаматтарды ақпаратпен қамтамасыз ету – біздің министрліктің негізгі міндеті. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңның қабылданғанына шамамен 1 жылға жуықтады. Бүгін бізге жұмыстарымыздың аралық нәтижесін анықтау маңызды. Заңды жүзеге асыру үшін нормативтік база құру жұмыстары аяқталды, – деді министр. Бұдан бөлек, Д.Абаев осы жылдың мамыр айында өткен Ұлттық комиссия жұмыс тобының отырысында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан өз өкілдерінің ақпаратқа қолжетімділік мәселелері жөніндегі комиссияның құрамына кіруі туралы ұсыныс болғанын жеткізді.
– Біз биылғы қыркүйек айының соңында ақпаратқа қолжетімділік мәселелері жөніндегі комиссияның жаңа құрамын бекіттік. Оның құрамына аталған ұйымдардың өкілдері кірді. Біз комиссия құрудағы бұл жұмыстардың созылып кеткендігін түсінеміз. Бірақ, ол Ақпарат және коммуникациялар министрлігін құруға байланысты бірқатар ресімдік мәселелерді шешуге байланысты болды. Қазіргі уақытта барлығы шешімін тапты. Аталған комиссияның бірінші отырысы 15 қарашаға белгіленіп отыр, – деді Дәурен Абаев.
Сонымен қатар, спикер заң нормаларын халыққа түсіндіру мақсатында тиісті шаралар атқарылып келе жатқанын атап өтті.
– Халықаралық ұйымдардың еліміздегі өкілдіктері бірлесіп Қазақстан өңірлерінде семинарлар өткізілуде. Оған мемлекеттік қызметшілер, жергілікті өзін өзі басқару органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері белсене қатысуда. Бүгінге дейін Шымкент, Петропавл, Қарағанды, Көкшетау, Алматы, Ақтау және Орал қалаларында семинарлар ұйымдастырылды, – деді министр.
Сонымен қатар, спикер бұл семинарлардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, халық ақпаратты қалай алу, қалай пайдалану керектігін білуі тиіс.
Бұған қоса, Дәурен Абаев орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына заңға сәйкес мониторинг жүргізіліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол үстіміздегі жылғы қазан айында жүргізілген соңғы мониторинг нәтижесінде орталық мемлекеттік органдардың арасынан – Энергетика министрлігі, Әділет министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі сайттары, ал жергілікті органдардың ішінен Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының сайттары анағұрлым жақсы деңгейде екенін көрсетіп бергенін айтты. Министрдің сөзіне қарағанда, биылғы сәуірде жүргізілген бірінші мониторинг нәтижелерімен салыстырғанда, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының жұмыстарында ілгерілеушілік байқалған.
Одан әрі министр интернет желілеріне талқылауға шығарылған заң жобалары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерге ел тұрғындарының пікір білдіруі төмен деңгейде екеніне назар аударды.
– Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Ашық Үкімет» интернет-порталын техникалық жағынан қамтамасыз ету және оның жұмысын жолға қою бағытында кең ауқымды шараларды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» интернет-порталында орналастырған нормативтік-құқықтық актілер, оның ішінде заң жобалары мен мемлекеттік қызметтер стандарттары саны 4 мыңнан асады. Оларға қатысты 120-дан астам ғана пікір білдірілген, – деді министр. Осыған орай Д.Абаев 4 мыңнан астам жобаға небәрі 120 ғана пікірдің жазылуы тым аздық ететіндігін жеткізді.
– Қазір біз ұсынып отырған ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша заң жобасына небәрі 9 ғана пікір жазылған. Мұның себептерін қарастыратын боламыз, – деді министр. Сондай-ақ, Дәурен Абаев биылғы 9 айдың қорытындысында бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері «Ашық бюджет» порталына 3 867 бюджеттік бағдарламалар жобасын орналастырғанын, оның ішінде бүгінгі күні 365 жоба әжептәуір талқылану үстінде екенін жеткізді.
Сонымен бірге, министр биылғы жылдың соңына дейін Қазақстанда «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» порталы іске қосылатынын айтты.
– Жыл соңына дейін «Ашық Үкімет» жобасын іске асыру аясында «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» порталы іске қосылатын болады, онда мемлекеттік органдардың қызметін бағалау қорытындылары туралы ақпарат, аумақтардың стратегиялық жоспарлары орналастырылады. Сондай-ақ, біз мемлекеттік органдардың қызметін көпшілікпен талқылауды да жоспарлап отырмыз, – деді Д.Абаев. Сондай-ақ, министр 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік органдардың алқа және ашық отырыстарының онлайн-көрсетілімін міндетті өткізу туралы заң талабы күшіне енетінін мәлімдеді.
– Үкімет отырыстары интернет желісі арқылы тікелей эфирде көрсетіліп жүргенін білесіздер. Біз басқа да мемлекеттік органдардың тікелей эфирге шығуға дайындығы туралы ақпарат жинап әрі осы бағыттағы түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстың нәтижелері ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында ұсынылады, – деді спикер.
Бұдан кейін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-тың басқарма төрағасы Абай Дүйсенов «Ашық үкімет интернет-порталдарының дамуы туралы», Еуразиялық ықпалдастық институты директорының орынбасары Ләззат Түсіпова «Ақпаратқа қолжетімділік заңнамасы мониторингінің нәтижесі туралы», Орталық Азия бойынша Коммерциялық емес құқықтық халықаралық орталығы құқықтық ортаны жетілдіру бағдарламасының басшысы Гүлмира Кужукеева «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңның қабылдануына бір жыл: мәселелер, үрдістер, ұсынымдар», «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының мүшесі, «Ашық Үкімет» бағытының басшысы Ерсайын Оспанов «Ақпараттық жүйеге қол жеткізуді одан әрі жетілдіру» тақырыптарында сөз сөйледі. Олардың сөздеріне қарағанда, халыққа ақпараттың қолжетімді болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар баршылық, дегенмен, бұл бағытта әлі де болса көптеген шаралар қолға алынуы тиіс.
Жиын соңына қарай отырыста қаралған негізгі тақырып төңірегінде пікір алмасулар болды. Қатысушылар қарапайым жұртшылықтың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. Олардың тарапынан бірқатар сыни ескертпелер де айтылды. Бұл ескертпелер алдағы уақытта қаперге алынатын болды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»