04 Қараша, 2016

Қызылордада «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табысталды

681 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімінің орынбасары Жәлиев Нұрхан Бұхарбайұлы Қызылорда қаласының 30 батыр аналарын Елбасының Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларымен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Тәуелсіздіктің 25 жылында бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты арқаулы құндылықтар қалыптасты. Осы игіліктердің қайнар бастауында ұлтымыздың ұлылығын ұлықтаған, берекелі тірлікке қамқоршы, тілектес болған аналарымыз бен қыз-келіншектердің тұрғандығы аян. Сондықтан, мемлекетіміздің демографиялық дамуына және тек бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің ең басты байлығы - адами капиталының артуына үлкен үлес қосып, көп балалы ана атанып, ұрпақтың ертеңі үшін, «барым балам үшін» деген Сіздерді бүгінгі күннің нағыз батырлары ретінде мақтан етеміз», - деген қала әкімінің орынбасары, батыр аналарды барша қала тұрғындарының атынан марапаттарымен құттықтады. Жалпы Қызылорда қаласы бойынша бүгінде 3 мың 500 батыр ана болса, төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған жас аналардың саны 6 мыңға жуықтады. 7 мың 500 отбасының балаларына мемлекеттік балалар жәрдемақысы төленуде және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға, жалғызбасты аналарымызға үйден әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.