04 Қараша, 2016

Словакия Қазақстанмен саяси ынтымақты дамытқысы келеді

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елордаға ресми сапармен Словакия Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі Мирослав Лайчак келді. Сапар барысында ол еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесіп, қос тарап журналистерге бірлескен брифинг өткізді. Ерлан Ыдырысов Мирослав Лайчактың сапары достық сипатқа негізделгенін,  бұл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен үлес қосатынын атап өтті. «Құрметті қонақ біздің елімізге үлкен делегациямен, оның ішінде бизнесмендермен бірге атбасын тіреп отыр. Біз кездесу барысында келелі мәселелерді талқыладық. Словакия Қазақстан секілді бейбітсүйгіштікті, өзара сенімге негізделген ынтымақтастықты нығайту секілді қағидаттарды ұстанады. Бұл ел Қазақстанның ядролық қарусыздану саясатын, басқа да бастамаларын толық қолдайды. Біздің саяси мәселелерге қатысты өзара түсіністік қарым-қатынас орнаған. Алдағы уақытта да екіжақты формат аясында елдер арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастық үдерісін жандандыруға айрықша мән беретін боламыз. Өкінішке қарай, сауда айналымы әлі де өз деңгейінде емес, алайда, оны дамыту үшін біздің әлеуетіміз жоғары. Мәселен, Словакияның қайта өңдеу, өнеркәсіптік және индустриалдық салалардағы әлеуеті жақсы. Мұндай көрсеткіш қос тарап арасындағы өзара әріптестікті дамытуға сеп болады деп ойлаймын», – деді сыртқы ведомство басшысы. Оның айтуынша, алдағы уақытта екі ел арасында Іскерлік кеңес құрылмақ. Сондай-ақ, инвестициялық климатты жандандыруға мән берілмек. «Бүгінде бизнес ортадағы әріптестік мәселесі де жақсы жолға қойылған.  Қазіргі таңда 25 бірлескен кәсіпорынның тетігі іске қосылған», – деді Е. Ыдырысов. Мирослав Лайчак өзінің Словакияның Сыртқы және еуропалық істер министрі ретінде Астанаға алғаш рет келіп отырғанын жеткізді. «Қазақстан –үлкен жетістіктерге қол жеткізген ел. Алдағы уақытта бұл елде үлкен шара, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Бұдан бөлек, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Бұл – үлкен жауапкершілік, сонымен қатар, үлкен абырой», – деді М. Лайчак. Оның айтуынша, Словакия – Қазақстанмен  саяси үнқатысуды одан әрі жандандыруға мүдделі елдердің бірі. «Біз бұдан бөлек, сауда-экономикалық ынтымақтастық тетігін одан әрі бекітетін боламыз. Сонымен қатар, білім, мәдениет, туризм секілді салалардағы жоғары әлеуетке сай әріптестігімізді дамыта бермекпіз», – деді Словакияның Сыртқы және еуропалық істер министрі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»