05 Қараша, 2016

Ғылымның жетістігі экономикаға интеграциялануына тәуелді

441 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстанның Вице-премьері Иманғали Тасмағамбетов Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияны ынталандыру» жобасы аясында құрылған Ғылым және коммерцияландыру бойынша Халықаралық кеңесінің мүшелерімен ресми кездесу өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Кеңес құрамына 2 қазақ­стан­дық және 5 шетелдік сарап­шы енді: Селуччи Томос Эн­тони – АҚШ президенттері Барак Оба­ма мен кіші Джордж Буш тұсын­дағы коммерция­ландыру жө­ніндегі кеңсенің бұрынғы дирек­торы, Азулай Эрик Кале – кеңес төрағасы, коммерцияланды­ру технологиясы бойынша сарапшы, Чанбаша Башир – мұнай химиясы және нанотехнология саласындағы 2005 жылғы Азия­ның үздік зерттеуші-сарапшысы, Мартин Эмиль – University of Texas Health Science Center in Houston, McGovern School of Medicine оқу орнының профессоры, Маджиди Мехди – әлеуметтік инновациялар (инклюзивті), денсаулық сақтау саласындағы шағын және орта әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша сарапшы, Оңтүстік Корея үкіметіндегі жұмысшы тобының сарапшысы, Асқар Арынғазин – физика-математика ғылымдарының докторы, 70-тен аса ғылыми еңбектің авторы, Аюп Ысқақов – биология ғылымдарының докторы, 105-тен аса ғылыми еңбектердің авторы. Қазіргі уақытта Ғылым және коммерцияландыру бойынша халықаралық кеңестің мүшелері ағымдағы жылғы тамыз айында өткен байқаудың үздік жобаларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде. Гранттық байқауға барлығы 400-ден аса өтініш тапсырылды. Ғылым және коммерция­ландыру бойынша Халықаралық кеңестің мүшелері 71 жобаны іріктеп алды. Дәл қазір құжаттар конкурстық іріктеудің екінші кезеңінен өтуде. Оның ішінде 30 жоба анықталып, гранттық қаржыландыруға ие болады. Кездесу барысында Иманғали Тасмағамбетов жаңартылатын энергия, нано және биотехнология, роботты техника сияқты заманауи салалардағы жобаларды әзірлеуге көңіл бөлу қажеттігін атады. «Байқоңыр ғарыш айлағының халықаралық мәртебесін ескерсек, біздің еліміз үшін аэроғарыш саласындағы жобаларға басымдық беріледі», деді Вице-премьер. «Кез келген мемлекет үшін ғылымның маңызын өздеріңіз жақсы білесіздер. Еліміздің жетістігі бұл саланың қаншалықты дамығаны және экономикаға бағытталғанына тәуелді. Тәуел­сіздік жылдарындағы Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен, сондай-ақ, халықаралық қаржы инс­титуттарының табысты жұмысы нәтижесінде алғаш рет ғылым­ның дамуына қомақты қаржы бө­лініп отыр. Бұл мәселеде ғылыми ізденістің бұдан әрі қар­жыландырылуы отандық ғылымды дамыту жұмыстарының тиімділіне және дұрыс жүзеге асырылуына байланысты болатынын түсінуіміз қажет», деп атап өтті Иманғали Тасмағамбетов. Кездесу барысында жоба­лардың бірден-бір құрамдас бөлігі – ол өндірістік міндеттерді шешу үшін өндірістік және әлеуметтік секторлардың инновациялық консорциумын құру және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту арқылы халықтың тұрмыс деңгейін көтеру екендігі айтылды. «Өнімді инновацияны ынталандыру» жобасына келсек, ол 2016-2021 жылдар аралығында Қазақстанда жүзеге асырылады. Жоба 5 құрамдас бөліктен тұрады. Атап айтқанда, ғылыми жобалар мен PhD зерттеулері үшін гранттар, өндірістік консорциумдар мен әлеуметтік инновация консорциумдарын құруға бағытталған гранттар, венчурлық қор, брокерлік команда, шетелдегі технологиялық жылдамдату кеңселерін құруға бағытталған технологияларды коммерцияландыру жүйесін біріктіретін бөлік, сондай-ақ, жобаларды басқару бойынша топтар қызметін қаржыландыру бөлігін құрайды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының жанынан республикадағы инновацияларға талдау жасау алаңын құру жос­парлануда.