06 Наурыз, 2011

ӘЙЕЛДІҢ ЖҮРЕГІ – ӘЛЕМНІҢ ТІРЕГІ!

14178 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ардақты ана, асыл жар, аяулы қарындас

Кеше Астанада Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті

Шуақты көктем ардақты ана, асыл жар, аяулы қарындастың мейрамымен басталады. Сондықтан, ең әуелі бар­ша­ңызды алдағы мерекелеріңізбен құт­тық­таймын, деп бастады съездегі сөзін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл – Қа­зақ­стан әйелдерінің тәуелсіз ел тари­хын­дағы тұңғыш съезі. Жылу мен жы­лы­лық сыйлайтын жарқын мерекенің қар­саңында өздеріңізбен жүздесіп отыр­ға­ныма қуаныштымын. Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған деген даналық сөз бар. Тағылымды тарихымыз қайраткер­лік қасиет қонған аналардан кенде болған емес, деп жалғастырды сөзін Президент. Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткен. Олардың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі жаңа Қазақстанда жарасты жалғасын табуда. Ел мен ерге сын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білді. Сіздер отбасы берекесін сақтау­мен бірге, тәуелсіздікті нығайту ісіне де еселі үлес қосып келесіздер. Президент әйелдердің өмірлік ма­ңыз­ды салаларда жұмыс істейтініне назар аударды. Олар бүгінде барлық педагогтардың 73 пайызын құрайды. Дәрігерлер мен медицина персоналы­ның 87 пайызы – әйелдер. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында 5800 КСК болса, солардың 3 мыңына әйел­дер жетекшілік етеді. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы да әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік бас­қарудың барлық жүйесі көп жағ­дайда олардың кәсібилігінің арқа­сын­да жұ­мыс істеп тұр. Тәуелсіздік жыл­дарында ондаған әйел министрлер және мемлекеттік органдар басшы­ла­ры болып тағайындалды. Жүздеген әйел Парламент пен мәслихаттарға сайланды. Әйелдер мен балалары бар отбасы­ларына әлеуметтік көмектің тұтас бір жүйесі қалыптасқан. Тәуелсіздіктің аса ауыр алғашқы жылдарының өзінде Мем­лекет оларға атаулы қолдау көр­сетті. 2006 жылдан бері барлық қазақ­стандық отбасыларына 1 жасқа толма­ған балаларға қарау үшін жәрдемақы төленеді. Аз қамтамасыз етілген отба­сылар кәмелетке толмаған балалары үшін жәрдемақы алады. 2003 жылдан бері балалары бар отбасыларына қол­дау көрсетуге бағытталған бюджеттік қар­жыландыру көлемі 20 еседен ас­тамға артты. Ана және бала өлімін тө­мендету бойынша кең ауқымды шаралар қабылданды. Астана мен бірқатар ірі қалаларда жаңа перинаталдық орта­лықтар салынды. Осылай деген Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде «Балапан» бағдарламасы жү­зеге асырыла бастағанын, айналасы бір жылдың ішінде 35 балалар бақшасы, 137 мектепке дейінгі жекеменшік мекемелер, 1,5 мыңнан астам балалардың шағын орталықтары салынғанын атап көрсетті. 2020 жылға дейін, деді Президент, біз барлық балаларды балалар бақшасымен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл бірінші кезекте бала туғаннан кейін жұмысқа, бизнеске қайта оралатын жас аналар үшін айтарлықтай қолдау. Инновациялық индустрияландыру және жаңа әлеуметтік саясат міндеттерін шешу – біздің Қазақстанның бола­шақ өркендеуіне бастайтын жол. Эко­номика мен әлеуметтік өмірдегі, саясат пен мәдениеттегі, қоғамның басқа да салаларындағы инновациялар бір ғана мақсатты – әрбір қазақстандық отбасы­ның, әрбір қазақстандықтың лайықты өмір деңгейін қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Осы орайда Мемлекет басшысы жаңа кәсіпорындар қызметкерлері ара­сын­дағы әйелдер үлесінің жоғары бо­луын қамтамасыз ету жөнінде Үкіметке міндет жүктеді. Әлеуметтік жаңғырту ісінің Жолдау мен 2020 жылға дейінгі Даму страте­гиясының басты бағыттары болып та­бы­латынын халыққа түсіндіру қажет, деп атап көрсетті Елбасы. Ең алдымен біз халықтың өзін-өзін жұмыспен қам­туы мәселесімен айналысу жөнінде шешім қабылдап отырмыз. Олардың ара­сында әйелдер де аз емес. Адамдардың мұндай топтары үшін мемлекет есебінен оқыту, мамандық алу және еңбекке орналастыру сияқты көмектер ұсы­ны­лады. Ауылда бизнеспен айналысқысы келетіндер үшін мемлекет микронесиелер бөлмекші. Қазіргі уақытта әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,5 пайызды құрайтын орташа көрсеткіш жағдайында 6,3 пайызды құрап отыр, деп жалғады одан әрі ойын Мемлекет басшысы. Өзін-өзі еңбекпен қамтушы халықтың жартысы әйелдер. Әйелдер арасындағы жұмыс­сыз­дықпен күрес мәселесі бүгінде Үкімет әзірлеп жатқан еңбекпен қам­тудың жаңа бағдарламасында жеке бағыт ретінде бөліп көрсетілуі тиіс. Біз әйелдер кәсіпкерлігін дамыту­дың перспективалы салаларын нақты анықтап алуымыз керек, деп атап өтті одан әрі Президент. Таяудағы онжыл­дықта 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салу міндеті алға қойылып отыр. Тек 2011 жылы ғана осы салаға 75 миллиард теңге бағытталатын болады. Осы орайда Президент Үкімет пен әкім­дердің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына әйелдердің қатысуын күшейте түсулері керектігін ескертті. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы кең ауқымды өзгерістер ең алдымен әйелдердің өмірлері мен әл-ауқатына оң әсерін тигізетін болады, деп жалғады ойын Нұрсұлтан Назарбаев. 2015 жылға қарай үш жүз мың кішкентай қазақстандықтар үшін 3400-ге жуық мектепке дейінгі мекемелер ашыл­мақшы. Таяудағы 5 жылда 400 мектеп салу көзделіп отыр. Таяу жылдарда Біртұтас ұлттық ден­саулық сақтау жүйесін енгізу аяқ­та­ла­ды, деді Елбасы одан әрі. 2015 жылға қарай 350 жаңа дәрігерлік амбулаториялар, емханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер іске қосылатын болады. Ол ана мен бала өлімін екі есе, жалпы өлімді 30 пайыз қысқартуға жағдай жасайды. Халыққа Жолдауда белгіленген ең­бекпен қамту бағдарламасын жүзеге асыру көптеген қазақстандық отбасы­ларының табыстарын арттыруға жағ­дай жасайды, деп жалғады ойын Нұр­сұлтан Әбішұлы. Бүтіндей алғанда ол 1,5 миллионға жуық қазақстандық­тарды қамтымақ. Осы орайда Президент «Са­мұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялар акцияларын халыққа сату бағдарламасын әйел­дер­дің белсенділікпен пайдаланатынына сенім білдірді. Біз, 2020 жылға дейінгі стратегия­лық жоспарда қарастырылғандай, ха­лық­ты атаулы әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін жасайтын боламыз, деп атап өтті Президент. Оның негізгі бағыты балалы отбасыларды, бірінші кезекте көп балалы отбасыларды қол­дау болып табылады. 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік басқару органдарының арасын­дағы әйелдер өкілеттілігін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған деп жалғады сөзін Елбасы. 2010 жылы ол көрсеткіш тек 10 пайызды ғана құрады. Әйелдер орталық органдарда да, жергілікті жерлерде де басшылық лауазымдарға өте нашар ұсынылады. Бүгінде елде бірде- бір әйел облыс әкімі жоқ, 3 аудан әкімі мен облыс әкімдерінің 5 орынба­сар­лары ғана әйелдер. Осы ретте Президент қазіргі заманғы менеджментті зерт­теушілердің бірі Том Питерстің топ-менеджменттегі әйелдер үлесінің аздығы «стратегиялық сипаттағы рәсуа­шылдық пен қателік» деген сөзін келтіре отырып, Үкіметке Президент Әкім­шілігімен, Ұлттық комиссиямен, «Нұр Отан» партиясы басшылығымен бірлесіп, әйелдерді шешімдер қабылдау деңгейіне дейін жылжыту жөнінен 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған нақты іс-қимылдар жоспарын жасауды тапсырды. Тәуелсіздіктің бүкіл 20 жылы ішінде, КСРО ыдырағаннан кейінгі эконо­микада толық дағдарыс орнаған аса күрделі кезеңде және одан кейінгі мемлекеттік құрылыстың табысты жыл­да­рын­да сіздер – әйелдер әр кезде де бірге болып, менің бағытыма, барлық қа­дамдарыма қолдау көрсетіп отыр­ды­ңыз­дар, деп атап өтті Мемлекет бас­шысы. Ол кезде көптеген адамдар сенбесе де, сіздер мен біз жеңіске жеттік. Сол үшін сіздерге зор рахмет. Еркектер айтатындай, әйелдермен өткізген уа­қыт­ты бос кеткен уақыт деп есептеуге болмайды, өйткені әйелдер жаңа жа­сам­паздықтарға рухтандырады. Сіздер­дің съездеріңіздің жұмысына қатысып, Қазақстанның ең лайықты әйелдерімен тілдесуді мен дәл осы тұрғыдан қарас­тырып отырмын. Әйелдер анағұрлым жиі күлетін болғандықтан еркектерге қарағанда ұзақ өмір сүреді дейді. Сіздерді әр кезде де күлкі әсемдендіре түссін, деген тілегін жеткізді осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы. Биыл біз ұлы Отанымыз – тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығын айрықша атап өтеміз, деп атап өтті Президент. Алғашқы съездің осы мерейлі межеге орайлас өтуінің өзіндік мәні зор. Бұл ретте алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі – біздің басты байлығымыз. Сондықтан, ана мен бала тағдыры мемлекет қамқорлы­ғынан бір сәт те тыс қалған емес. Бұл жәйтті біз ұдайы басты назарда ұстап келеміз. Өйткені, ол – біздің болаша­ғымыз! Біз болашаққа бірге барамыз, кемел келешектің берік іргесін бірге қа­лаймыз! Ендеше, осы жолда баршаңыз­ға зор жетістіктер мен отбасында игіліктер тілеймін, деп аяқтады сөзін Мемлекет басшысы. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.