08 Қараша, 2016

Күрес мамандары неге күйзеліп отыр?

409 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
era_3105Қазан айының соңына қарай Қазақстан күресінің күн тәртібінде бұрын-соңды болмаған екі бірдей елеулі оқиға орын алды. Еліміздің боз кілемдегі белдесу төңірегінде жүрген бір топ белгілі маманы өздерін толғандырып қана қоймай, күйіндіріп те жүрген жайттар жөнінде ашық хаттар жазып, оларды Мәдениет және спорт министріне, Спорттық жекпе-жектер мен күш спорты түрлері конфедерациясы төрағасына және Күрес федерациясы президентіне жолдады. Шын мәнінде де «кемедегі бүліктің» кейпін көрсететін бұл хаттардың жүгін арқалайтын спорт мамандары арасында республика күресін дамыту жолында ұшан-теңіз еңбек сіңірген мүйіздері қарағайдай тарландар аз емес. Айталық, бұлардың біріншісіне КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шеберлері, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, UWW мүшесі Дәулет Тұрлыханов, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, Бейжің және Лондон Олимпиадаларының қола жүлдегерлері Әсет Мәмбетов пен Даниял Гаджиев қол қойған. Олар профильді спорт ведомстволары басшыларына арнаған бұл мәлімдемелерінде отандық күрес мектебінің қазіргі таңда тап болып отырған сын көтергісіз ахуалын ашық та әділ түрде кеңінен талқылап, осының нәтижесінде анықталған барлық кемшіліктерді жоюдың нақтылы шараларын белгілеуді ұсынады. Белгілі мамандардың пікірлерінше, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарының қорытындыларын барынша жан-жақты талқылап, оларға принципті баға беретін уақыт әлдеқашан жеткен. Тап осындай келесі хатқа Қазақстан күре­сінің майталман мамандары мен ардагерлері қол қойған. Бұлардың арасында КСРО мен Қазақ­станның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вадим Псарев, республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушылары Аманжол Бұғыбаев, Сейітхан Тілешев, Манарбек Қыстаубаев, Серік Жұмашев, Мұратбек Қасымханов, Мәлік Нәдірбеков, Руслан Өмірәлиев секілді белгілі тұлғалармен бірге, еліміздің көптеген аймақтарын қамтитын бапкерлер цехының барлығы 60-тан астам өкілдері бар. Олардың көзқарастарынша, федерацияның өзі мен жаттықтырушылар штабында соңғы жылдары орын алып келе жатқан келеңсіз кемшіліктерден көз тұнып, тұяқ сүрінеді. Осыған орай хат авторлары грек-рим мен еркін күрес ұлттық құрамалары ұстаздары кәсіби деңгейлерінің төмен екендігін алға тартады. Соның нәтижесінде Қазақстан балуандары Риодан ешқандай медаль ала алмай қайтқан. Мамандардың пікірлерінше, федерацияның жоғары деңгейлі спортшыларды дайындаудың теориясы мен тәсілдемесінің негіздері жөніндегі менеджерлерінің білім деңгейлерінің талапқа сәйкес келмейтіндігі осы салаға қатысы барлардың барлығын айрықша алаңдатады. Хатта, сондай-ақ федерация тарапынан кезінде Қазақстанда күрес өнерінің дамуы жолында есепсіз еңбек еткен ардагерлермен жүргізілетін жұмыстың нашар екендігі, ашығын айтқанда, оның мүлдем ұмыт қалдырылғаны атап көрсетілген. Бұған, басқасын айтпағанда, Л.Ж.Өтешев, С.К.Сатыбалдиев, Ә.Р.Айханов, Б.Т.Қасенов, В.Я.Угренинов секілді аттары көпке танымал жаттықтырушылар мен ардагерлер өмірден өткенде, олардың жаназасында федерацияның бірде-бір өкілі көрінбегені айқын айғақ. «Төрт жылдық циклдың соңғы стартында орын алған сәтсіздік біздің жанымызды ауыртады, – деп жазады хат иелері. – Мұнда спортшыларды еш айыптауға болмайды, кінәнің бәрі жаттықтырушылар штабында жатыр. Олардың біліксіздігі мен кәсіби білімсіздіктері осындай жан жабырқататын салдарға соқтырады. Федерация басшылығының осы кезге дейін бұған тиісті баға бермей отырғаны бізге түсініксіз». Авторлар осыларды атап өте келіп, бұған федерацияның өзінде қазіргі таңда кәсіби маманның жоқ екені негізгі себеп болып отырғанын тілге тиек етеді. «Біздің пікірімізше, олар, кеңесшілер жалпы есеп беру, спортшыларды даярлау жүйесі және оларды іріктеу өлшемдері дегеннен мүлдем хабарсыз. Тіпті, жоғары сыныпты спортшыларды даярлау тәсілдемесі, ненің жақсы, ненің жаман екені туралы ештеңе білмей тұрып-ақ, олар бас жаттықтырушылар мен жаттықтырушылар штабын тағайындап, бекітеді, – деп ашына баяндайды бұдан әрі мамандар. – Осының бәрі жұмыстың сапасына әсер етеді. Ал Олимпия ойындарында дәл мынадай сәтсіздікке ұшырағаннан кейін бас жаттықтырушы бастаған штаб өзінің уәкілеттігін тоқтатуы керек еді. Бірақ олар мұны әзірге жасай қоятынға ұқсамайды». Біз бұл жерде аталған хаттар мазмұндарына баға беруден аулақпыз. Алайда, «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, мұндай дүмпулердің тектен-тек шыға қоймасын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан көтерілген мәселенің мәніне бойлап қарайтын тиісті орындар табылатын шығар деген үміттеміз. Серік  ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»