08 Қараша, 2016

Кореямен қарым-қатынас қарқыны жоғары

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына ресми сапармен барғалы отыр. Екі ел басшылары  Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хенің алдағы жүздесуі төртінші кездесу болмақ. Мемлекет басшылары Ханчжоуда өткен G20 саммиті аясында кездескен еді. Корея Президенті Пак Кын Хенің 2014 жылғы Қазақстанға келген алғашқы ресми сапары есімізде. Ал Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың оңтүстік Кореяға осы жолғы сапары екі мемлекет арасындағы қатынастарды мүмкіндігінше кеңейтуге ықпал ететін болады. Қазақстан мен оңтүстік Кореяның өзара ынты­мақ­тас­тығы уақыт өткен сайын дамып келеді. Мысалы, тамыз айында Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Корея Республикасының Қазақстандағы  елшісі Чо Енгчонның кездесуінде Елба­сы­мыздың оңтүстік Кореяға сапарына қатысты бірқатар мәселелер қозғалып, екі елдің экономикалық салалардағы ынтымақтастығын тереңдету жайы сөз болды. Кезде­су барысында, сондай-ақ, ин­вес­­ти­циялық және коммерциялық жобалар кіретін мәселелер де талқыланды. Елбасының Сеулге сапары аясында қарастырылатын мәселелер ауқымы өте кең. Олардың қатар­ында ұсынылған жаңа жобалармен қатар, энергетика, құрылыс, қаржы, инфрақұрылым және бас­қа салалар бойынша бірлескен кәсіп­орындардың жұмысын жандандыру да бар. Мемлекет басшысының Сеулге сапарына әзірлік барысында тамыз айында оңтүстік Корея астанасында семинар өткізілді. Оған оңтүстіккореялық кәсіпкерлер мен инвес­торлар қатысып, Қазақстанда бизнес жүр­гізудің мүмкіндігімен кеңірек танысты. Мемлекеттер арасында тауар алма­су жайы да жақсарып келеді. Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хенің 2014 жылы Қазақстанға жасаған сапары алдында елдердің өзара тауар алмасу көрсеткіші 1,5 миллиард долларға жеткен еді. Сарапшы-экономистер мұны рекордтық көрсеткіш деп бағалады. Қазіргі кезде Қазақстан мен оңтүстік Кореяның тауар айналымы 1 миллиард доллар деңгейінде тұр. Мемлекет басшыларының алдағы кездесуінен соң, екі ел арасындағы тауар айналымы арта түсетін болады. Сонымен қатар, Кореяның біздің еліміздің экономикасына бағыттайтын тікелей инвестициясының көлемі де арта түспек. Қазақстан мен оңтүстік Кореяның екі­жақты қатынастарында эконо­ми­калық ынтымақтастық, оның ішінде минералдық ресурстарды жоғары технологиялармен алмастыру мәселесі күн тәртібіне қойылуы мүмкін. Себебі, қазіргі кезде оңтүстіккореялықтардың әлемдік рыноктағы алатын орны бірқатар елге үлгі. Әсіресе, электроника саласында... «Блумбергтің» жасаған рейтингіне қарағанда, Корея Республикасы биыл­ғы жылы әлемдік инновациялық эконо­микалық көрсеткіш бойынша жаңа  саты­ға көтеріледі. Атап өту керек, оңтүстіккореялықтардың сандық технология саласындағы тәжірибесі электронды үкімет қалыптастырудың өзіндік үлгісін көрсетті. Мемлекеттердің жақсы қаты­насында көрші елдермен болатын ынтымақтың алатын ор­ны бөлек. Экономикалық мәсе­лелерден тыс, саяси мәселелер де бар еке­нін айтуға тиіспіз. Бұл жерде Қазақ­станның Корей түбегіндегі мәселелерге алаңдаушылық біл­діруін алуға болады. Дегенмен, Қазақстан-Корея  Республикасы арасындағы ынтымақтастық өз дең­гей­­інде ілгерілеп келеді. Мұның ішін­де, әрине, Қазақстанның ядролық арсе­налдардан бас тартуы болмақ. Елдердің байланыстарында гумани­тарлық мәселелер де өзіндік рөл атқарады. Өйткені, соңғы жылдары екі ел арасында тараптардың қалыптасуымен ашылған және жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар баршылық. Екіншіден, Қазақстан-Корея республикасы ынтымақтастығында диаспоралық бірлікті атауға да болады. Бұл жерде елдер арасындағы алыс-беріс жақсы деп айтуға негіз бар. Өңірлік жобаларға келетін болсақ, оның ең басында Қазақстан бастамасымен ядролық қарусыздану мәселесі тұр. Біздің еліміздің осы бастамасы көпке үлгі болатыны анық. Екінші мәселе – екі мемлекет арасындағы гума­нитарлық байланыстар. Осы тұрғыдан алғанда, Корея Респуб­ликасының Президенті Пак Кын Хенің «Еуразиялық бастама» атты еңбегін атауға болады. Жалпы, Қазақстан – оңтүстік Корея ара­сындағы ынтымақтастық дегенде, екі мемлекеттің ынтымақ­тастығын жандандыру басты орында тұрғанын айтуымыз керек. Оның үстіне, бұл ел ЭКСПО-2017 көрмесіне өзіндік нақышпен қатысуды ойластырып отыр. Расул АРЫН, cаясаттанушы