08 Қараша, 2016

Жапониямен ынтымақтастық жандана түседі

295 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
  07-11-01-1777Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен келді. Бірнеше күнге созылатын сапар аясында екіжақты әріптестік тетігін нығайтуға және қос тарапқа да тиімді байланыстарды жандандыруға бағытталған келіссөздер жүргізу көзделіп отыр.

07-11-01-27777Берік байланыстың берері көп

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары Император Акихитомен кездесуден басталды. Күншығыс елін Парламент пен Үкімет басқарса, Император билік айтады. Император – олардың ұғымынша, дәстүршілдік көрінісі іспетті. Император сарайы Токиодағы Чиеда ауданында орналасқан. Бұл орданың XIX ғасырдың екінші жартысынан бері императорлардың резиденциясы ретіндегі өзіндік орны бар. Сарайдың жалпы аумағы бау-бақшасымен қосқанда, 7,41 шаршы шақырым. Кешен ғимараттарының сәулеті біртекті емес, аралас: кейбірі еуропалық стильде салынса, ал кейбірі ұлттық дәстүрдің мәнерімен бедерленген. Кездесу барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы қазіргі қарым-қатынастың ахуалы және оны алдағы уақытта әрі қарай дамыту перспективалары талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің түрлі саладағы өзара іс-қимылына, соның ішінде Жапонияның Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне тұрақты түрде қатысып келе жатқанына тоқталып, бұл елмен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атап айтқанда, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында сенімді серіктестік орнағанын айтты. Қазақстан Президенті, сонымен қатар, жаһандық қақтығыстарды реттеуге және өңірдің тұрақты дамуына ықпал етуге Жапонияның баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев 2017-2018 жылдары еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жауапты миссия атқару барысында ядролық қарусыз әлем орнатуға, энергетика, азық-түлік және су қауіпсіздігі мәселелерін шешуге бағытталған шараларды қолға алатынын жеткізді. 07-11-04

Бірегей зауыт іске қосылды

Жапонияға ресми сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев «Tokyo Rope» ком­паниясында болды. Елбасы компания қызметімен танысып, оның шы­ғарған өнімдерін көрді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы Қазақстандағы болат бұйым­дар шығаратын «Tokio Rope Almaty» зауытын салтанатты түрде іске қосу шарасына қатысты. Салтанатты рәсім барысында «Tokyo Rope» компа­ния­сының президенті Шигето Танака мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бай­бек сөз сөйледі. Бұдан кейін Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев зауытты іске қосуға рұқсат берді. Алматы қаласында орналасқан бұл кәсіпорын металдан жасалатын түрлі өнім, соның ішінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын жою үшін пайдаланылатын габион жүйесін (торкөз қалқаншалар) жасау үшін аса берік торлар шығарады. Зауыттың бірінші кезеңдегі жобалық қуаты 5 мың тонна металл бұйымын шығаруға жетеді, оның мүмкіндігі алдағы уақытта ұлғайтылмақ. Кәсіпорын өнімі Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, таяу және алыс шетелдерге де сатылады деп көзделіп отыр. «Tokyo Rope» компаниясы – жоғары технологиялы болат арқандар, көпір кермесін, автошиналардың металл өзектерін, күн энергетикасын өткізуге арналған сымдар және басқа да металл бұйымдарын шығаратын әлемдегі көшбасшы кәсіпорындардың бірі. Ол, сонымен қатар, металлокорд, лифттер мен жедел лифттерге арналған арқандарды, у-шуды өткізбейтін берік қабырғаларды, тасқын су мен селге қарсы тұратын құрылғыларды өндіреді. Болаттан жасалған металл бұйымдарын өндіретін «Tokyo Rope» компаниясының негізі 1887 жылы қаланған. Қазіргі таңда ол болаттан жасалған арқандарды өндіруші әлемдік лидерлердің қатарында тұр. Мәселен, дүние жүзіндегі ең танымал 20 көпірдің 12-сін салу кезінде «Tokyo Rope» компаниясының болат арқандары қолданылған. Бұл көпірлердің қатарында Мысырдағы Суэц каналы арқылы өтетін көпір, АҚШ-тағы Тартар көпірі, Түркиядағы Босфор теңізі арқылы өтетін көпір, ҚХР-дағы Стоункатер көпірі, Оңтүстік Кореядағы Инчхон көпірі бар. Қазіргі таңда компанияның өндіріс­тік қуатын Жапониядағы 5 зауыт жүзеге асырады. Олардың бірі әлемдегі болат арқандарын өндіретін ең үлкен зауыт саналады. Мұндай зауыттардың 3-уі ҚХР-да, 3 зауыт Вьетнамда, АҚШ-та және Ресейде орналасқан. Компания қызметкерлерінің саны 1881 адамды құрайды. Ал бұл компанияның Қазақстанмен қандай байланысы бар? 2008 жылы 2011 жылы Алматыда өткізілген Азия Ойындарына дайындық қарсаң­ында «Tokyo Rope» компаниясы «Ме­деу-Шымбұлақ» бағыты бойынша өтетін автожол аумағындағы шат­қал қуыстарын бекітетін құрылыс жұмыс­тарына тартылды. Компания маман­дары тасқын суға қарсы тұра алатын құрылғыларға қатысты жобалар әзірлеп, болашақта оларды Қазақ­станда пайдалану жөніндегі мәсе­лені қарастырды. 2015 жылдан бас­тап «Tokyo Rope» компаниясы Ал­маты қаласында болаттан жа­салған бұйымдарды өндіретін жоғары технологиялық зауыттар мен цехтар салу туралы жобаны жүзеге асыруда. «Tokio Rope Almaty» компаниясы алдағы уақытта «Алматы металл бұйымдары зауыты» деп аталады. Бұл компанияның 100% құрылтайшысы әрі негізін қалаушы – «Tokio Rope Almaty». Оның қызметі инфрақұрылымдық нысандардың инженерлік қауіпсіздігін кешенді түрде қамтамасыз ете алатын тау-кен кәсіпорындарына арналған болат бекіту жүйелерін, металдар мен болаттан жасалған арқандарды өндіруге бағытталған. Қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Tokyo Rope» компаниясының президенті Шигето Танака Алматыда ашылатын жапон-қазақ индустриялық паркі туралы да аз-кем айтып берді. «Қазақстанның экономикасы – тұрақты. Бұл біздің зауытымызды Алматыда ашуымызға себеп болды. Бұған қоса, біз өзге елдерден де көптеген тапсырыс алып жатырмыз. Қазақстандағы серіктестерімізбен бірге, сіздердің оңтүстік астаналарыңыз – Алматыда жапон-қазақ индустриялық паркін ашатын боламыз», – деді ол өз сөзінде. Шигето Танаканың айтуынша, зауыт жапонның заманауи технологиялық құрал-жабдықтарымен жоғары сапалы өнім шығармақ. Алдағы уақытта зауыт өнімдері Ресей, Орталық Азия, алыс шет елдерге, мәселен, Сауд Арабиясына экспортқа шығарылмақ. «Бұл – бірегей өндіріс ошағы. Дүние жүзінің бірде-бір мемлекетінде мұндай зауыт жоқ. Жапонияда ғана баламасы бар. Ал 4-тен 12 миллиметрге дейінгі темір торларды әлемде тек «Tokyo Rope Almaty» зауыты ғана шығарады. Болашақта «Tokyo Rope Almaty» зауыты жабдықталған құрал-жабдықтары, өндірістік қуаты, әлеуеті жағынан Жапониядағы зауыттан 5 есеге дейін асып түседі. Басқарылуы толықтай автоматтандырылғандықтан, ол интернет арқылы басқарылады. Сондықтан оның аясында көп жұмыс орны ашылмайды», – деді компания президенті.

07-11-03Парламентаралық достық лигасы – кеңесу органы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен және лига мүшелерімен кездесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасы екі ел халықтары арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Қазақстан Президенті елімізге көрсетілген қолдау мен ынтымақтастықты дамыту жолында жұмсалған күш-жігер үшін алғыс айтты. «Сіздер бізге ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болу жолында және ядролық қарусыздану жұмысын жүргізу барысында зор қолдау көрсеттіңіздер», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы, сонымен қатар, барлық бағыт бойынша Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығының жанданып келе жатқанына назар аударды. «Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтудеміз. Бұл онша ұзақ мерзім емес. Алайда, осы уақыт ішінде біз көп жетістікке жеттік деп санаймын. Жапониямен қарым-қатынасты одан әрі дамыту біз үшін маңызды. Біз – Азия елдеріміз, біздің тарихымыз ортақ», – деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде Т.Кавамура кездесуге уақыт бөлгені үшін Н.Назарбаевқа алғысын білдірді. «Келесі жылы Жапония мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толады, сондай-ақ, ЭКСПО көрмесі өтеді. Біз бұл оқиғаларды парламентаралық тәжірибе алмасу ісіне серпін беру үшін пайдалануды көздеп отырмыз», – деді Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы. Т.Кавамура, сондай-ақ, еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтап, Қазақстан бұл міндетті атқару барысында ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне бұдан да зор үлес қоса алатынын айтты. Осы орайда, Қазақстан басшысы өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялағанына және БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында 2045 жылға қарай ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру мақсатына қол жеткізуге шақырғанына тоқталып, осы бастамаларға Жапония тарапының да қолдау көрсететініне сенім білдірді. Жапония Парламентінің Қазақстан Респуб­ликасымен жұмыс істегеніне 10 жыл­дан астам уақыт өткен. Бұл – Қазақ­станға айрықша жылылықпен қарайтын Жапония Парламенті депутаттарының кеңесу органы.

07-11-02-parlamentskaya-ligaЕларалық ықпалдастыққа ерекше назар

Қазақстан Президенті Жапония Пре­мьер-министрі Синдзо Абэмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кез­десу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ екі ел ынтымақ­тас­ты­ғының ауқымды мәселелерін, соның ішінде саяси өзара іс-қимыл, сауда-эко­но­микалық және мәдени-гума­нитар­лық қарым-қатынастың жайын талқылады. Жапония – біздің тәуелсіздігімізді осы 25 жыл бойы белсене қолдап келген мемлекеттердің бірі. Сіздің елмен достық әрі әріптестік қарым-қатынасты дамыту Қазақстан саясатының басым бағыты болып саналады. Бүгін біз алдағы уақытта өзара іс-қимылымызға негіз болатын кең ауқымды мәселелерді талқыладық», – деді Қазақстан басшысы. Елбасы бірлесе қабылданған мәлім­деме­де екіжақты қарым-қатынасты да­мы­ту­дың стратегиялық жолдары белгілен­генін атап өтті. «Біз белсенді саяси үн­қа­тысуды жалғастыруға, байланысы­мызды барлық деңгейде дамытуға, өңірдегі қауіпсіздікті қамтама­сыз етуге мейлінше жағдай жасауға, сауда-экономикалық және мәдени-гу­ма­нитарлық байланыс­тарды жандандыруға, қазіргі замандағы сын-қатерлерге қарсы бірлесе жұмыс жүргізуге уағдаластық», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы біздің респуб­ликаның Токиомен жан-жақты серік­тес­тікті нығайтуға мүдделі екенін және ол үшін қажетті әлеует бар екенін айтты. Бұл орайда Елбасы сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты қарым-қаты­настың қозғаушы күші болып саналатынын жеткізді. «Қазақстан – Жапонияның Орталық Азиядағы ірі сауда-эконо­микалық серіктесі. 2015 жылғы өзара тауар айналымының көлемі әзірге бір жарым миллиард доллар болып отыр. Алайда, бұл деңгей біздің әлеуетімізге сай емес. Біз жоғары технология, ауыл шаруашылығы, атом энергетикасы, көлік құрастыру және металлургия саласында өзара іс-қимылымыздың аясын ұдайы кеңейтіп отыратын боламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Екі елдің іскер топтар өкілдерінің қатысуымен Токиода өтіп жатқан Қазақ­стан мен Жапония үкіметтері және жеке сектордың экономикалық ынтымақ­тастық жөніндегі бірлескен комиссия­сының алтыншы отырысы жер қой­науында сирек кездесетін металдар­ды барлау, атом энергетикасы, банк секторы, химия өнеркәсібі, ауыл шаруа­шылығы және көлік саласындағы ынты­мақтастықты нығайту үшін қосымша тұғырнама қызметін атқаратын болады. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті келіссөздер барысында гуманитарлық байланыстардың аясын кеңейту мәселелері қарастырылғанына назар аударды. «Бүгінде Жапония – мемлекетаралық қарым-қатынастың, соның ішінде Орталық Азиядағы мемлекетаралық қарым-қатынастың лайықты архитектурасын қалыптастыру үдерісіне қатысушы басты елдің бірі. Біздер – Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты емес мүшелеріміз және бірлескен жұмысымызды ядролық қарусыз әлем үшін күреске арнауға уағдаластық. Бұл – жалпыадамзаттық міндет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жапония Премьер-министрі Қазақстан Президентінің сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 25 жылдығы қарсаңына тұспа-тұс келгенін және Токио үшін бұл қатынасты одан әрі нығайтудың маңызы зор екенін атап өтті. «Елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен Жапония-Қазақстан мәлімдемесіне қол қойғанымыз мені қуантады. Бұл құжат біздің алдағы ынтымақтастығымыздың бағыт-бағдарына айналады, олардың ішінде Жапония маңызды деп есептей­тін мынадай мәселелер бар: Қазақ­стандағы инвестициялық ахуалды жақ­сарту, Қазақстан аумағындағы жапон компанияларының жұмысына жәр­демдесу, теңіздегі қауіпсіздікті қамта­масыз ету, Корей Халық Демо­кратиялық Республикасының (КХДР) мәселесі және тағы басқалары», – деді С.Абэ. Жапония Премьер-министрі халық­аралық қоғамдастық үшін Орталық Азия­дағы тұрақтылықтың өте маңызды екеніне тоқталды. «Бүгінгі кездесуде ашық пікір алмасылып, соның ішінде жалпы Орталық Азия мәселелері бойынша әңгіме болды. Сондай-ақ, келесі жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады, соған орай бүгінгі келіссөздерде халықаралық мәселелерді жан-жақты талқыладық», – деді С.Абэ. Бұған қоса, Жапония лидері екі елдің Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне қолдау көрсету жөніндегі конференцияның тең төрағалары ретінде тығыз ынтымақтастық орнатып отырғанына да назар аударды. «Мен алдағы уақытта да Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Жапония мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты белсенді түрде дамытуға бар күш-жігерімді саламын», – деді С.Абэ.

07-11-01aКеліссөздер екіжақты  келісімдермен қуатталды

Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды: – Қазақстан Республикасы мен Жа­пония арасындағы «Азияның өркендеуі дәуіріндегі ерекше стратегиялық әріп­тестік туралы» Қазақстан Республикасы мен Жапонияның бірлескен мәлімдемесі; – Қазақстан Республикасы Инвес­ти­циялар және даму министрлігі мен Жа­понияның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ пен Жапонияның сыртқы сауданы дамыту жөніндегі ұйымы (ДЖЕТРО) арасындағы Жапонияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатыны туралы шарт; – «Астана» халықаралық қаржы ор­та­­лығы мен Жапонияның құнды қағаз­дар бойынша диллерлер бірлестігі ара­сын­дағы ынтымақтастық туралы меморандум. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Жапонияның дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап визалық талаптардан босату туралы ноталар алмасылды. Мемлекет басшылары деңгейіндегі мұндай кездесулер екі жаққа да тиімді әріптестік тетігін одан әрі бекітетіні күмәнсіз. «Орталық Азия-Жапония» пішімі аясында Қазақстан әлеуетін Күн­шығыс елінің заманауи технология­лары мен үздік тәжірибесін пайдалана отырып ілгерілетсек, ұтылмасымыз анық. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Токиодан Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды