08 Қараша, 2016

Финалда тағы да «Астана» мен «Қайрат» кездеседі

321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
07-11-16-football-atyrau-kairat-2Өткен сенбі және жексенбі күндері Атырау мен Астанада футболдан Қазақстан Кубогы үшін жарыстың екінші жартылай финалдық кездесулері болып өтті. Олар екінші жыл қатарынан финалға Алматының «Қайраты» мен Астананың «Астана» командасын шығарды. Бұған «Қайрат» «Атырауды» өз алаңында – 1:0, қонақта 3:0 етіп, «Астана» «Ертісті» Павлодарда – 2:1, өз үйінде 5:3 етіп жеңу арқылы қол жеткізді. Аталмыш турнирде «Астана» «Қайратты» ешқашан ұтып көрмеген екен. Олар бірінші рет 2011 жылы 1/8 финалда ұшырасып, негізгі уақытта тең түскендерімен (1:1), пенальти қорытындысында (4:2) алматылықтар алға шығып кеткен. Ал былтыр ойналған финалдық матчта «Қайрат» 2:1 есебімен басым түскен. Ондағы екі голды да қазір «Астана» сапында ойнап жүрген Джордже Деспотович салған. Биылғы маусымда бұл екі команда бір-бірімен 4 рет кездесті. Чемпионаттың бірінші бөлігінде қарсыластар бір-бір реттен 1:0 есебімен жеңіске жетсе, финалдық бөлікте алматылықтар 4:1 және 2:0 есептерімен екі рет жеңіске жеткен. Финалдық кездесу 19 қараша күні ойналатын болып белгіленді. Бірақ қай қалада өтетіні әлі шешілген жоқ. Сонымен бірге, биыл оның бірінші рет Алматыда өтуі мүмкін екені де айтылып жатыр. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан»  07-11-16-football-taraz-altay-1АТЫРАУ. Бұл кездесуге «Атырау» футболшылары үлкен желпініспен келді. Бұған олардың чемпионаттың соңғы турында өз алаңында «Тобылды» 3:0 етіп ұтып шығуы бірінші себеп болды. Екіншіден, Алматыда ойналған бірінші кездесудің бар-жоғы 1:0 болып, «Қайраттың» пайдасына шешілуі алда тұрған міндетті жүзеге асыруды тым оңай сияқты етіп көрсетті. Бірақ үйдегі бағаны базар­дағы нарықтың бұзатыны рас екен, ойын алаң иелерінің ой­ла­ғандарынан өзгеше болып аяқталды. Шамасы, мұнда қо­нақтардың кездесу басталар-басталмаста, 2-минутта есеп ашып кетулері ерекше рөл ойнап кеткен сияқты. Сол кезде сол қапталдан доп алып, алға ұмтылған Ғафуржан Сүйінбаев жолай үш ойыншыны алдап өтіп, қақпаға қарай шірене ұрды. Доп зуылдап ұшқан бойы «тоғыз­дыққа» топ ете түсті. Екінші таймның ортасында «Қайрат» есепті еселеді. Бұл жолы бұрыштамадан берілген доп ортадан кері қайтқанда Андрей Аршавиннің алдына келе қалды да, хавбек бір айналып барып, қайыра соққанда, бағанның ішкі қапталына қарай сарт ете түсті. Ал ойындағы соңғы нүктені қосымша уақытта Херсон Асеведо қойып үлгерді. Сөйтіп, есеп 3:0-ге жетті. Айтқандай, осы кездесуден кейін «Атыраудың» бас жат­тықтыру­шысы Стойчо Мла­деновтің қызметінен кететіні аян болды. Болгардың 59 жастағы маманына өз елінде бірнеше командадан ұсыныс түсіп жатқан көрінеді. Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан» АСТАНА. Елордада жергілікті «Астана» мен Павлодардың «Ертісі» арасында ойналған екінші жартылай финалдық кездесуде алаң иелері 5:3 есебімен басым түсті. Матч алаң иелерінің шабуылымен басталды. 4-минутта Жуниор Кабананганың сол қанаттан келіп, шірене тепкен добы Серікбол Қапанов қорғаған қақпаның сол жақ бағанасына тиіп, кері қайтты. Ал 19-минутта Джордже Деспотович айып алаңында Геворг Наджаряннан алған добын голға айналдыра білді. «Астана» мұнымен де тоқтамады. Толассыз шабуылдар нәтижесінде 35-минутта Кабананга әріптесі Патрик Твумасидің оң қапталдан әуелете берген добын қақпаға дәл бағыттады. Араға 1 минут салып, қонақтар сапынан Арман Смайылов есепті қысқартты. Ал бірінші тайм бітер тұста «Ертіс» легионері Карлуш Фонсеканың тепкен добы қақпа төрінен табылды. Осылайша, командалар 2:2 деген тең есеппен үзіліске шықты. Екінші таймның басында «Астана» қорғаушыларының кезекті қателігін сәтті пайдаланған Смайылов есепті еселеді. Бірақ шеберліктері жоғары елордалық жасаққа есепті теңестіруге көп уақыт қажет болмады. 61-минутта Твумаси шығарған пасты Кабананга қақпаның бұрышына баспен ұрып түсірді – 3:3. Ойынның 84-минутында таблодағы есеп 4:3 болып өзгерді. Бұл жолы  Юрий Логвиненконың баспен бағыттаған соққысы қақпа маңдайшасынан кері қайтып, тура Сергей Малыйдың аяғына ілінді. Осы сәтте «Астана» қорғаушысына қақпаға тебе салудан оңай шаруа жоқ еді. Қосымша минутта Рохер Каньяс айып соққысынан келген доптың бағытын бұрып жіберіп, қақпаға гүмп еткізді. Қорытынды есеп – 5:3!