«Бүгінде «Токай» университеті» мен Назарбаев Университеті арасында тығыз әріптестік байланыс орнатылған. Бұл ретте, Назарбаев Университетінің алғашқы және қазіргі ректоры, Жапония азаматы Шигео Катсу мырза біздің еліміздегі ең үздік және әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны тетігінің іске қосылуына ықпал еткенін айрықша атап өткім келеді. Бүгінде ғалымдар мен студенттермен, өзара ғылыми тәжірибелермен алмасу үдерісі сәтті жүргізілуде. 2010 жылдан бастап Сіздердің университтеріңізден 16 қазақстандық студенттер мен аспиранттар техникалық, инженерлік мамандықтар бойынша білім алды. Мұндай мамандықтар бүгінде индустриалды-инновациялық саясатты жүргізіп келе жатқан біздің еліміз үшін аса маңызды». Жапонияның «Токай» университетінде сөз сөйлеген Н. Назарбаев осылай деді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Жапонияға осы елдің Премьер-министрі Синдзо Абэнің арнайы шақыруы бойынша келгенін, кеше және бүгін өте салмақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Біз алдағы уақытта да экономика мен саясатта стратегиялық серіктес ретінде бірлесе жұмыс атқару туралы уағдаластық. Әрине, біздің әріптестігіміздің басты саласы – білім мен ғылым. Бұл салада белсенді әрі жемісті әріптестік жүргізу Қазақстан үшін өте маңызды. Біз мемлекеттік құрылысты қалыптастырып қана қойған жоқпыз, елімізді әлемге танымал әрі сыйлы ете алдық. Аз ғана уақыт ішінде жаңа елордамыз – Астана қаласы бой көтерді. Оның архитекторы - жапон азаматы Кисе Курокава», - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті бүгінде Астана Еуразия кеңістігіндегі ірі білім-ғылым орталығына айналғанын, алдағы уақытта білім алмасу тәжірибесіне сәйкес, жапон жастары да Назарбаев Университетінде көптеп білім алатынына сенімін білдірді. «Біз де Жапонияға барып оқитын Қазақстан жастарының санын арттыратын боламыз»,-деді Н. Назарбаев.
Ләйла Еділқызы