Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен отырыста Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жаңа жедел және шұғыл жәрдем жүйесінің ерекшеліктерін баяндады.
Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында жедел және шұғыл жәрдем көрсетудің жаңа екі деңгейлі интеграцияланған қызметі енгізіледі. Біріншісі, республикалық санитарлық авиация орталығының базасында жедел медициналық жәрдем көрсетудің ұлттық үйлестіруші орталығы және облыстық жедел жәрдем қызметі.
Сонымен қатар, облыс деңгейінде жедел жәрдем қызметі қалалық, аудандық және ауылдық қызметті бір медициналық ұйымға біріктіреді және медициналық қызмет ортақ GPS жүйесін енгізу базасында бірыңғай «Сall center» арқылы ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде келіп түскен хабарлардың жылдамдығын арттырып, пациенттерді тасымалдау бағдарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, министр денсаулық сақтау саласының алдағы 4 жылға белгіленген стратегиялық жоспарларымен бөлісті. Мәселен, 2020 жылға қарай халықтың өмір сүру ұзақтығын күтіліп отырған 73 жасқа дейін ұзарту, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру және басқару жүйесін жақсарту жағдайларына бағдарлама негізінде қол жетпек.
Айта кетейік, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша әлемнің дамыған 30 елінің (ЭЫДҰ) деңгейіне сәйкес азаматтардың денсаулығының көрсеткіштеріне жоспарлы қол жеткізу мақсатында әзірленген.
Динара БІТІКОВА, "Егемен Қазақстан"