10 Наурыз, 2011

Күйімен даланы тербеткен

648 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Күй өнеріндегі алып тұлғаларымыздың бірі – Дина шешей 150 жасқа келіп отыр. Кезінде ұстазы Құрманғазының қасиетті қара домбырасын басқа ізбасарларының бірде біріне табыс етпей, Динаға ұсынуы көп жәйтті аң­ғартса керек. Құрекеңнің: «Екеуміздің оң қол мен сол қолымызды ауыс­тыр­сақ, бізден асқан домбы­ра­шы болмас еді» деуі де осы айтқанымызды ай­қын­дай түседі. Енді бірде тарихтың тоңынан ұстазы шәкіртінің алдында күй­ден тосылды деген дерек табылып жатса, ол да таң қаларлық жағдай емес. Өйткені, мұндай жағ­дай­лар ән-күй, айтыс өнерін­де, олардың бірқақпай сөз­дерінде көптеп кездеседі. Мысалы: Тәттім­беттің Мал­­ғарадан, Кененнің Ләтипа­дан, Бала Ораздың Жібектен жеңіле жаз­дауы осы сөзіміздің бір дәлелі. «Екі иығына екі кісі мінгендей» деп Ақаң келтіретіндей, Дина ше­шей табиғатынан алапат күштің иесі болса керек. Әрине, қазақтың дәс­түрлі күйшілік өнерінде де тап сондай теңдесі жоқ тегеурінді өнер иесі бол­ды. Халық арасында да айт­қанымызға айғақ болардай аңыз әңгімелер де, мысалдар да көптеп кездеседі. Айта­лық, қораға түскен ұрылардан кек ал­мақ мақсатында, жалғыз өзі атқа қон­ған ол, жауларын баудай түсірсе керек. Енді соңғысына ұмтылған сәтте қолаң шашы қобырап иыққа түскенде ғана жәбірлеуші жақ кім екенін танып, ай­да­ған малын қайтарып, ат-шапан айып­­тарын төлеген көрінеді. Енді бірде құрдасы Сейтек аттың үстінде шал­қая түсіп, әзіл-қалжың үстінде, Дина шешейге ұнамсыздау сөздер айтса керек. Шешей қарсыласын атының үсті­нен жұлып алғандай тізесіне басып, «ой­нап сөйлесең де, ойлап сөй­ле» дегенге келтіреді. Ал Сейтек болса Сахалин ара­лында айдауда бо­лып, алапат күш-қай­раты мен жігері­нің ар­қасында елге аман-есен орал­ғаны тарихтан белгілі. Профессор Т.Мер­ға­лиевтің «Жаңа дәуір жыр­шысы» атты монографиялық ең­бегі­нен де жан-жақты мағлұмат табуға болады: еркекше киініп, той-тома­лақ­тарда талай күреске шығып, мен деген жігіттерді шаң қаптырғаны да белгілі. Күйшінің әкесі Кенже болса, құйрық жалына қолы тиген асауды құрықсыз табандата тұрғызатын алып күш иесі болған. Сонымен қатар Кенже елге сыйлы еді, Құрманғазы, Төремұрат сын­ды және т.б. ел азамат­тарымен ара­ласқан деген деректер жеткілікті. Дина анамыздың ағыл-тегіл күш-қайрат иесі болуы әке­сі Кенжеден дарыған деседі. Қ.Мұ­хитов «Концерттерде, шешемізді сахнада орын­дықтың биіктігіндей қы­лып жа­йыл­ған 7-8 қабат көрпенің үсті­не қо­лынан демеп, шығарып салушы едік» деп жазады. Дәстүрлі күй өнерінен шешейдің бәйге берместігіне бұлтартпас белгі – оның үнтаспада, күйтабақта қалдырып кеткен өзінің орындауындағы күйлер үлгісі болып табылады. Күй атасы Құр­манғазыдан бастап, ұлы күйші­лердің мұралары, халық күйлері, ән мұралары Еуропа үлгісінде жазы­лып жатқан шығармаларда таланттардың аты тасада қалып, тек шикізат ретінде пайдаланып, талан-таражға түсіп жат­қа­ны туралы А.Жұбановтың кезінде қынжыла айтқаны белгілі. Керісінше, Дина шешейдің бірде-бір күйі осын­дай талапайға түспеген. Өйткені, оның шығармашылығы мен орындаушылық шеберлігі үйреншікті үлгілерден мүл­дем басқа болатын. Ақаң басқарған ор­кестрдің орындауында да тек «Әсем қоңыр», «Тойбастар», «16 жыл» сияқ­ты күйлері болды. Мұны да Дина ше­шейдің ұлылығының бір көрінісі деп түсінген жөн. Осы күнге дейін күйлерінің ауыз­дыға алдырмай, аяқтыға шалдырмай, орындаушылық өнерде, педагоги­ка­лық салада атақ үшін аянып қалмай­тын пысықайлардың түрлі айла-амал­дарынан аман қалып, өзін тұлғадан бұ­рын қоятын өзімшіл жандарға ауыз­дық­татпай келе жатуының терең сыры да осында жатыр. Күй ананың шығар­машылығындағы күй шығару, орын­дау­шылық әдіс-тәсілдері дала акаде­мия­сын толық меңгерген тұлға екенін танытады десек, Дина өнерінің зерттелуі 1937 жылдан, Алматыға келген кезеңінен бастау алады. Ғалымдардың ішінде алғаш болып күйші туралы толымды еңбек жазған белгілі ғалым, композитор, дирижер, академик А.Жұ­бановты атаймыз десек, ғалымның «Қазақтың халық ком­по­зиторлары», «Ғасырлар пернесі», «Құр­­­манғазы», «Ән-күй сапары», «Өс­кен өнер», т.б. еңбектерінен Дина күй­ші ту­ралы да мағлұмат табамыз. Ди­на­ның Мәскеуде, Ташкентте өткен он­күн­­дік­терге қатысқаны туралы му­зыка сын­шы­лары кеңінен толғап жазса, Ғ.Бисенова Дина туралы көлемді еңбек жа­зып, кандидаттық диссертациясын қор­­ғады. Сондай-ақ Ө.Байділдаевтың тағылымды радиохабарлары, профессор П.Шеге­баев­тың ғылыми еңбегі, Қазақ­станның халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, профессор Қ.Ахме­дияровтың «Әсем қоңыр» атты, т.б. туындылары атақты күйшінің мұ­ра­сын насихаттауға қосылған сүбелі дүние­лер. Шәкірттері Ғ.Әлжанов, Р.Омаров, Ә.Өте­ғұлов ізін кейінгі толқыннан Б.Қарабалина Р.Ғаб­диев, С.Жалмышев, Қ.Ахмедияров, Р.Айдарбаева, О.Дүй­сен, Т.Алипбаев, А.Үл­кен­баева, т.б. жемісті жалғастыра білді. Жасыратын несі бар, халық музы­касын насихаттап, зерттеуде, Еуро­па­ның музыкалық үлгісі озық өнер сана­лып, осының салдарынан дәс­түр­лі төл мұралар туған жерінде «або­риген­дердің» музыкасы болып шыға келгенін кезінде көрнекті ғалым, марқұм А.Сейдімбек ағамыз өзінің еңбек­т­ерін­де қынжыла жазған болатын. Орын­даушылық өнерде, тіп­ті күй саласы мамандарының ара­сында да Динаның орындаушылық мәнері мен күй шы­ғару тәсілі оғаш­тау көрінді. Автор­дың өз орын­дауын­дағы күйлерде шикілік бар деп табы­лып, «тап сол күйінде орындауға келмейді» деген теріс көз­қараспен оны орынсыз «дамы­тып», «редакциялап», «өркениеттік өл­шем­ге» жеткізу керек деген ұғым қалып­тас­ты, ал мұның өзі автордың өз орын­дауында сақталып, бізге жеткен нұсқа­ларын таза күйінде сақтап қалуға біраз кедергі келтірді. Бұл індет тек Дина шығармашылығына ғана қатыс­ты демейміз, ол сонау күй атасы Құр­ман­ғазы­дан бастап, жалпы халық күй­ші­лері шығармашылығы мен орын­даушыларының мұралары басына төн­ген ортақ қауіп. А.Жұбановтың ай­туын­ша, Д.Нұрпейісованың орын­дау шеберлігіне байланысты қызық жәйт­тер келтіріледі. Орындаушылық өнер­де оң қол мен сол қолдың дыбысқа әсері мол. Бірақ оны күйдің өз дәс­түріне сәйкес пайдалана білген жөн. Ал оның сәйкес, сәйкес еместігі қай шығарманы орындауда немесе оны қалай тартуда емес, мұны кімнің тартуына байланысты. Оны музыка тілінде «индивидуальность» дейміз. Ха­лық шығармашылығында сонау Құр­манғазы, Дәулеткерей, Тәттім­бет­­­тер­ден бастап, «индивидуальность», яғни тұлға деп Динаны, Әбікенді, Қали­лар­дың өздерін және олардың орын­дау­шылық үлгілерін атар едік. Осылар­дың ішінде әңгіменің арқауы болып отырған Дина күйшінің өнері өз алдына бір төбе. Бұларды орын­дау­шылық шеберліктің ең шыңына шыққан тұлғалар деп танимыз. Дина сынды күй алыбының мұ­ра­сын дұрыс ұғынып, дәріптеу бүгінгі күнгі басты парыздың бірі деп түйін­деуіміз керек. Қорыта келе Ақаңның сөзімен айтқанда: «... терең қараған кісіге қазақтың аспапты му­зыкасы­ның тарихында үлкен, әлі үңі­ле түсуді тілейтін мәселе жатыр». Ке­­ле­шекте сол үңіле түсуді қажет ете­тін нысананың бірі – Дина ше­шей­­дің өнері болмақ. Орынбай ДҮЙСЕН, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.