(Триптих)
Халқымызға еңбегі сіңген руханият дүниесінің өрен тұлғасын сағынғанда оның кітабын қайта ақтаратын әдет таптым. Үлкеніміз-кішіміз, басшы-қосшымыз бәрі де кітапты жылы жауып қойған мына заманда оның не әдет екенін өзім де білмеймін. Мейлі... Сол әдетіме бағып кітапхана сөрелеріне көз жүгірттім. Міне, «Өмірім менің – өнерім» («Жазушы», 1983) кітабы. Ұлтымыздың атын айдай әлемге «қазақ – талантты халық» дегізіп, жер дүниеге паш етіп, биқұдіретке айналып өткен Шара, Шара Жиенқұлова – Жандарбекованың кітабы. Ақырын парақтай бастаймын. Үңіліп оқимын. Ұлы биші бейнесі көз алдыма келеді...
...Кеше ғана арамызда жүрген Шара еді. Көзін көріп, көл-көсір әңгімесін тыңдадық. «Қайным-ау» деп бастайтын әуезді үні, әдемі әңгімесі құлақта жаңғырғандай. Бүгінгі жастар ондай кісінің өмірде болғанынан бейхабар. Жетпісінші жылдары одақтық (мәскеулік) бір басылым «Қажымұқан өмірде болмаған, халық қиялынан туған аңыз-тұлға» деп жазғаны осы орайда еске түседі. Бүгінгі жастардың бір парасы – Шараны атымен білмейді, еміс-еміс білетін бір парасы – аңызға балайтын шығар. Әйтеуір, өмірден кеше ғана кеткен Шара Жиенқұлова буын алмасқан сайын ұмыт бола бастағаны анық. Бұл өкінетін өксікті жағдай.
Оған не себеп?
Кешегі кеңестік кезең халқымызды отап кете жаздағаны рас. Адам басын қырғынға ұшыратып қана қоймады, санамыздағы тарихи сананы құртты, санадағы ұлттық сапаны құртты. Ұлттық болмыстан айнытты. Кешегіні бүгін, бүгінгіні ертең дегендей тез ұмытатын қасиетсіздік, мінезсіз мінез пайда болды. Әйгілі Шараны ұмытуымыз, міне, осыдан!
Отызыншы жылдардан бастап ұлттық халықтың өнер сағалары еуропалық өнер үлгілерімен сабақтаса дамыды. Әдебиет пен өнерде жаңа жанрлар туды. Опера, балет, хореография дегендей небір өнер үлгілері жасалды. Олар тарих сахнасына небір өнер тарландарын алып шықты. Жүйелі өнер жасалды. Өнер жүйелі насихатталды. «Е, кеңес өкіметінің арқасы...» деп қойып, сол жамылғының астында ұлттық өнеріміз түрлік түлеуге, мазмұндық баю жолына түсіп, кемелденгенін көрмеудің жөні жоқ бүгінде. Тарих толқыны жиырмасыншы жылдардың аяғында, отызыншы жылдардың басында сахнаға алып шыққан тұлғаның бірегейі – Шара Жиенқұлова. Ол тарих сахнасына өзі ғана шығып қойған жоқ, ұлттық биін балетке ұластыра мәдениетіміздің бір саласын аяқтандырды, көне дәстүрді аялады, жаңа өнерді негіздеді. Бұл – ұлы тұлға ғана жасай алатын ұланасыр құбылыс!
Би саңлағымен кездесу сәттерін көз алдыма елестеттім. «Қадірлі келінім – Баян. Еңбегің дәулетті болсын, тұрмысың сәулетті болсын! Апаң Шара. 27.01.1988 ж.» деп қолтаңба жазыпты кітабына! Жарыма сыйлағаны. Маған да бірер кітабын сыйлап еді, қолды болған шығар. Қол астымда болмай қинап тұр. Табылмады. Суретте Жамбыл қарияны ортаға алып Күләш пен Шара тұр. Құшақтары гүлге толы. Өздері мәз-майрам, қол бұлғайды. Арғы жағында «темір нарком» атанған Темірбек Жүргенов бейнесі...
Ғұмырнамалық кітап, сирек сурет. Екеуін алдыма жайып қойып ой кештім. Өткенге оймен оралу...
Кітаптың алғашқы бетінде ұлы Ғабит Мүсіреповтің қысқа беташар сөзі:
«Сахна өнерінде жарқырап көрінген қос жұлдыз:
бірі – ән, музыка өнерінде – Күләш!
бірі – би өнерінде – Шара!
Биде туысқан өзбек халқының мақтанышы – Тамара!
Біздің мақтанышымыз – Шара!
Әйгілі талант, ғажайып дарын иесі Күләш музыка әлемінің сиқырлы қуат-күшін асқақтата паш етті. Оның өзі нағыз чудо болатын.
Осы үлгі, жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын танылды. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас ізтаңбасы мейлінше жарқырап көрінді. Бұл – талант иесінің туған халқына қалтқысыз қызмет етуінің тамаша үлгісі», (5 июль 83) – депті Ғабит Мүсірепов. Өнер бағасын біліп өткен, өз бағасын білгізіп өткен Ғабекеңнен артық айту... Әй, қайдам? Мүмкін емес.
Бір ұлылықты бір ұлылыққа өлшем ете, бір беделді бір беделге сабақтай сөйлеп отырмыз. Бүгінгі жастардың «Ғабит Мүсіреповің кім?» демесіне кім кепіл?! Алайда, айту парыз. Айту жас ұрпақтың алдынан өту – арылып отыру! Ендігі ұрпақты ұлттық құндылықтарды ұмытшақтықтан сақтандыру! Ғабеңнен артық айту мүмкін емес. Ел боламыз десек, қазақ әдебиеті мен өнері жұлдыздарын ұмытпауымыз керек. Ататүрік айтады екен:
«Қызметтен тәрбиеленетін ел басқару – әркімнің-ақ қолынан келеді, өнерпаз болу – Алладан. Ол – Алланың елін, жұртын жалпақ жалғанға таныту үшін жаратқан тұлғасы. Тұлғаларды сақтау, қолдау керек!» деп. Қазақ өнерін болмашыдан болдырған, тіпті жоқтан бар жасаған жақсы-жайсаңды ұмытуға болмайды, жас өркен! Бүгін оларды сендер ұмытсаңдар – ертеңгі ұрпақ ұмытшақтықтың көкесін көрсетері хақ. Ұлттық құндылықтар ұлттық санасы бар ұрпақ қалыптастыру үшін жасалады. Оны ұмыту емес, дамыту парыз! Қанша ұрпақ алмасып, жаңарып, жасарса да ұмытылмауға тиісті ұлттық құндылығымыздың бірегейі – Шара Жиенқұлова – Жандарбекова!
«Өмірім менің – өнерім» аталатын кітапты сызғылап оқыппын. Шамасы, пікір жазуды ойлаған болсам керек. Кезекті істер кимелеп, кескекті іс қалып қойған. Ұмытылған. Өкінішті. Шара Жиенқұлованың кітабы назар аударарлық дүние еді. Өзінің «би өнерінің» басында тұрғаны секілді, саңлақ бишінің аталмыш кітабы да үлгі көрер, дәстүр тұтар, дамытар тың серияның басы болатын.
Жетпісінші жылдары қазақ артистері де кітап бетінде сөйлей бастады. Архивке ұқыпты, жарнама (афишадан) бастап жинай беретін Қапан Бадыров, еркін толғанған Елубай Өмірзақов, жүйелілік жөнінен үлгі дерлік Шара Жиенқұлова, Қанабек Байсейітов еңбектері сөзіміздің айғағы. Кейін бұл саланы Хабиба Елебекова, Бикен Римова еңбектері сәтті жалғады. «Сәбит Оразбаев», «Райымбек Сейтметов» – тәуір бастама еді. «Атамұра» сәтті бастап, аяқсыз қалдырды ма, қайдам? Қазір Асанәлі ағамыздың қолында қалам! Сәбит ағамыздың қолында фотоаппарат! Аты аталған аяулылардың қай-қайсысымен де бала шақтан араласып дастарқандас болып, әңгімесін тыңдап өскенімді өзіме бақыт санаймын. Әсіресе, жиірек араласқаным – Шара Жиенқұлова! Ш.Жиенқұлованың кітабын бетке ала отырып, әлгі аталған «Өнердегі өмір» (екінші жүйе) жөнінде бастама көтеруді, еңбекті талдауды ойлаған едім. Қол тимегені өкініш!
Шара Жиенқұловамен әкедей әзіз адам – Бейсембай Кенжебайұлы арқылы танысқанмын. Бірде ол кісі ауруханаға түсті. Барсам Шара екеуі әңгімелесіп, бірге сейілдеп жүр екен. Сол сәт Бейсекең әрі мені таныстырды, әрі Құрекең (Жандарбеков) жөнінде естелік сабақтады. Түсінгенім – Бейсекең Ташкентте №4 жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жүргенде, жасы қатар болғанымен оқуы озық, мұғалімдер институтында оқитын Құрманбек Жандарбеков, Үрия Тұрдықұлова екеуі келіп, интернат балаларын өнерге баулиды. Жалынды жастар жетекшісі Ғани Мұратбаев айналасында жүрген, жас шамасы қатарлас олар достасып кетеді. Құрекеңнің Зухра Атабаеваға үйленгенін, одан қыз барын да сол жолы естідім. Одан Шараға үйленген. Кейін Шолпанға дегендей... Қатар-құрбы Бейсекең мен Шара осылай қалжыңдасып отырып бірталай әңгіменің басын қайырды. Шара да дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен жандардай емес, Құрманбек Жандарбековті «Құрекелеп» құрақ ұша ерекше сыйластыққа бөлей сөйлейді. Балалық аңсармен қайран қалып мен отырамын... Әңгімешіл кісі екен Шара!
«Лениншіл жаста» қызмет етіп жүрген 1978 жылы «Амангелді» кинофильмінің 50 жылдық мерейтойы аталатын болды. Кімнің мақаласын ұйымдастыру керек? Көз көрген, Амангелді батырдың жары – Бану рөлін ойнаған – Шара Жиенқұлова бірден ойға сап ете қалды. Басшыны хабардар еттім. «Өзің барып сөйлетіп қайт», – деді бастығым.
Бардым. Абылайхан, Гоголь көшелерінің қиылысында тұрады екен. Үйі музей десе болады. Шара апай ұқыпты екен. Жинақшы екен. Жарнамадан бастап, бар газет қиындыларын, сирек фотосуреттер, шетелдік символдық сыйлар дейсіз бе-ay, бәрі бар. Әңгімелесіп, шәйін ішіп, мақаласын ұйымдастыруға кеттім. «Келіп тұр, айналайын!» – деп жайдары қоштасты! Құрекең ағамызды алға тұтып, «қайным» деп сөйлейді. Сол сөзін арқаланып мақала авторлы
ғын «Шара Жандарбекова» деп белгіледім. Бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов: «Әй, қу бала, ауылыңа тартыпсың ғой. Сөзге қаламыз ба, «Жиенқұлова» деп жібере сал!» – деді күліп.
Ұлы өнерпазбен үшінші жүздесуім – Мәскеудің Үлкен театры (ГАБТ) Алматыға гастрольге келуіне байланысты. Әлемдік өнердегі құбылыс саналатын Үлкен театрдың Алматыға келуі мәдениет тойы еді.
Шара апаға барып, Галина Уланова туралы «Би падишасы» аталатын мақаласын ұйымдастырдым. Шара билеп, Г.Уланова жаттықтырып жүрген сәттен бір фотосуретін редакцияға ала келдім.
Архив құжаттарына құнттылығын көрген соң, орыс өнеріндегі мемуарлық, ғұмырнамалық үлгілерді алға тарта отырып «Неге мемуар жазбайсыз?» деп ой салдым. Ол кісі «әдеби жазбасын» жасауымды өтінді. Ойланып мен кеттім. Газет жұмысынан қол тие ме, тәйірі? Кейін осы істі жазушы апайымыз Шәрбану Құмарова қолға алды деп естіп, қуандым. «Өмірім менің – өнерім» (Жазушы, 1983) – соның жемісі. Ол үшін Шәрбану апайға зор ризашылығымды айтамын.
Шара Жиенқұлова – қазақ өнеріндегі бір саланың негізін салушы. Қазақ күйінен би сабақтаған, қазақ тұрмысынан тың би туғызған ұлттық тұлға. Әлемнің әралуан елінің ұлттық билерін тайпалта билеген ұлы тұлға! Ғабең Тамара хануммен теңестіріпті. Орайлы-ақ. Махмуд Есенбаевпен де сабақтастыруға болар еді. Ол да Шарадан көп үйренген кісі. Соғыс жылдарында Қазақстанда болған ғой ол. Шара би өнерін негіздеумен бірге, би мектебін жолға қойған үлкен ағартушы. Орайында айта кетейік, Дәурен Әбіревтің «Қазақ биінің тарихы» (Санат, 1997) аталатын еңбегінде автор «Халықтық-сахналық бидің негізін салушы, тұңғыш маман биші және балетмейстер» ретінде аталыпты. Әрине, бұл артық сөз. Жобалаушы, қоюшы, билеуші ұғымы Шанин, Александров, Жандарбеков, Жиенқұловамен байланысты айтылуға тиісті. Ал биде – Шара дара! Дәурен Әбіров, Әсия Сүлейменова, Мейіз Жауатарова, Мағзұм Манасов, Сартай Әбдіразақов, Абылай Сәтенов – балет училищесінің алғашқы түлектері. Шараның шәкірттері десе жарасады оларды!
Шарадай ұлы тұлға кітабының тарихи маңызы зор. Қандай күйде болғанда да оның жазылып, хатқа түсіп қалғаны келешекке керек ілкімді іс, баянды бастама! Шәрбану апайға ризашылық туындайтын себебі, міне, осыдан.
Аталған кітап алдымен өнер тарландарының аға буын өкілінің өмірбаяны. Жәй өмірбаян емес, өнерпаз толғанысы. Бала шақ пен болашақ аралығында Алматыда өткен өз өмірі, драма театры, опера және балет театры; хореографиялық өнер тарихы жап-жақсы қамтылған.
Шара молдадан ескіше білім алыпты. Жұма күні жолға шықпайтын ырымы бар екен. Қазақ-қырғызға ортақ «Көкайрық» жайлауында балаң Шара алғаш билейді. Хатшы қыз, қоймашы – Шара бала шақта атқарған қызметтер. «Ол кезде Алматыда шетелдік елшіліктер тұратын. Солардың бірінің консулы мені баласына алып берем деп әлек салмасы бар ма? Ойда жоқ, түсте жоқ жай. Ойласам, әлі күнге жаным түршігеді», дейді автор.
Тосын жай. Сөйтіп жүргенде тағдырына Құрманбек Жандарбеков кезігеді. Қиындықпен үйленеді. Театр өнеріне баулиды. Бағын ашады. Бауырынан өнген үш баланың бірі ғана (Болат) өмір сүреді. Екеуі жастай шетінейді. Ауыр тағдыр!
«Өмірім менің – өнерім» – өмірде бірсыпыра жақсы жасаған, өнер тарихының бастауында тұрған, тарихында өшпестей із қалдырған ғажайып биші мемуары. Онда Шарадай бишінің өмірі мен өнері егіз-қатар өріліп, оқушысын өмір сырына һәм өнер сырына әбден қанықтырады.
Шара – ғажайып өнерпаз.
Өнерпаздың өмірлік ортасы болары хақ. Шараның әкесінің бастан кешулері, анасы, апа-жезделері, отбасылық жағдайы мемуарда шыншылдықпен баяндалады. Орайы келген оңтайлы сұхбатта бұрынғы жары – Құрманбек Жандарбековті кінәлай бермейтіні бізге белгілі. Кітапта Құрекеңдей өнерпаз майданға сапарлап кеткен жарын (Шара) күтпей, үйленіп қойғандай етіп сипатталыпты.
Өнерпаздың өнерлік, шығармашылық ортасы болары хақ. Егіздің сыңарындай Күләш Байсейітова, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, өнерде де, өмірде де тату болған Қанабек, Құрманбек Шарадай бишінің қанаттастары райында тұлғаланады, шығармашылық ортасы ретінде мемуарист-кейіпкер бейнесін жан-жақты толықтырарлық бояу-реңк береді. Оларды бағалауда Шара қадари-халінше әділ.
Өрелес дарындар өзара бәсекелес те болатын әдеті. Кейбір бейауыз замандастары Күләш пен Шара арасына да «сына қағып» жүретіні белгілі. Мемуарынан оқып, біліп отырмыз. Шара әңгімесінің бір сәтінде Күләшті өзінен жоғары қояды, тағы бір мезетінде «Шара, кәкір, шүкірлер...» деп қағытқанын айтады. Шындық шеңберінде сөйлеу дегеніміз осы!
Шара өнер жұлдызы! Ол қазақ өнері көгінде ғана көрініп қалған кісі емес. Өткен ғасырда күллі кеңестік кеңістік өнер көгінде танылды, қапысыз мойындалды да, әлемнің әр тарабын шарлады, жиһан биін шыр айналып биледі. Демек, әлгі біз айтып отырған жиһандық өмір көріністері әйгілі бишінің әлемнің әр шалғайына өнер сапары арқылы, өнерпаз көзі, дүниетанымы арқылы беріліп отыр. Өте орынды!
«Өмірім менің – өнерім» өмірлік оқиғаны кең қамтыған, этнографиялық бояуы қанық мемуарлық шығарма. Мазмұнды өмірден ғана мағыналы мемуар тумақ. «Өнеріне қарай – өрнегі, тірлігіне қарай – тірнегі» екені хақ. Әйтпесе, Шара көргенді шаруашылық көсемдерінің бірі көріп, басымнан өтті деп баяндағанда сірә да мән шығар ма?! «Өнерліге өлім жоқ!» Оған Шарадай мың бұралып әлемнің биін билеп өткен шандоз биші өмірі де, қайталап оқып шығып, қайыра рахат сезіміне бөленіп отырған өнер жолы (мемуары) да нақты, затты айғақ!
Мемуар бізді сан алуан ойға салды. Кітап Құрманбек пен Шарадай қос жайсаңнан туған – Болаттың Клараға үйленуімен аяқталып тұр. Клара – Өзбекстанның халық жазушысы Камил Яшен мен халық әртісі Халима Насырованың қызы. Жандарбековтер Кларадан Шорабек есімді немере сүйген. Болат пен Клараның дәм-тұзы жараспады. Мемуарда мәселенің бұл жағы баяндалмаған. Бәлкім, кезінде автор айтуды қажетсінбеген болар. Бүгінгі ұрпақ Клара, Шорабектің тағдырын білгісі келер.
Шараға ұстаз болған Александров тағдыры да тым келте қайырылған.
Автор мен әдеби жазбагер көп мәселеге кейін оралармыз деп ойлаған болар. Шара апайға мемуарға оралуды тағдыр жазбады. Шәрбану Құмарова ұлы өнерпаз өміріне қайтадан оралып, ғұмырнамалық кітап жазамын десе, мүмкіндігі бар.
...Бейсекең ауруханадан шықты. Сүйеп алып келе жаттым. Қолында таяқ. Жүрісі нашар. Сәл жүріп демалады. Сәл жүріп демалады. Сол сәт.
– Әй, мына жортып бара жатқан жігіт кім десем, Бейсембай екен ғой, – деген жарқын дауыс шықты. Жалт қарасам – Шара апай.
Екеуі хал сұрасты. Бейсекең көзіне жас алды. Шара да босады.
Өзі босай тұрып, Бейсекеңді бекемдеп жатыр.
– Әй, Құрекеңің құрдасы, сен мына түріңмен бізді ұятқа қалдырасың. Аяғыңды дұрыс бас! – дейді.
Екеуі бірін бірі жұбатты. Бірін бірі жұбатысты. Біздің жүруімізден тұруымыз жиі. Бейсекең сырқат... «Хабарласып тұрсаңдаршы!» – деп Шара апай алға түсті.
Бірді-екілі хабарластым. Үйіне барып, қолынан бірді-екілі рет шәй іштім. Соның бірі – 1987 жылы. Кездесуді күнделігіме қондырыппын. Қаз-қалпында алға тартсам.
– Биге қалай келгеніңізді еске түсіріңізші!
– Ол көп әңгіме. Әсіресе бір сәт есімнен кетпейді. Бес-алты жасар кезім. Ел «Көкайырық» жайлауына көшіп қонды. Өзеннің арғы бетінен қырғыз ағайындар көшіп шықты жайлауға. Көк майсаға оранған шыбынсыз жаз. Думанды той, би, жарыс, жыр сайыс... Домбыра, қобыз, қияқ, қомуз үні жанды баурайды. Табиғаттың жанымен төгіліп, жырлап тұрған бір ақын шағында әлдекім мені «Шара билейді» деді де алқа топтың ортасына итермелеп жіберді. Балалығым шығар, жұрт меселін қайтармай, билеп ала жөнелдім. Өз өмір жолыма үңілгенде осы бір балаң көрініс көңіліме өте жылыұшырай береді. Осы көрініс менің ғана емес, аяулы биімнің де балалық шағы болып елестейді, қарағым.
– Бишілік тағдырыңызда шешуші рөл атқарған адам кім, кімге борыштымын деп ойлайсыз?
– Мен сахнадағы өмірімді драма актері болып бастаған кісімін. Опера және балет театры ол кезде жоқ. Жоқты жасаймыз деп республика басшылары, болмаған жанрды болдырамыз деп жазушылар жүр. М.Әуезовтің «Айман – Шолпаны» да осындай мақсатпен жазылған. Көп драма артистерінің бірі болып қалмай, би жолына түсуіме қамқорлық жасаған Мұхаң рухы алдында әрдайым басымды иемін. Бұл – бір. Екіншіден, жеке адамға табынудың шалығы шарпып, сол кезде Алматыға атақты Александров ығысып келмесін бе? Алматыға замана зәйілімен қоныс аударған ол кісі менің биші болып қалыптасуыма ұшан-теңіз еңбек сіңірген ұстаз!
– Өміріңіздің айырықша қуанышты бір сәті?
– Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1936 жылғы Москвадағы онкүндігі. Сол жолы өнеріміз мойындалды. Мойындалды деген жәй сөз, дұрысында еңбегіміз жанды. Онкүндік – өнері өрісті қазақ халқының мерейін бір түңліктей көкке көтерген күндер болды.
– Өміріңіздің естен кетпестей өкінішті бір сәті?
– Халық айтқандай, бір қуаныштың бір өкініші де болады. Сол 1936 жылы онкүндікте «Өнер академиясы» атанған Үлкен театрда (ГАБТ) өнер көрсеттік қой. Қайтар сәтте Өнер істері жөніндегі комитет пен театр басшылары ақылдасып, мені Үлкен театрға биші етіп алып қалуға ұйғарады. Олардың ұсынысын естіген республика басшылары маған қарады, мен жарым – Құрманбек Жандарбековке қарадым. Ол басын шайқады, мен басымды шайқадым. Үлкен театр – кімнің көкірегіндегі арман емес дейсің? Әрбір жүректе арман болып ұялаған бақ басыма өзі келіп қонғалы тұрғанда қапы жібердім бе деп өкінемін.
– Шынында өкінішті. Мемуарлық әдебиетке көзқарасыңыз? Мемуарға отыру ойыңызда бар ма?
– Мәдениетті елдерде өнер адамдарының өздері мемуар жазады. Қала берді оның өмір шежіресін жасаушылар да «Өнегелі өмір», «Өнердегі өмір» дегендей деректі кітаптар жазады. Бәрі тағылым. Бәрі үлкен мәдениет үлгісі. Бізде де осындай мәдениетке талпынушылық бар. Әрине, Күләш, Қаллекей, Құрманбек, Шәкендер мемуар жазып үлгермеді. Елубайдың бір қысымдық естелік кітабы бар. Есесіне олар жөнінде имандай шынымызды айтып, біз жазайық, кейінгі ұрпақ жазсын тамылжытып. Бұл орайда «Өнер» баспасының жақсы бастамасын құптаймын. Өзім де үлес қосқым келеді. Әрекетсіз емеспін...
– Өзіңіз айтқандай, талай елді араладыңыз. Құдайдың берген бағы. Талантыңыздың арқасы. Сол сапардың өнердегі ізі, көңілдегі сазы қандай?
– Бір сурет көз алдымнан кетпейді. Елуінші жылдың аяғында Үндістанға өнер көрсете бардық. Мен «Үнді биін» биледім. Алдыңғы қатарда Джавахарлал Нерудің отырғанын байқадым. Байқадым да барымды салып биледім. Дж. Неру қасында отырған қыз балаға бірдеме деп сыбырлап жатты. Қыз бала орнынан әдеппен көтеріліп шығып кетті де, сәлден соң қолына бір «түйіншек» ұстап оралды. Концерт аяқталар-аяқталмаста Дж. Неру әлгі қыз бала екеуі маған үндінің ұлттық киімін жапты. Сондағы қыз бала кейін ірі мемлекет және қоғам қайраткері болған, аяулы Индира Ганди еді.
– Тамаша сәт екен. Қазақ биінің келешегі жайында нендей ойдасыз?
– Қазақ биінің тарихы ғасырларға кетеді. Қазақта би болмаған деген адам оңбай адасады. Бұл жөнінде Қазақ ССР Мәдениет министрлігіндегі жолдастардың пікірі дұрыс. Өзбекәлі Жәнібековті айтамын. Бірақ, халық биінің тарихын жүйелі зерттеуге тиісті Қазақ ССР Ғылым академиясындағы ғалымдардың тірлігі неге өнбейтінін түсінбей-ақ қойдым. Олар үшін бидің тарихын біреу зерттеп, теориясын біреу жазып, биін біреу билеу керек сияқты. Әйтпесе, қазақ биінің келешегі зор деп білемін.
– Сөзіңіз аузыңызда, сол би тарихы мен теориясын жазатын бірегей біреу өзіңіз болып отырсыз-ау. Әлі сиясы кеппеген «Сымбат» та би өнерінің не ықылым тылсым сырына арналып отыр емес пе? Ал бұған дейін жазған еңбектеріңіз бір төбе.
– Біздікі «Үлкен пышақ ұялғанынан өтедінің» кері. Өзің жазған еңбек жайында өзің айту – ерсі. Әйтсе де... «Би сиқыры» қазақтың қырық биі жөнінде еді ғой. Ал «Сымбат» халқымыздың әні мен биі хақында, билегенде киетін ұлттық киімдері жайында. Алға қойған бастапқы мақсат орындалды ма, жоқ па – әділ төреші – мамандар мен өнерсүйер қауым. Өздерің.
– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз...
– «Достық биі» аталатын мектеп оқушыларына арналған би оқулығым алдағы жылдары «Мектеп» баспасынан жарық көрмек. «Өмірім менің – өнерім» кітабын толықтырып, орыс тілінде шығарсам деген ой бар. Толықтырып дегеннен шығады, егіздің сыңарындай Күләш жөнінде жазайын деп қызынан материал сұрай барып, бетімнен басып қайттым. Ұлы өнерпаздан мандымды ештеме қалмаған. Кейін іздестірсем, театр Күләштің сахналық киімдерін де сақтамапты. Қатты өкіндім.
– Қандай өкінішті. Өзіңізде ше, Шара апай, жиһандық билерді билегенде киген әралуан халықтың ұлттық киімдері сақталды ма?
– Мен де сексен киім жоғалттым. Оның қырқы сапарға шыққанда шет мемлекет басшылары сыйлаған ұлттық киімдер еді. Сахнамен қоштасқанда қалдырып кеткен едім, кейін білсем – сақталмапты. Ішім удай ашыды, қарағым!
Өмірінің бесін шағына таяған биқұдірет бірсыпыра ойымен бөлісті. Өмір бойы өнерді өзіне серік ете білген би саңлағы жиған тәжірибесін ұрпаққа жеткізіп кетпекке асығулы еді».
Аяулы өнерпазбен тағы бір жүздесуім – 1988 жылдың 27 ақпаны.
Апайды мұң қаумалаған. Жалғыз баласы – Болатын көп айтады. Ертеңге көп алаңдайды. Тамара-ханум жайында Мәскеу бағдарламасы бойынша деректі телефильм көрсеткенін айтады. Өзі жайында ондай дүние жасалмағанына өкпелейді. «Түсіреміз» деп жұбатамын. Көңіл үшін айтылған сөз екенін зерек көңіл сезеді.
– Түсірерсіңдер-ау. Мен енді билей алмаймын ғой, – дейді қамығып. – Бишіні билей алатын уақытында бейнелеу керек. Ендігінің бәрі естелік... Естелікті кітап қып та жаза аламын.
Ол кітабына қолтаңба түсіріп сыйлады. (Әңгіме арқауына айналып отырған кітап) бірсыпыра әңгімелесіп қоштастым.
...Академияның «Зерде» аталатын санаторийі бар еді. Бір мезгіл сонда демалып, ем алып, қағаз жазамыз. Сондай бір шығармашылық сәтте Шара апайды көріп қалдым. Қасында адам танымастай тірі әруақ. Тірі әруақ деп тұрғаным – ұлы Болат Жандарбеков екен. Көзі адырайып, қу сүйек болып қалыпты. Апайдың жүзінен бір абыржу көремін. Әбден шаршаған. Жалғыз баланың ауруы жанына батса керек. Кларадан ажырасқан Болат бір баласы бар литван қызына үйленген секілді еді. Олар қайда? Ауру баласын неге анасы күтіп жүр?
Мән-жай маған түсініксіз еді. Ежіктеп сұрау – кісілікке жатпайды. Қайғы меңдеген жанды қажағандай боласың. Аналы-балалы екеуі бір-біріне сүйеніп, екінші қабатқа көтеріліп кете барды. Бұл – менің Шара апайды соңғы көруім. Ұзамай Болат Жандарбеков «ұйқы безі рагынан» қайтыс болды. Қайғыдан қалжыраған Шара апай ол кезде ауруханада жатты. Жар дегенде жалғыз ұлына өз қолымен топырақ та сала алмады. Ұзамай Шара апайдың да ұлы жүрегі соғуын тоқтатты. Жалғыз ұлы Болатының артынан бақилық сапарға аттанып кете барды.
Өнердегі даңқты тұлға іші шер мен мұңға толып өтті дүниеден. Арманы көп еді. Сырттай жарқылдап жүргенімен мұңды тағдыр иесі еді Шара апай.
Көңілде көп сұрақ қалып барады. Құрманбек – Шара ұрпағының тағдыры қалай сабақталды? Мемориалдық-музейлік заттар қайда? Кейін келген литван қызы, келін ше? «Өмірім менің – өнерім» ғұмырнамасының әдеби жазбасын жасаған Шәрбану Құмарова ғана жауап бере алатын шығар бұл сұрақтарға. Мемуар ой салды.
Өзі өмірін де, өнерін де арнаған Алматыда Шара атында көше бар ма? Әй, жоқ болар! Шара атындағы ұлттық би конкурстарын ұйымдастырмаймыз ба? Апамыздан бейнелік тұтас дүние қалмаған шығар. Дегенмен архивтерде сақталған үзік-үзік ленталардан бір деректі фильм жасаса ғой, шіркін! Шара жайында жазылған дүниелердің басын қосып бір әдемі кітап шығарса да жөн болар еді. Шараның көзін көре қалған біраз адам қазір де арамызда.
Тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды ма? Үйінде болғанымда музейге сұранып тұрған талай елдің тарихи бұйымын көрген едім. Олардың тағдыры нешік? Тауып, музейге тапсырса ғой!
Абай атындағы опера және балет театры жанынан суретші-дизайнер Аманжол Найманбай жасақтаған музей қайта жөндеуден кейін көрінбейді. Тіпті, қазақ ұлттық классикалық биінің басында тұрған Шарадай тарихи тұлғаға арнап музей ашса да жарасады ғой.
Шара – арманы көп адам еді. Арманды адам жайында айтар арман көп-ақ бүгінде. Санасын дүние сарғайтып, жан-дүниесін түгел дүние жаулаған жандарға үніміз жетер ме? Өнерлі өлмес, үміт сөнбес деп айтып отырмыз.
Менің білетінім – Шарадай ұлы тұлға ұмытылмайды. Ұлы тұлғаны ұмытар болсақ – ұлт ретіндегі шарасыздығымыз болып шығады. Онда нағыз масқара! Жоқ, Шара ұмытылмайды. Біз ұлт ретінде шарасыздыққа ұшырамаймыз. Асылдарды ардақтау, өнер қайраткерлерін қастерлеуді күн тәртібіне көтеретін уақыт жетті. Нақты іс-қимыл керек. Қарап отыру – қауіпті! Қазақ елі барда – Сіз де барсыз, Биқұдірет!
Қайран, қазақ қыздары!
Құлбек ЕРГӨБЕК, Түркістан.