Биылғы Жолдауда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар. Ал ырыс-береке, ынтымақ бар жерде ғана тұрақтайтындығы сөзсіз. Бүгінгі таңда экономикасы қарқынды дамыған кең байтақ еліміздің үлкен табыстары ең алдымен, қазақстандықтардың тату-тәтті тіршілігіне, ынтымақтастығына тығыз байланысты екендігі айдай ақиқат. Қалыптасқан тұрақтылық пен келісімді одан әрі нығайту да, жас ұрпақ бойында туған Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда ұстаздар қауымына жүктелетін міндет пен жауапкершілік мол екендігі айтпаса да түсінікті.
Сонымен қатар, Жолдауда «Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады», деп атап көрсетілуінің маңызы зор. Соған орай, Алматы қаласындағы №45 орыс орта мектебінің ұстаздар ұжымы бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіре түсуде. Мектеп оқушыларының мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру, оған деген құрметі мен құштарлығын арттыру мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Оқушылар арасында, әсіресе, патриоттық тақырыпқа арналған ән байқауларын ұйымдастыру өз нәтижесін беруде. Мемлекеттік тілде ән шырқау олардың қазақ тілін мүмкіндігінше тез уақытта үйренуіне көмектесуде. Мәселен, Тәуелсіздік күніне арналып өткізілген ән байқауына жоғары сыныптағылар ғана емес, бірінші сынып оқушылары да қатысып, сыннан сүрінбей өткендігі құптарлық жәйт. Бұл орайда өз шәкірттерін ән байқауына дайындауда ерекше белсенділік танытқан ұстаздар да аз емес.
Сөз реті келгенде атап айтарлығы, оңтүстік астанадағы №45 орыс орта мектебінде қазіргі кезеңде 508 оқушы білім алуда. Олардың арасында 75 оқушы балалар үйінде тәрбиеленетін, ата-анасы жоқ жетімдер. Сонымен қатар, психологиялық дамуы кідіріске ұшыраған, тежелген бастауыш сынып оқушылары да бар. Бір құптарлығы – олардың барлығы мемлекет қамқорлығына алынған, мектеп оқушыларына Алматы қалалық әкімдігі, қалалық білім беру басқармасы да көмек қолын созып келеді. Дегенмен, «жетім қозы тасбауыр» демекші, ұстаздар ұжымы да тағдыр қатыгездігіне тап болған шәкірттерінің болашақта еліне адал қызмет ететін азамат болып өсуіне ықпал етуде.
Білім ұясында Алматы қалалық білім беру басқармасының бұйрығымен таңертеңгілік жүйелі түрде дене шынықтыру сағаты өткізіледі. Содан соң міндетті түрде Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалады. Мемлекеттік әнұранды жаттап алып қана қоймай, оның мағынасын түсінуге талпынушылар қатары аз емес. Білім беру жүйесіндегі жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ең басты қажеттілік десек, бұл орайда ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен жинақтаған мол тәжірибесі шешуші фактор екендігі талас тудырмайды. Сондықтан да, мұнда мектеп мұғалімдерінің өз ісіне деген жауапкершілігін, кәсіби біліктілігін жетілдіруге басты назар аударылған. Сол себептен де, кейбір тәжірибелі мамандар жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, ой бөліседі.
Биылғы жылы ұжым үшін ерекше жыл, өйткені биыл №45 орыс орта мектебінің құрылғанына отыз жыл толмақ. Алғашқы кезде бұл мектеп қала бойынша оқушылардың білім сапасы жағынан жоғары орындардан көрініп келсе, өкінішке қарай, арада біраз уақыт өте келе сол биік меже төмендеп кетті. Сондықтан да, келешекте сол мәртебеге қайта көтерілу үшін ұжым мүшелері – мұғалімдер бүгінде ізденіс пен іскерліктің үлгісін көрсетуге ұмтылуда.
Бағила ЖОЛТАЕВА, №45 орта мектептің директоры. Алматы.