(Триптих)
3. Әпке
Оңтүстікте әпке деген бір әдемі ұғым бар. Қазір әдеби айналымға іргесі кеңейіп, жалпықазақтық ұғымға айнала бастады. Шүмейтіп “әпше” дейтінімізді қайтерсің?! Қазақтың әр сөзінің әрін келтіріп, абыройын асырып, қолданыс аясын кеңейте бергенге не жетсін. Түп-тамыры “Апа-еке...”-ден құнар тартатын “Әпке” классик жазушымыз Дулат Исабековтің «Әпке» пьесасы мен ол бойынша қойылған спектакльден соң, қолдануын қайдам, қабылдану аясы мейлінше кеңи түскендей болып отыр. Халықтың осы бір әдемі ұғымын қазақтың бір аяулы қызы рухына жасар рухани дұғама тақырып һәм мазмұн еткім келіп отырғаны. Ол – қазақтың бір ғажайып оқымысты қызы – Алма Қыраубайқызы...
Алманың әкесі Мүтәліп Қыраубайұлы оңтүстік, Сыр өңіріне едәуір танылған халық ақыны. Сырдың қызы – Алма жастай жырдың қызы болып өседі. Дарынды қыз бала ауылда – мақтаныш. Мектепте – мақтаныш. Домбыра тартады. Ән салады. Өлең, әңгіме жазады. Болсаң – Мүтәліпқызындай бол! – атанып, жастай ауызға ілігеді.
Мектепте оқып жүрген кезінің өзінде ол жөнінде аудандық, облыстық, тіпті республикалық баспасөз бетінде үлкенді-кішілі материалдар басылады. Өзінің төлтума әңгімелері «Қазақстан әйелдері» журналында әлденеше дүркін басылып, Алма жоғары оқу орнына дейін-ақ тәп-тәуір танылып үлгереді.
Орта бойлы, сәл етжеңділеу қараторы әдеміше қыз бала Қазақ ұлттық университетіне осылай таныла келіп, талабы жанып, оқуға түсті. Бұл – 1965 жыл еді. Ол түскен орта қазақтың шын мәнінде дарынды ұл-қыздарынан бас құраған әдемі курс болатын. Ол – Сағат Әшімбаев, Нұрлан Оразалин, Үміт Тоқмағамбетова, Фаузия Оразбаева, Әділбек Тауасаров, Шәрбану Бейсенова, Алдан Смайыл, Әшірбек Көпішев, Сайлаубек Жұмабеков, Ризабек Әдуов секілді дарынды жастар ортасы! Алғашқы жылдың өзінде бірінің өлеңі, бірінің әңгіме, новелласы, тағы бірінің сын мақаласы жарық көре бастады. Алма Қыраубаеваның новелла дерлік әңгімелері!
Жақсыны неге жақсы демеске?! Тұтас курс ұстаздар махаббатына бөленді. Университет жанынан ілгеріде профессор Бейсембай Кенжебаев ұйымдастырған, Т.Нұртазин, З.Қабдолов, С.Садырбаев әр жылдары жалғаған, көзі кеткен соң М.Әуезов атын алған әдеби бірлестікті де осы курс қолына алды. Сағат Әшімбаев басқарды. Бірі қауырсын қанат шығармасын ортаға салады. Қалғаны жабыла талдайды. Бәрі де жақсы келе жатты. Тек бір жағдай болмаса?! Ол жағдай Алмаға қатысты. Әңгіме жазып, жап-жақсы көрініп келе жатқан Алмаға бағытын өзгертуге тура келді. Бәріне себепкер – профессор Бейсембай Кенжебайұлы!
Алманың жақсы сабақ үлгерімі, зерделілігі, табиғи тәрбиесі туа ұстаз, табанды ғалым ықыласын аударды. Кафедраға шақырып алып, бірсыпыра әңгімелесті. Ақыры кесімді сөзін айтты.
– Қызым, түркітанушы боласың.
– Жазушы болғым келеді, ағай!
– Жазушы көп, түркітанушы жоқ. Көптің санын көбейткенше, жоқты жасайық, қарағым.
«Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, қарт профессордың түркология жайындағы жалынып та, қазылып та сөйлеген сөзінен әкелік мейір, шын ұстаздық бейіл аңғарды. Ең бастысы – ұлт әдебиетінің тағдыры, ұлт әдебиетінің алтын тамыры жайлы әңгімесі көкейінен кетпеді. Келісті ақыры! Шәкірт шешіміне ұстаз қуанды. Мұхтар, Мырзатай, Қабиболла қатарына тағы бір табанды түркітанушы қосатынына қуанды. «Ескі» атап, естен шығарғысы келіп жүрген көне дәуірлерге саяхатымыз сәтті болар иншалла, деді іштей. Сөйтті де аузынан ана сүтінің дәмі жаңа кеткен уыз шәкірт – студент жасқа Мұхамед Хорезмидің «Мұхаббат наме» дастанын тақырып етіп ұсынды.
Алма Қыраубайқызының текті түркологияға бетбұрысы осылай басталып еді...
...Шәкірт ізденісін бастады. Бағыт бере отырып, шәкірт алымдылығына ұстаз сүйінді. Әңгіме арасында соңынан іздеп, сонау Қызылордадан әкесінің келгенін айтты. Ұстаз ойына кенет әлдене түскендей:
– Әкеңнің ертең түсте біздің үйде қонақ болуға уақыты қалай екен? Біліп, айтарсың, – дегені.
– Жо, жоқ, ағай... Әуре болмаңыздар, ертең ауылға қайтады, – деді асып-сасып шәкірт.
– Жоқ, қарағым, олай етпе! Ертең түсте ол кісіні біздің үйге ертіп алып кел. Анаңның шәйін бірге ішелік. Солай еткін! Күлән, сен де бірге бол. Қонақты екеулеп әкеліңдер, – деді сосын кафедрадағы көмекшісі лаборантқа қарап. Қыз бала қысылмасын дегені.
Ертеңіне шойқара Мүтәліп профессор дастарханынан имене дәм татып отырды. Профессор өзінің жетімсіз балалық шағынан әңгіме шертті. «Апыр-ау, менің өміріме ұқсас өрімдер ғой мынау», деп қонақ отыр. Қонақ ашылсын, қысылмасын деп оқымысты ауыл өміріне жақын әңгіме айтады. Ақыры, қонақ қарт профессордың қолқалауымен терме айтып берді. Маңдайынан шып-шып шыққан терді алақандай орамалымен сүртіп-сүртіп қояды. Қарапайым да қадірлі адамның ықыласын көрген әке ағынан жарылды:
«Алма – нағашылары еркелетіп өсірген ырымалды перзентім. Сіздің жақсылығыңызды ауылға айта келген. Сыбаға әкелуім керек еді. Шынын айтқанда, бата алмадық. Өмір болса, көрерміз. Ал мына қызымның бойынан талап көріп, тәрбиелеймін десеңіз, ниетіңізге жетіңіз! Бүгіннен бастап Сіздің қызыңыз!»
– Меңжамал, қызды болдың!
– Онсыз да біздің қызымыз Алма! Ана Мұхтар, Рымғалилар осы үйдің баласы. Алма, сен де қысылмай келіп жүр, айналайын!
Аналық мейір қай тілде де ақжарқын ғой. Татар мақамымен айтылған аналық мейір сөз қонақтардың көңіліне нұр шуақ құйып жатты.
Қарт профессор сол күні кітапханасынан Самойлович бастырған «Мұхаббат намеге» бастатып, көне түркологияға қатысты қимас кітаптарынан «енші» бөліп берді... «Қайтарымы – жақсы кандидаттық диссертация!» деді нығарлап тұрып.
Шынайы ұстаз профессор Бейсембай Кенжебайұлы үшін талантты шәкірт тапқан күн – мереке! Профессордың аталық мейірі шәкіртті онан сайын қанаттандыра түсті.
Студент партасынан-ақ Алманың алғашқы мақалалары төбе көрсете бастады. Шәкірт ізденісі жандана түсті. Ұстаз үміті жалдана түсті. Әбіш пен Қадырдың алғашқы ақындық алымды қадамдарына сүйсінген, Мырзатайына диссертация қорғатып, көңілін демдеген, ендігі кезек Мұхтар мен Қабиболланікі деп қуанып жүрген ол тағы бір үкілі үмітім деп білді Алманы! Университеттің қарапайым тілі «Қазақ университеті» газетінің 1969 жылғы 13 маусым күнгі 16-шы санында «Ат тұяғын тай басар» деген тақырыпта сөйлеп, ойын былай өрбітіпті жарықтық: «Ертедегі жазба әдебиеттерді зерттеуде көптеген ғалымдар арасында біржақты пікірлер туып келген болатын. Мұны зерттеуде көп кедергілер бола беретін. Әйтсе де, жас ғалым М.Жолдасбеков бұл салада жемісті еңбек етіп жүр. Ол жуырда ғана Орхон-Енисей жазбаларының қазақ әдебиетіне қатыстылығы жөнінде кандидаттық диссертация қорғады. Сонымен қатар М.Мағауиннің (ХІV-ХVІ ғасыр), Қ.Сыдиықовтың (ХVІІ-ХVІІІ ғасыр) әдебиеті жайлы зерттеулері – сөз жоқ, аса құнды дүниелер. Сөйтіп, әдебиетіміздің тарихын сонау Орхон дәуірінен бастауға мүмкіндік туды. Осының нәтижесінде қазақ әдебиетін арнаулы курстарға бөліп оқытуға жағдай туып отыр.
Жоғарыда аталған ғалымдарымыздың бәрі дерлік осы өз факультетіміздің түлектері. Әрбір ұстаз лекция оқып қана қоймай, олар өз шәкірттерінің сапалы білім алуына, олардың бойындағы ғылымға деген құштарлықты оятып, оған қамқоршы бола білуі керек. Олай болса, ғылымға икемі, қабілеті бар жастарды біз алғашқы курстан бастап-ақ қамқорлыққа алып, ақыл-кеңестер беріп отырамыз. Студенттердің жыл сайынғы ғылыми конференцияларында баяндамалар береміз. Әйтеуір, қайткен күнде де ондай адамдарды жоғалтпауға, қайткен күнде де ондай адамдарды өсіріп шығаруға тырысамыз. Өйткені, біздің болашағымыздың өзі осы жастар емес пе?! Факультетімізде келешегінен үлкен үміт күттіретін жастар аз емес. Солардың ішінде мен әсіресе Алма Қыраубаеваны атар едім», деді ол!
Міне, шәкіртін өз перзентіндей көріп, оның әрбір адым-алымын үлкен жетістікке балап, ақжарылып қуана білген шынайы ұстаз, фидайы ғалым болмысы! Ал бар ғұмырын ұлт әдебиеті тарихын тереңдетуге аямай жұмсап келе жатқан ұлы ұстаз-ғалымды ғылымдағы алғашқы аяқ алысымен қуандыра білген тегеуріні мықты талантты шәкіртті айтсайшы, шіркін!
Сөйтіп, Бейсембай Кенжебайұлы Алма Қыраубаева бойындағы дарын-қабілетті студент партасынан бастап танып, оны үкілей ұштап, ұлт әдебиеті үшін аса зәру тың арнаға дер кезінде бағыттай білді.
1970 жылы мақтаулы курс оқуын тәмамдады. Даңқпен келіп, бірсыпырасы даңқты бітірді жоғары оқу орнын. Ұстаздар үміті алдамапты. Бұл топтан таланттылар көп шықты. Соның бірі – Алма Қыраубайқызы!
Алманы қазақ әдебиеті кафедрасына қызметке қалдырғысы келді Бейсекеңнің. Ұстаз шырылдап, жоғарыға телефондайды.
– Бір орын беріңіздер, Қыраубаеваны кафедраға алып қалайық.
– Орын жоқ. Болмайды, Бейсеке!
– Аспирантураға бір орын.
– Атамаңыз. Былтыр әдебиетке бергенбіз бір орын. Биыл кезек тілдікі!
– Талантты бала еді. Енді қайттік?
– Мектепке барсын. Ештеңесі кетпейді. Пісіп, жетіліп оралады.
– Қыз бала. Біреудің етегінен ұстаса кете барады да, ғылымға қайтып оралмайды ғой... Қап әттең-ай...
Қарт профессор қара аспанды суға алдырып сөйлеп жатқанда арғы беттегі кісі телефон тұтқасын орнына қоя салды. «Гук...гук...гук...»
Қарт профессор қатты шамырқанды.
Отыра қалып университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков атына өтініш хат жазды. Алдына кірді.
«Университет ректоры
профессор Ө.А.Жолдасбековке
Құрметті Өмірбек!
«Қазақ әдебиеті» кафедрасын ұзақ жыл басқарып келемін. Сенімдеріңізге тек рахмет айтамын. Бірақ, болашақ – жастардікі. Оларды біртіндеп ғылымға тарта баулып, дәстүрлі түрде жетілдіріп, қатарға қосып отырмасақ болмайды.
Бізде ежелгі әдебиет аталатын, қиындықпен оқу программасына қосымша сағатпен күштеумен енген пән жүреді. Биылғы оқу жылында тіл, әдебиет мамандығын үздік бітірген Қыраубаева Алманы кафедраға алып қалсақ деген едік, оған мүмкіндік жоқ екенін айтып отырсыздар. Сағат жоғын мен де сеземін. Әрі ойлап-бері ойлап бір шешімге бекінгендеймін. Мен жасым келген кісімін. Мүмкіндігінше, мені не жарты ставкаға ауыстырыңыздар, тіпті пенсияға шығарсаңыздар да қарсылығым жоқ. Қалай дегенде де, сөйтіп менің сағатыммен Қыраубаева Алманы «Қазақ әдебиеті» кафедрасына алып қалыңыздар.
Қыраубаева Алманың сенімдеріңізді ақтайтынына еш шүбәм жоқ.
Сізге деген құрметпен проф. Б.К.Кенжебаев» делінген еді тілдей хатта.
Екі көзі от шашқан арыстан кеуделі ректор профессордың жүзіне үңіліп қарады, сынай қарады. «Шыны ма, көлгірсуі ме?»
«Алдыма кім келмейді?! Бірақ, мұндай ұсыныспен келіп отырған бірінші профессор! Шынымен, университеттен біржолата кетпекке бекінгені ме? Өз мерейін, мансабын ойлаудың орнына, шәкіртін алға тартып. Абыройлы кісі. Ұлы Мұхтар Әуезов айнымас дос тұтқан, ерекше ықыласты болған десетін еді. Арлы басын қадірлегені-ау, шамасы. Рас болғаны ғой. Текті кісі екен ғой Бейсекең. Шәкірті үшін әрбір профессор осылай шырылдаса ғой, шіркін!?»
– Көке, – деді сосын.
– Көке, әңгіме жоқ, Сіздің шәкіртіңізге бір орын табармыз. Ал өзіңіз кетемін дегенді айта көрмеңіз. Керек болса мына мен де Сізге арқа сүйеп жаңа қызметке келіп отырған жоқпын ба!?
– Ондай болса, рахмет, Өмірбек. Ал, жаңа келіп жатсың қызметке. Сенің де досың, дұшпаның бар. Сөз келетін болса, мен бүгін кетуге дайынмын, қарағым.
– Жо, жоқ, көке, сөз келмейді. Жігіттерге тапсырамын. Бәрі де орындалады. Қызметіңізді атқара беріңіз!
Алма Қыраубайқызының Ұлттық университеттегі өмір жолы осылай сабақталып еді...
Профессор дәріс оқиды. Ассистент практикалық сабақ жүргізеді. Уақытын ғылымға молдау бөлсін деп келер жылы ұстаз шәкіртін аспирантураға ауыстырды.
Ұмытпасам, 1973 жылы «Қазақтың ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» аталатын курстан лекция оқитын профессор Бейсембай Кенжебайұлы сырқаттанып қалды да емтиханды біздің курс студенттерінен екі аспиранты – Арап Еспенбетов пен Алма Қыраубаева қабылдайтын болды. Екі топ. Бірінен Арап қабылдайды, келесісінен Алма... Студент үшін баға үлкен мәселе! Баға мәселесінде Арап дарқандау да, Алма қатаңдау...
Менің де «Бейсекеңнің шәкірті» атанып, мақалаларыммен көрініп қалған кезім. Бейсекеңнің үйінен түстік ішемін... Шамасы, дандайсу пайда болған. Бәлкім, емтиханды Бейсекеңнің өзі алады деп қалдым ба?!.. Әйтеуір, дайындығым шамалы. Оны өзім де білемін. Оның үстіне ауыр курс. Алма апай әрі сұрады, бері сұрады. Қосымша сұрақ беріп жетелеп көрді. Жауабым көңілдегідей болмады. «Бестік» алармын деген басым «үштікті» төңіректеп жүрмін. Әңгімеге Арап араласты. «Төрттік» деген баға алып, басым салбырап шықтым... Басым салбырап шығып бара жатып, естігенім «Ағайдың балаларымыз, біз жақсы оқуымыз керек» деген сөз болды.
Әдебиет әлеміндегі Алма Қыраубаеваны алғаш жақын тануым сол жолы.
Араға бірер жыл салып Алма кандидаттық диссертация қорғады.
Бейсембай Кежебайұлының ол күнгі қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Перзентті болғаннан әрмен қуанды. Күні бойғы әңгімесі көне әдебиет және Алма болды. «Тақырыбы қиын еді. Табандылығымен алып шықты» деп қояды жарықтық, шәкірті диссертация қорғайтын күні кірпі етіп қиған шашын қолымен сипап-сипап жіберіп.
Кейін ойласам, ақсақалдың қуанатынындай бар екен. Бұған дейін М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдиықовты қорғатып, ерте дәуір әдебиетін құлаққа сіңіріп үлгерген ол, Қыраубаева диссертациясымен ғылымдағы дұшпандарын біржолата тұқырта жеңген екен. «Алтын Орда дәуірінің әдебиеті» аталатын тың тақырыптың игерілуі – Бейсембай Кенжебайұлының қазақ әдебиеті тарихын түркітану арнасына зерттеудің тиянақты, тыңғылықты жүзеге асуы, жансебіл ғалым тарихи мектебінің толық қалыптасуының айқын көрінісі болып шықты.
Десе дегендей, Алма Қыраубаева еңбегі қазақ әдебиеттану ғылымы үшін ғана емес, жалпы түркітану ілімі үшін жаңалықты дүние еді. Қуанса қуанатындай бар болатын. Түркологиялық орталықтан алыста бір шалғайда жатып, қазақ әдебиеті тарихын ортақ арналарға қарай қаншама керілген кермеге қарамай, табанды сүйреп келе жатқан әріптесі – «Бейсембай Кенжебаевич» әрекетінен бірдеңе шығатынына мәскеулік достары да сене бастады. Әсіресе, көз көрген достары – С.Малов пен Әмір Нәжіп.
«Алтын Орда» дәуірі әдебиетін А.Қыраубаева талмай зерттеп, талай зерттеулер жазды. Жан-жақты зерттеп, кең танытты, кемел еңбек берді. Өзі «Алтын Орда» дәуірі әдебиетінің бірден-бір білімді, талантты зерттеушісі ретінде мойындалды. «Ғасырлар мұрасы» («Мектеп», 1988) атап, толымды еңбек берді. Оны «Бұл еңбегімді кеңесші аға, кемел ұстазым болған профессор Бейсембай Кенжебаевтың жадымда мәңгі сақталатын жарқын бейнесіне арнаймын! Автор» – деп көне әдебиет көшбасшысы, ұлы ұстазы – Бейсембай Кенжебайұлы рухына бағыштады. Әрі «ХШ – ХІV ғасыр ескерткіштері түпкі бастаулары тереңде жатқан қазақ әдебиетіндегі ежелгі дәуірлердің бір арналы бұлағы. Оны алғаш Бейсембай Кенжебайұлы «Алтын Орда дәуіріндегі түрік әдебиеті» деп атап, бұл бір дәуір әдебиетінің түбегейлі зерттелуі керек екендігін қазақ әдебиеттану ғылымының алдына проблема етіп қойып берген еді» (Аталмыш еңбек, 3-бет) деп адалын айтып, ұстаз рухы алдында басын иіп, тағзым етті.
Расында да А.Қыраубайқызының бұл кітабы тыңға салған түрен дерлік, зерттеусіз жатқан тұтас бір дәуірді алдымен «Қисса сүл әнбия» мен «Мұхаббат наме» секілді екі ескерткіш арқылы тарихи талдау жасап, ғылыми айналымға айналдырған, кейін келе тұтастыра зерттеп арналандыра түскен, ғылымға қосылған үлкен үлес дерлік ғылыми маңызды еңбек болатын. Көз жұмарының алдында аталған еңбегін қайта қарап, тың әдеби ескерткіштермен толықтыра отырып «Алтын Орда дәуірінің әдебиеті» аталатын толымды ғылыми еңбек аяқтаған болатын. Ұмытпасам, көлемді үзіндісі «Егемен Қазақстан» газетінде «Алтын Орда дәуірінің әдебиеті» деген атпен жарық көрді. Ал тұтас ғылыми еңбектің кейінгі тағдырынан хабарсызбын.
Алмадай шәкіртіне дисссертация қорғату жолында Бейсекеңнің С.Малов, Ә.Нәжіп секілді сыйлас мәскеулік ғалымдарды тілектестікпен қолдауға шақыра жанұшырғанын жазысқан хаттарынан, өзінің айтуынан кейін білдім. Қалай айтқанда да «Алтын Орда дәуірінің әдебиеті» – Алма Қыраубайқызындай шынайы ғалымның басты еңбегі болып қала бермек. Еңбектің толымды нұсқасы ұрпақтары қолында болса, толық күйінде қайта бастырса, нұр үстіне нұр. Қолжазбасы табылса қолқабыс жасар едік.
Оқу бітіріп біз жайымызға кеттік. Алма апаймен қайта жүздесуіміз тағы да Бейсекеңнің айналасында.
Біз бала болып Бейсекең қолына кірдік. Алма, Арап, Зинол, Жанғара, Жақа, Зина, Кеңес, Катя... дегендей жастар қарияны қаумалады. Бейсекең тәлімін алсын деп біз оларға есікті еркін ашып қойдық. Мұхтар, Рымғали сынды төл шәкірттері өз алдына, Жарасқан мен Шөмішбай шалдың көңілін сұрай келіп, шарап ішіп еркелеп аттанады...
Алма апай бір күні үйге дәу қара шалды ерте келді. Бала көзбен қараппыз. Әйтпесе елудің ішіндегі кісі болса керек. Алма апайдың әкесі! Мүтәліп Қыраубаев! Көңілді кісі. Халық ақыны. Домбырамен толғады. Әңгіме айтты. Қарық қылды. Елден келген кісі. Қазақша сұрасты. Менің ағам болып шықты. Қыз алысып, қыз беріспейтін жақын ағайын. Әу бастағы келісі – қызына кандидаттық диссертация қорғатқаны, тәрбиелегені үшін алғыс айту секілді. Мүтәліп қария сөзінің әуені – «Әуел баста Құдай алдында сұраусыз – Сіздің қызыңыз дегем. Сол сөзім – сөз! Қыз – Сіздікі, мен әншейін ағасы ретінде қолыңызды алып, алғыс айтып шығайын дегенім ғой...»
Алма апай Бейсекеңнің халін білуге кемі аптасына бір рет келіп кетеді. Әйел адам. Балалы-шағалы. Дұшпаныңа тілемейтін, мінезі біртүрлілеу ері бар. Өлең жазады. Өлең дұрыс қонбаса кісіні қияли етіп жібереді деуші еді. Сол рас болмағай деп ойлап қоямын Алма апайдың елірме мінез еріне қарап. Адамға Аллатағала бар бақытты бірдей бере бермейді екен-ау деймін тағы да іштей. Аттылы кісі дерлік аяулы Алманың күйеуі жаяудан әрман. Тіпті қай жағынан да. От басында толып жатқан осындай қиындықтары бар Алма апай әкесіндей болған ұстаздың халін білуге аптасына уақыт тауып жатады. Адалдығы. Шынында Алма – боямасы жоқ, болмысы таза, шынайы жан еді. Баян екеуміз (менің жарым) Алма апайдың үйіне сирек те болса барып тұрамыз. Апайдың көңіліне қараймыз. Үйді ұқсата ұстап отырған – Алма. Әйтпесе, күйеуі – құдай аманат жан! Сөйтіп жүріп Қаз МУ-да сабақ береді. Сөйтіп жүріп үш қарғасына қарайды. Сөйтіп жүріп ғылым жасайды. Сөйтіп жүріп қазақ қыздарын ұлттық дәстүрде тәрбиелейтін тұрпаты – ұлттық, болмысы бөлек мектеп пе, лицей ме, әйтеуір бір кіші оқу орнын ашты.
Сөйтіп жүріп көгілдір экраннан ән салады тамылжытып. Жамбылдың жыраулық әуенін «Жамбыл сазы» атап кітап жазып, теориялық тұрғыдан дәйектеп, өзі домбырада орындап тірілтетінін қайтерсің?! Абысын-ажындарының атын атап, түсін түстеп «Жамбылдың келіндері» атап толқыған ой, төгілген тілді очерк кітабын жазып аяқтады. Абысындары туралы келін толғамы. Қандай тәлімді! Не айтса ұлттық дәстүрден туындата айтады. Не нәрсе жазса – ұлттық болмыстан туындатып тамылжытып тамаша жазады.Табанды табиғат, мақсатты адам. Әйел басымен осындай ерге бергісіз ірі істердің басы-қасында жүреді. Басы-қасында жүреді емес-ау, зіл-батпан міндетті мойнына артып бір өзі арқалайды. Туған елі үшін тау көтерген Толағай қыз...
Арманы асқақ еді Алма апайдың.
Кейде көзіне жас ала ойға алған армандарын айтып отыратын. Арман жеткен жерге ғұмыр жетпесін білді ме?! Кейде өзі бастаған істері алға жүрмей, көзіне дүние шер болып байланған пенделер жүргізбей қиын қылғанда дықарт болып жасып отыратын. Жасындай жарқылдап ғұмыр кешуге тиісті үлкен ойлы, жұпар жүректі әзиз жанның жасып отырғанын көргенде бірге жасып қалушы едік.
Өнерлі, ойлы жанның бар арман-мұратын тізбелеп отыру орынды бола қоймас. Арман тұтып, алға межелеп қойып жүзеге асырған, асыра бастаған істерін атап-атап өтсек те аз болмас бізге. Тұрмыс ауыртпалығымен тайталаса жүріп тындырған ісінің салмағы қандай Алма апайдың?
Ұстазы ұсынған тақырып дарынды шәкірт үшін ауыр бейнет болумен бірге абыроймен атқарған міндет те болып шықты ақыр көгентүпте. Алма тақырыпты арналандыра еңбек етті. «Ғасырлар мұрасы» монографиясы, «Ежелгі әдебиет» оқулығы, ақын Төрегелді Тұяқбаевпен мойынсерікте тәржімалаған «Махаббат наме» – Алма Қыраубайқызының түркітану саласындағы тындырымды ұзақ жасайтын баянды еңбектері. Н.Конрадтың шығыстанушы И.Крачковский туралы айтатын әдемі бағалауы бар. Шығыстанушы болу – һәм тілші, һәм әдебиетші, һәм тарихшы болуды қажет етеді деген. Алма апай өзінің жоғарыда аталған еңбектерінде шығыстанушыға қажетті әлгі қасиеттерді тал бойына табиғи жинақтаған ірі ғалым! Алманың бұл саладағы еңбектерін М.Жолдасбековтің, М.Мағауиннің қадіріне жете бағалағанын білеміз. Тақырыптас адамдар – тағдырлас адамдар. Олардың арасында бірінің еңбегін екіншісінің қадіріне жете бағалауы да, бағасын біле тұра қызғанып, әділ сөзін айтпаушылық та кездеседі. Бейсекең шәкірттері бір үйдің үйелмен-сүйелмендері секілді ғой. Аты аталған ғалымдардың өзара ынтымағына сүйсінеміз. Әрқайсысының еңбегін дербес бағалап мерейленеміз. Бір өкініші – соңғы жылдары алғаш Бейсекең бағыттаған, шәкірттері тындырымды іс тындырған ежелгі әдебиетке қазіргі жастар зерттеуге бармайтын, баспайтын болды. Өкінішті.
Он алты ақынның айтысын көлемді алғысөзбен кітап етіп бастырған Алма апай «Хисса-дастандар» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Түрлі себеппен кешіктіріп қорғағаны болмаса сәтті ғылыми еңбек жасады.
Алма апай өмірінің соңғы кездерінде Түрік қағанаты тарихынан жекелеген әңгімелер жазып, жариялай бастаған еді. Түрік халықтарына ортақ ежелгі әдебиетті зерттегеннің бір пайдасы! Тарихты деректі баяндап, әңгіме жазу – орыс әдебиетінде С.Алексеевтің тынбай атқарған, бар өмірін бағыштаған сүйікті ісі. Бұрын азаматтық тарихымызда айтылмай келген, айттырмай, ұмыттырып жібере жаздаған қымбат тақырыпта балалар психологиясын ескеріп, олардың қабылдау мүмкіндігіне орайластырып деректі әңгіме дерлік дәйекті дүниелер жазу – Алма апайдың ғалымдығымен бірге шынайы ұстаздығынан да туындап жатқан міндет болатын. (Алмадай курстасының деректі әңгімелерін әдемі кітап етіп шығарып берген Әшірбек Көпішевке өз басым ризашылығымды айта-айта отырамын.) Ол шынайы ұстаз болатын.
Жан Жак Руссоның «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» (З.Қабдолов қазақшалауы) деген ұлағатын Алма Мүтәліпқызына арнайы айтсаң әбден жарасатын еді. Шәкірттері жанына жақын жүретін. Шәкірттері сенісіп әңгімесін айтып, ашық сырласар еді Алма апаймен. Тіпті тұлымшағы желбіреген қыздар, бұрымды бойжеткендер мен бозбалалар анасындай көрер еді Алма апайды. Алма апай да шәкірттерін бауырынан тараған баласынан кем көрмес еді. Олардың көңіл-күй құбылыстарын бақылап, күнделіктерін жүргізетін. Ақыл-кеңесін аямай сырласа отырып, жүректеріне нұр құйып беретін. Тұрмыста бақытты бола алмаған мұңдық ұстаз шәкірт-қыздарының бақытты болуын бар жан-тәнімен тілеуші еді анабейіл Алма! Кісі «Жаным садаға!» деп зарығып көрген, Қорасанға қой айтып жүріп, мойнына моншақ тілеп, Құдайдан сұрап алған туған баласына ғана айтар болар. Шәкірттерінің бақытын аялаумен өткен Алма ұстаз олардың өмірінен алынған түрлі штрих, детальдерді пайдалана отырып жазған публицистикалық кітабын «Жаным садаға!» атап еді-ау! «Жаным садаға»... Алманың осылай аталатын еңбегі қазақ тәрбие мектебінде сирек кездесер тәлім-тәрбиелік өнегесі бойында тұнып тұрған аса қызғылықты, аса бір тағылымды этнопедагогикалық публицистикалық еңбек. Бірде төрімізде мұңданып отырып: «Ұстаз болып сабақ берген соң балалар білімді, бақытты болса деген оймен барыңды бересің. Кейде олар ақыл сұрап алаңдайды. Тапқаныңды айтасың. Кейде ойлаймын: «Осы мен балаларға кітаби тәрбие беріп жүргенім жоқ па? Мен айтар ақыл-кеңес мына құбылған заманаға жарар ма? Адал тәрбиеленгендіктен олар мына теңгенің сылдырына ден қойған зырылдақ қоғам үдерісіне ілесе алмай қалып қойып жүрмей ме? – деп пұшайман боламын» – дегені бар.
Көрдіңіз бе, шәкірттерінің тағдырына қалай алаңдайды Алма апай?! Кейде «ағылшын мектебінде тәрбие жолы былай», «француз мектебінде дәріс ыңғайы мынадай» деп әлемдік алғы мектептер тәжірибесін әңгімелеп отырушы еді. Оқығаны-тоқығаны бар, өз тәжірибесінен түйгені бар, соларды жүзеге асырмақ болып, Қаскелеңнен жер алып, қыздар ұлттық лицейін ашты. Жұмысы жүріп кеп берді. Балалар ықыласты. Балалармен бірге олардың ата-анасы ықыласты болды Алма ашқан мектепке. Бұрын ашылған, әбден қалыптасқан мектептер жабылып қалып жатқанда жаңа мектептің – жаңа типті мектептің аяғынан тұрып, жұмыс істеп кетуі екіталай уақыттар келді дүниені аударып-төңкеріп. Бірер рет Сара Алпысқызы жәрдем етті. Сатымпаздық әрекет, пайдакүнемдік психология иектеді әкім-қараларды. Ақыры Алма апай ашқан ұлттық модельді мектеп жабылып тынды. Үйін еріне қалдырып, балаларын жетектеп шығып кетіп, пәтер жалдап күн кешкенде қабағын мұң шалмаған, ренішке бой алдырмаған Алма апай мектебі жабылғанда күйіп кетті. Кісісі өлгендей күйіккешті тіршілік кешті...
Алма апай, 1997 жылы болар, елу жасқа толды. Алматыда «Ғалымдар үйінде» әдемі кездесу болды. Үй ханшайымы Ғайнекен Бибатырова туған апасына айналып, бауырмалдықпен қызмет етті Алма апай тойына. Төрде Тұрсекең – профессор Тұрсынбек Кәкішұлы отырды. Кешті мен жүргіздім. Шәкірттері Алма апайдың құрметіне көгершін ұшырды. Ақшамда той «Пионерлер үйінде» жалғасты. Тойды Өмірхан Әбдіманов жалғай жетеледі. Тойға анасы қатысты. Курстастары бір үйдің баласындай үйіріліп отырды, иіріліп биледі. Ой, бір тамаша той болып еді. «Бір тойым болары сөзсіз менің...». Қыршын Төлеген ғой. Алманың да бір тойы өтті солай!
Ш.Ыбыраев үшеуміз мектепке арнап оқулық жазбақ едік. Тұрымтай тұсымен, біз Түркістанға көшіп кеттік. Шәкір – Түркиеге! Сол ой аяқсыз қалды.
Алма апайды 2000 жылы Түркістанда ашылған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне оқу бітірушілердің емтихан төрағалығына шақырдық. 12 мамыр күні келді. Алақанға салып аялай күттік. Түркістан жерінде Алма апай сол жолы көп шәкірт тапты. Кісіні табиғи баурап ала жөнелетін кішіпейіл, білімдар, өнерлі жан еді ғой Алма апай. Аудиторияда дәріс те оқыды, Мәдениет сарайында кездесу-сырласу ән-кешін де өткізді Алма апай! Жұрт тәнті. Алма апамыздың өмірге құштар көңіліне дән риза болыстық. Өмірдегі қиындықтарды жеңіп, өмірді құштарлана сүйіп өтіп келеді екен-ау деп ойладым өз басым. Алмадайын ғазиз жүректі асыл адамның текті ұстаным, тебіреністі тіршілік кешуіне соншама қуандым. Бір ай шамасы Түркістанда болып Алма апай Алматыға қайтты.
Әріптес ағасы Мырзекең – Мырзатай Жолдасбеков шақырып, Алма апай жаңа оқу жылынан Еуразия университетіне профессорлық қызметке ауысты. Көп ұзамай сырқатқа ұшырады. Айықпас дерт. Арнайы барып көңілін сұрадым. Аруаққа айналған кейпін көріп жылап қоштастым. Ұлын үйлендірді. Тойына бара алмадым. Ұзамай туған әпкемдей болған аяулы жан дүниемен біржолата қоштасты. Сонда ойлаймын-ау, Түркістанға төркіндей келгендей болған екен-ау деп. Сонда ойлаймын, Түркістанға төркіндеуге ғана емес, бой жасауға да келгендей екен-ау деп.
Қазақта әпке деген әдемі ұғым бар.
Аса дарынды әдебиетші ғалым, дарынды әнші Алма Қыраубайқызы туған әпкемдей болған ғазиз жүрек жан еді. «Ақынның тойы тарқамайды...». Кім айтқаны есімде жоқ. Өмірде күрсінісі көптеу ғұмыр кешіп, жастау кеткен Алма апай да тойы тарқамас қазақтың ақынжанды ғалым қызы еді, шіркін!
Қайран, қазақ қыздары!..
Құлбек ЕРГӨБЕК. Түркістан.