11 Наурыз, 2011

Қолжетімді үйлер көбейе түспек

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Халықты тұрғын үймен қамту мәселесі қашаннан өзекті болып келеді. Осы күрмеуі қиын шаруаны жүзеге асыру үшін елімізде көп жұ­мыстар жасалуда. Соның бірі де, бірегейі 2010-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы болып табылады.Тұрғын үйді салу мен таратуды «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ар­қылы жүзеге асыру көзделген. Ма­ман­дардың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар банкпен келісілген жобаларды таңдаған соң тұрғын үй құрылысын пайдалануға беруді қамтамасыз етеді. Банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушы­лар қатарынан тұрғын үй сатып алушылар пулын құрып, олардың арасында пәтерлерді бөледі, пул қатысушылары өздеріне бөлінген пәтерлерді тұрғын үй құрылыс жи­нағы мен банк берген тұрғын үй зае­мы есебінен сатып алады. Тұрғын үйді пайдалануға берген сәтте тұр­ғын үй заемын алу талаптарын орындаған банк салымшылары сатып алушылар пулын құру кезінде ба­сымдыққа ие болады. Аталған тұр­ғын үйді сатып алу аралық және алдын-ала тұрғын үй заемдары есебінен де жүзеге асырылады. 2011-2013 жылдары еліміздің барлық облыста­рының, Астана және Алматы қа­лаларының жергілікті атқарушы ор­ган­дары республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларына арналған 3 санат­тағы жайлылық деңгейі бойын­ша тұрғын үй құрылысын қаржы­лан­дыруға 80,84 миллиард теңге қаржы бөледі. Осы бағдарламаға байланысты облыстық құрылыс басқармасында өткізілген дөңгелек үстелде құрылыс саласының және «Қазақстанның тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының өкіл­дері бұл мәселелерге кеңірек тоқта­лып, тереңірек түсінік берді. Облыс бойынша үш жылда 93600 шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жос­парланып отыр. Бұл шамамен 1170 пәтер. Оған республикалық бюджеттен 8 миллиард 428 миллион теңге бөлінген. Биыл 26100 шаршы метр тұрғын үй салынады, яғни 400-ге жуық пәтер пайдалануға беріледі. Жаңа пәтерлердің 1 шаршы метрі 90 мың теңге тұрады. Жаңадан салына­тын үйлер қаланың «Болашақ» және «Батыс-2» шағын аудандарында бой түзейді. Әсіресе, «Батыс-2» шағын ауданында құрылыс қарқынды жүр­гізілетін болады. Мұнда тұрғын үйлерден бөлек «Дина» гипермаркеті, инновациялық мектеп, балабақша және басқа да нысандар бой көтер­мек. Бұл жолғы салынатын үйлердің сапасы алдыңғылардан әлдеқайда жоғары болмақ. Таза кірпіштен қала­натын үйлердің іші де тәуір материалдармен сыланып, сыртқы есіктеріне хабарласу аппараты қондыры­лады. Қазірдің өзінде бұл аумақтарға инженерлік желілер жүргізіліп жа­тыр. Дөңгелек үстелге қатысушы қала­лық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Геннадий Дудаковтың мәлімдеуінше, жақында құрылыс жүр­гізетін мердігерлер арасында тен­дер өтеді. Жеңімпаздар анықталып, күн жылығасын-ақ құрылыс баста­лады. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында осы бағдарламаға қатысушы­лар алғашқы пәтерлерге қоныс­танады. Бұл үйлерге қол жеткіземін деушілер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» өтініштерін білдіреді. Ха­лыққа төмен пайызбен несие беру үшін мемлекет банктің жарғылық қорына 26 млрд. теңге қаржы бөлген. — Біздің банк арқылы баспаналы болғысы келетіндер алдымен үш жыл бойына пәтердің жалпы құнының 50 пайызын жинайды. Содан кейін 4-5 пайыздық өсіммен қалған 50 пайы­зын несиеге алады. Сатып алғалы отырған пәтерін кепілге қояды. Қа­зір­гі таңда біздің 15 мыңға жуық салымшыла­рымыз бар. Оның тең жартысы тұрғын үй алуға қаржы жинаушылар — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Гүлнар Дабылова. Биылғы Жолдауда «Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі» деп атап көрсетілген болатын. Қазір қолға алынып жатқан жаңа бағдар­лама осы міндеттерді түбегейлі шешуге бағытталған. Мұның өзі халық­тың жайлы да арзан пәтерлерге ие болу мүмкіндігін арттыра түсетіні сөзсіз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.