Нарық заңдылығының қаталдығынан ба, дүкендер мен базардағы азық-түлік бағасы шарықтап-ақ тұр. Әрине оны әркімнің қалтасы көтере бермейді. Осыған байланысты өңірде бағаны тұрақтандыру мақсатында тиімді шаралар жалғасуда. Мәселен, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы жанындағы бақылау комиссиясы азық-түлік бағасын төмендету мен мүмкіндігінше тұрақтандыруды қолға алды. Халық тұтынатын тауар бағаларын зерттеп, бағаға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыр. Нәтижесі алаңдатарлық екені байқалды. Үкімет тапсырмасында әлеуметтік маңызды тауарлардың 27 түріне шектеу қойылғаны нақтыланған. Шектеулі бағаны бұзып, оны себепсіз қымбаттатқан сауда орындарының басшылары мен жеке сатушыларға шара қолданылатын болды. Бұл мәселенің бір қыры ғана.
Өңірде ағымдағы жылы ауылшаруашылық тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қосымша жүзден аса жәрмеңке өткізілді. Оған әкелінген өнімдердің құны сауда орындарынан 15-20 пайызға төмен болғандықтан, тұтынушылар ризашылық білдіргені құптарлық. Демек, оны дамыту қажеттігі күн тәртібіне қойылуда.
Талдықорған қаласында 3 наурыздан басталған жәрмеңке бір ай бойы жалғасатын болды. Қалаға 16 аудан мен 3 қаладағы тауар өндірушілер қатысып, шаруа қожалықтары өндірген өнімдерін тұтынушыларға ұсынды.
Таңертенгі 9 шамасында жәрмеңкеге өзгелермен қатар келдік. Сауда енді ғана қызыпты. Мұнда Алакөл, Балқаш, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар аудандарының тауар өндірушілері ұсынған жылқы мен сиырдың, қойдың еті самсап тұр. Алакөлдің балығын арқалағандар да бар. Қарасайлықтар көкөніс пен бақша дақылдарының түр-түрін, жұмыртқа, құс етін саудаласа, ілеліктер нан, сүт өнімдерінің, бал, шұбат, тағы басқа азық-түлік түрлерінің мол қорын әкеліпті. Мәселен, тауық етінің килосы – 150, кеспе түрлері де базардағыдан 15-20 теңгеге арзан. Ылдым-жылдым қимылдаған өзін Бақытгүл Тұматаева деп таныстырған сатушы сиыр етінің килосын 650-700 теңгеден өлшеп, кезектегілерге сату үстінде. Ауылда тұрған соң, төрт түлік мал ұстаймыз. Жыл сайын өз төлі есебінен өскендіктен артығын саудалап, қажетімізге жаратамыз. Бүгін үш ірі қараның етін әкелдім. Мереке жақындады ғой, баға төмен. Оған қатарлас Мыңбаев пен Шиен ауылынан келген сатушылар да тауарларын саудалау үстінде. Мыңбаевтық Эльмира қырыққабаттың килосын – 80, қызылшаны – 85, сәбізді – 75, картопты – 85, алманы 320 теңгеден саудалағандықтан едәуір адам кезекке жиналыпты. Бағаның қолжетімді екендігіне бәрі де риза.
Осы күнгі жәрмеңкеде миллионнан астам теңгенің азық-түлігі тұтынушыға ұсынылғанын білдік. Оның ішінде 195713 кило ет, 10587 кило көкөніс, 6850 кило жеміс-жидек және басқа да азық-түлік түрлері саудаға түсті. Осылайша, жетісулықтар бағаны тұрақтандыруда байыпты көзқарас танытып, шаһарлықтар жәрмеңкенің игілігіне бөленді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.