САЙЛАУ-2011
Кезектен тыс президенттік сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары заң тәртібіне сәйкес басталып кетті. Осы орайда біздің тілшіміз ОСК мүшесі Ләззат Сүлейменге жолығып, сайлау науқанына байланысты біраз сауал қойған болатын. – Ләззат Жаңылысқызы, кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық жұмыстары басталғанына біршама уақыт болды. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары да басталып кетті. Осы орайда Мемлекет басшысы Бас прокуратураға заңдылықтың сақталуын қадағалауды қатты тапсырды. Осы заңдылықтың сақталуы тұрғысынан әңгімелей отырсаңыз. – Иә, кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Бұл – жалпы сайлау науқанының маңызды кезеңі. Сайлауалды үгіт жүргізу тәртібі «Сайлау туралы» Конституциялық заңмен реттеледі. Заңда кандидаттардың үгіт жүргізуі 3 бағытта қарастырылған: бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жүргізу, жария іс-шаралар (жиналыстар, сайлаушыларымен кездесулер, пікірталастар мен пікір алмасулар, т.б.) өткізу, баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығарып, тарату. Мемлекет кандидаттардың өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшін, соның ішінде теледидардан 15 минут, радиодан 10 минут сөз сөйлеуіне және республикалық басылымдарда көлемі 0,1 баспа табақ немесе 540 см2 көлемдегі екі мақала жариялауына бірдей қаражат бөледі және бұл қаражаттың заңмен көзделген мақсаттарға пайдаланылуын қадағалап отырады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 6-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларымен бірлесіп барлық кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыруы үшін орын белгілейді және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Бұл ретте сайлауалды үгітке арналған баспа материалдары барлық кандидаттар үшін тең құқықтар қамтамасыз ететін жағдайда орналастырылады. Арнайы стендтер, тақталар мен тұғырлықтарда барлық үміткерлер үшін тең көлемде орындардың бөлінуі қамтамасыз етіледі. Сайлау туралы заң талаптарына сәйкес жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс. Бұл ретте үй-жай беру кезектілігі кандидаттардан тиісті өтініштердің түсу ретімен белгіленеді. Айта кету керек, кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін үй-жайлар жалдауға да, баспа үгіт материалдарын басып шығаруға да, республика аумағында үгіт жүргізуі үшін көліктік шығындарына да қаржы бөлу заңмен көзделген. Барлығы, президенттікке кандидаттың әрқайсының сайлауалды үгіт-насихат жүргізуі үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен 6 млн. 300 мың теңгеге жуық қаржы бөлінген. – Жақсы, мемлекеттік кепілдік теңдей болады екен, ал қорлар бойынша қалай? Жалпы қордағы қаражаттың шектеулі көлемі қаншалықты? – Жоғарыда айтып кеткен мемлекеттік қаржыландырудан тыс, әрбір кандидат сайлауалды үгіт жұмысын өзінің сайлау қоры қаражаты есебінен де жүргізе алады. Бұл кандидаттың сайлау қорын құруына байланысты. Сайлау қоры кандидаттың жеке қаражатының, кандидатты ұсынған саяси партияның, я болмаса қоғамдық бірлестіктің қаражатының және республика азаматтары мен ұйымдарының қайырылымдықтары есебінен құралады және 432 млн. теңге шамасынан аспауы тиіс. Сайлауалды қорға жиналған қаражаттың мөлшері мен жұмсалуын Орталық сайлау комиссиясы бақылап отырады және сайлау науқаны аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жария етіледі. – Сайлауға байқаушылар қалай қатысатын болады? – Жалпы бір айта кететіні, байқаушылар Қазақстандағы сайлауларға өте белсенді қатысады. ЕҚЫҰ-дан 436 байқаушы келеді деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта 59 адам тіркеуден өтті, оның 44-і Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан. Ұзақ мерзімді байқаушылар жұмыстарына қазірдің өзінде-ақ кірісіп кеткен. ТМД Миссиясы құрамында 400-ден аса байқаушы келеді деп отырмыз, ал одан кейін тікелей келетіндер және шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері бар, қысқасы, біраз байқаушы жұмыс істейтін болады. Өткен сайлауда 1600-ден астам байқаушы қатысса, осы жолы да одан кем болмайтын шығар. – Кандидаттардың сенім білдірілген адамдары жайында не айтасыз? – Сайлау заңнамасында президенттікке кандидаттардың сайлау науқанын жүргізуге көмектесетін, сайлау алдындағы үгіт жүргізетін, кандидаттардың мүддесі үшін жұмыс істейтін сенім білдірілген адамдарының болу құқы көзделген. Олардың саны әрбір сайлау учаскесінде 3 адамнан аспауы тиіс. Одан кем болуы мүмкін, бірақ асып кетпеуі шарт. Сайлау комиссиясы кандидаттың сенім білдірілген адамын бұл азаматтың сенім білдірілген адам болуға келісімі туралы өтінішінің негізінде тіркейді және тиісті куәлік береді. Жалпы, сенім білдірілген адамдар неғұрлым белсенді болса, өз қызметін заң талаптарын басшылыққа ала отырып ұйымдастырса, президенттіктен үміткер үшін соғұрлым тиімді. Ал, заң талаптарына қайшы әрекет еткен жағдайда олар өз мәртебесінен айырылады. Яғни, жауапкершілік жоғары болуы тиіс. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше