17 Қараша, 2016

«СК-Фармация» мемлекеттің 11 млрд. теңгесін үнемдемек

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2017 жылы Қазақстанның бірыңғай дистрибьютері арқылы дәрі-дәрмектерді сатып алудан 11 млрд. теңге үнемделеді деп болжанып отыр.  Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында «СК-Фармация» ЖШС басшысы Нұржан Әлібаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «СК-Фармация» АҚ 2016 жылы барлық қажетті дәрі-дәрмектерді толықтай сатып алды. Олардың бағалары 2014 жылғы деңгеймен қалды. Тиісінше, 4,6 млрд. теңге үнемделді. Мысалы, көрші Ресей елі дәрі-дәрмектерді сатып алуға кететін қаражаттың көлемін ұлғайтуға мәжбүр. Бізде болса, баға бұрынғы деңгейде қалып отыр. Бірыңғай дистрибьютер орталықтандырылған сатып алуды жүзеге асыру және бағалардың тұрақтылығы бойынша өзінің тиімділігін көрсетті», - деп атап өтті ол. Оның сөзінше, 2014 жылы бірыңғай дистрибьютердің үстемесі 10 пайызды құраған. 2015 жылы 4-ші тоқсанда оның деңгейі 8,5 пайызға төмендетілді. «1 қаңтарда оның деңгейін 8 пайызға төмендету жөнінде ұсыныспен шықтық. Сонымен қатар былтыр компания басшылығы өзінің бонустарынан бас тартты, бұл шамамен - 50 миллион теңге. 2017 жылы 1 қаңтардан бастап, біз үстеме пайызды 7 пайызға дейін кемітеміз. Бұл өз кезегінде мемлекетке де, кәсіпкерлерге де салынатын жүктемені азайтады. Биыл келесі жылға арналған сатып алу алдын ала жасалды. 2017 жылға арналған дәрі-дәрмектер мен бұйымдардың 92 пайызы сатып алынды, жыл соңына дейін 8 пайызын сатып алу қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, үнем 10,8 млрд. теңгені құрайды», - дейді Н.Әлібаев. Компания басшысының сөзі бойынша, бүгінгі таңда сатып алынған 896 дәрілік заттың 462-сі - отандық өнім. Оның үлесі 50 пайыздан асады. 2017 жылы отандық өнімдерді сатып алудың динамикасы 2010 жылмен салыстырғанда, 6 есеге өсіп, 30 млрд. теңгеден астамды құрады.