17 Қараша, 2016

Ардагер спортшы өнегесі

644 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Спортты серік еткен қарияларға ұқсағың келеді. Олар жасы еңкейгеніне қарамастан, республикалық, халық­аралық жарыстарда облыс намысын қорғап, бәйге төрінен көрініп жүр. Мұны соңғы күндердегі табыс­ты жолдардан да байқауға болады. Велошабандоз Валерий Карагаев Астанада өткен ардагерлердің республикалық «MASTERS» ашық чемпионатынан алтын медальмен оралды. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Египет және Францияның 117 әуесқой спортшысы қатысты. Мұның өзі сайыстың өте тартысты өткенін көрсетеді. Осынау тайталаста көкшелік 66 жастағы ақсақал 9 және 20 шақырымдық қашық­тықта алдына жан салмады. Сөйтіп, Валерий Геннадьевич Павлодар қаласында өтетін халықаралық жарысқа жолдаманы жеңіп алды. «Халықаралық жарыс» демекші, бұл деңгейде де ақмолалық қариялардың жоғары көрсеткіштерге жетіп жүргенін айтқымыз келеді. Жуырда Финляндияның Сейняйоки қаласында ардагерлер арасында грек-рим күресінен әлем чемпионаты өткізілді. Бұл додаға таңдаулы 250 спортшы қатысып, 7 салмақ дәрежесінде күш сынас­ты. Жарыс қорытындысында Көкшетаудағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұхтар Усин мен жаттықтырушы Владимир Щербаков күміс медальді жеңіп алды. Бұл Қазақстан командасының екін­ші орын алуына қосқан сүбелі үлес екендігі айқын. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы