17 Қараша, 2016

Саңлақтардың суреті пошта маркасында

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлттық Олимпиада комитеті «Қазпошта» акционерлік қорымен бірлесе отырып, Орталық коммуникациялар қызметінде 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арналған пошталық маркаларды таныстырды. «Спорт» топтамасына кіретін «Рио-де-Жанейродағы XXXI Олим­пиялық ойындар» тақыры­бындағы маркаларға мөр басу салтанатына «Қазпошта» АҚ сыртқы байланыстар бойынша басқарушы директоры Әсет Тұрысов, Ұлттық Олимпиада комитетінің атқарушы директоры Серік Қасқабасов, Рио Олимпиядасының алтын және күміс жүлдегерлері Дмитрий Баландин, Нижат Раxимов, Васи­лий Левит пен Әділбек Ниязым­бетов қатысты. «Төрт жыл сайын жанкүйерлер Олимпиада ойындарындағы спорт саңлақтарымызға жеңіс тілеп, медальдар күтеді. Спорт­шыларымыз халықтың үмітін ақтауда. Жеңім­паз­дарымыздың құрметіне маркаларды шығаруды жоспарлап, реттеушілерге жібердік. Жалпы, спортшыларға арналған маркаларды осыған дейін де шығарғанбыз. Алдында Геннадий Головкинге арналған маркалық блокты айна­лымға енгіздік», – деді «Қаз­пошта» АҚ сыртқы байланыстар бойынша басқарушы директоры Әсет Тұрысов. Ұлттық Олимпиада коми­теті­нің атқарушы директоры Серік Қасқабасов өз сөзінде спорт­шы­ларға қолдау көрсетіп отырған «Қазпоштаға» алғыс білдірді. «Спортшыларымыздың жетістіктеріне арнап пошталық маркалар шығару барлық қазақ­стандықтар үшін маңызды. Жеңім­паздарымыздың еңбек­қорлы­ғымен келген Риодағы жеңіс­тер отан­дастарымыздың мақта­нышы», – деді С. Қасқабасов. «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Банкнот фабрикасы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басып шығарылған пошталық маркаларда 2016 жылғы Рио Олимпиадасының алтын және күміс жүлдегерлері Данияр Елеу­сінов, Дмитрий Баландин, Нижат Раxимов, Гүзел Манюрова, Жазира Жап­парқұл, Василий Левит, Елдос Сметов, Әділбек Ниязымбетов бейнеленген. Маркалардың таралымы – 40 мың дана, белгіленген бағасы – 200 теңге. Айдар Өрісбаев, «Егемен Қазақстан»