17 Қараша, 2016

Қазіргі заман қаһармандарына құрмет

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс орталығы мен Ақсу қаласында «Қазіргі заман қаһармандары» республикалық шарасына қатысушылармен кездесу өтті. Бұл шара қылмыскерлермен күрес кезінде қаза тапқан ішкі істер саласының қызметкері, Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың құрметіне арналды. – Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың арнайы тапсырмасымен «Қазіргі заман қаһармандары» атты шара өтуде. Яғни, бұл игі іс патриоттық тәрбие, ішкі істер органдарының беделін көтеріп, халықтың оларға деген сенімін арттыруға бағытталды. Ал мұның бас­тауы 2013 жылы Ғазиз Байтасовтың ту­ған жері – Жамбыл облысында өтсе, 2015 жылы Қызылорда облысында ұйымдастырылған еді. Биылғы жылы жалғасын Павлодар өңірінде тапты, – дейді министрліктің кадр жұмысы департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев. Өткен жылдары елімізде кеудесін оқ пен отқа тосқан 763 полиция қызметкері қаза тауыпты. Ал Ұлттық ұлан мен ішкі істер бөлімінің 1093 қызметкері мем­лекеттік дәрежеде марапатталған. Өкі­нішке қарай, олардың 115-іне қаза тапқан соң марапат берілді. Бұл тізімнің ішінде павлодарлық полицейлер де бар. Олар өз өмірлерін қиып, көп­теген тұрғындарға төнген қауіпті сейілтті. Сондықтан, солтүстіктегі облыс орталығына еліміздің әр өңірінен жиналған бүгінгі күннің батырларын жұртшылық мақтанышпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Полицейлердің бірі қауіпті қыл­мыс­кер­ді ауыздықтаса, бірі суға секірген адамды, енді бірі отта қалған сәбилерді құтқарды. Олар – Оңтүстік Қазақстан облысынан Бексұлтан Кеңесов, Сәбитжан Аязханов, Жамбыл облысынан Данияр Зәуірбек, Алматы облысынан Мақсат Әлиев, Серікбек Алпысбеков, Қарағанды облысынан Дәурен Алтаев, Қостанай облысынан Ерлан Таңжарықов, Қызылорда облысынан Нұрлыбек Нұртаев, Шығыс Қазақстан облысынан Тілек Шаяхметов пен Ерлік Кокашев, Алматы қаласынан Нұрсұлтан Қартбаев, Астана қаласынан Өміржан Темірбеков, Павлодар облысынан Аман Әубәкіров, Қосымбай Нұржауар және Сырым Сүндетов сынды азаматтар. Тағзым етіп, еске алу кеші Алматы қаласының ішкі істер департаменті ансамблінің өнер көрсетуімен аяқталды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы