Терең пайымды тебіреніс
Биыл менің «Ижевский» агрокешеніндегі директорлық өтілім 50 жылға толып отыр. Осы уақыт аралығында көп нәрсені көрдім, көңілге түйдім. Өмірдің өзі ұстаз болды, тәлімгерлер арасында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты айрықша құрметтеймін. Ел іші мен шетелдерге сапарлас та болдық, біздің шаруашылығымызға жиі ат басын бұрып тұрды. Терең пайымды, заңғар ойлы әңгімелеріне қанықпын, кітаптары үйімнің төрінде тұрады. Елбасы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында «Ұлы Дала ұлағаттары» атты еңбегін жариялап отыр. Еңбектің өнебойы тұнып тұрған тағылым, халық көшін алға бастар даңғыл жол деп түйдім. Баршамыздың бойымызға болашақтың жарқын сенімін қалыптастырады, оған жетудің жолдарын көрсетеді. Әсіресе, еңбектің Қазақстан астаналарының мән-маңызынан басталуы көп нәрсені аңғартады. Астана – ұлттық мұраттардың ұясы. Нұрсұлтан Әбішұлының осы еңбегінде: «Елордамыздың іргетасын мықтап қалап алғанымыздың өзі біле білгенге, аса маңызды, мәңгілік мәні бар тарихи шешім болды», деуі осыдан. Бұл шын мәнінде Тәуелсіздігіміздің елең-алаңындағы геосаяси мәселелер тұрғысынан қарағанда данышпандық қадам екенін уақыт дәлелдеді. Қазақстанның үні шартарапқа жаңа болмысымызбен жетіп тұр. Астана төрінде халықаралық форумдар, саммиттер, симпозиумдар, құрылтайлар өткізілді. Елбасының сөзімен айтқанда, «Біз осынау ұлы басқосулардың арқасында ай астындағы абыройлы Алаш жұртының даңқын асқақтаттық. Өзімізді таныттық, мемлекеттік ғұмырнамамызды байыттық». Қазақ халқының «Кішкентай үй үлкен отауға қарайды» деген дана мақалын мен де қайталағым келеді. Астарында орасан рухани қуат бар. Еліміз ордалы отау – Астанаға қарап бой түзеуде. Біздің «Ижевский» Астананың агломерациялық аймағында орналасқандықтан, жүктелер міндеттің жауапкершілігін жақсы түсінеміз. Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруды абыройлы мәртебе санаймыз. Ибрагим ЖАНҒОРАЗОВ, «Ижевский» ЖШС директоры, Социалистік Еңбек Ері, «Достық» орденінің иегері Ақмола облысы, Аршалы ауданыБасты байлығымыз – бірлік
Бас басылымда жарияланған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты еңбегін үлкен тебіреніс үстінде оқыдым. Өйткені, онда біздің мемлекеттігімізді қалыптастырушы ерек тұлғаның ел-жұрты туралы тұшымды толғаныстар тұнып тұр. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Мемлекет басшысы осы ширек ғасыр ішінде халқымыздың қандай қуанышты һәм қиындықты кезеңдерді артқа тастағанын түсінікті әрі тамаша баяндайды. Бұл шығарма бізге, қарапайым оқырманға, қабырғалы қалың елге Елбасының ойы мен саясатының жүлгесін таныта отырып, кейбір тарихи шешімдердің тереңіне үңілдіреді, астарына бойлатады. Бұл шын мәнінде біздің елдігіміздің ширек ғасырлық кезеңіндегі жеткен жетістіктерінің адами тұрғыдан саралануы, халықтық тұрғыдан бағалануы, әлемдік тұрғыдан танылуы десек болады. Біз, қазақстандықтар, өткенге салауат айтып, келешекке аманат тапсыра білген тамыры терең елміз. Әдеттегідей, бұл туындыда да Президентіміздің парасаты халықтың бірлігіне сызат түсірмеу жолындағы сарабдал саясатымен көрінді. Бұл майдан қыл суырғандай нәзік ұстаным барлық бағдарламаларды жүзеге асырудан да қиын. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген сөз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы ғасырлар тоғысындағы тәуелсіздікті тұрақтылық пен келісім арқылы баянды етуге ұмтылған саясаткер. Бұл жолда ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс-бітімнің алатын орны зор. Елбасы – қазақтың қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан қасиеттерінің қажеттісін ел мүддесіне ұтымды пайдалана білген сұңғыла басшымыз. Айталық, алапат кесапаттар мен зобалаңдардан өткен халықтың төзімділігі қандай болса, бауырмалдығы да сондай. Осы кең қолтық қазақтың жақсылығын көрген ұлт пен ұлыстың өкілдері бүгінде бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Қазақ мұны «көрші ақысы – құдай ақысы», «бірлік болса, тірлік болады» деген мақал-мәтелдерімен әрдайым шегендеп отырады. Елбасы да көпшілік бірлігін бәрінен жоғары қоя білгендігімен ел көңілінен шығып келеді. Мәңгілік Елді тұғырлы етудің ақиқатты алғышарты – бірлік. Ұлы Дала ұлағаты – ұлт пен ұлыстың татулығы. Елбасы еңбегі осы ойды тарата білуімен тартымды. Надежда ШУШАНИКОВА, облыстық лингвистикалық орталығының қазақ тілі пәнінің оқытушысы, филология магистрі ӨСКЕМЕН