17 Қараша, 2016

Отандастарымыздың ортақ қуанышы

246 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
bal_6530Еліміз Ұлттық валюта күнін атап өтіп жатқан кезде мен алғаш рет өзіміздің банкнотымыз – теңгені көр­ген және қолымда ұста­ған сәтімді еріксіз еске түсі­ре­мін. Шынымды айтсам, ол кезде теңге біз үшін тек сатып алушы мен сату­шы арасындағы айырбас құралы ғана емес, соны­мен бірге тәуелсіздіктің, мем­лекеттіліктің өте маңызды эле­менті, тіпті мүлде жаңа қазақстандық дүниетанымды қалыптастыру құралы болады деп ойлаған емеспін. Алғашқы банкноттардың түп-төркіні Англиядан болатын, бірақ бүгінде өзіміз қолданып жүргендер – толықтай өзіміз­дікі, қазақстандық. Қазақстанның тарихында көптеген даңқты беттер бар, қазір мен солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев Се­мей ядролық полигонын жап­қан 1990 жылдың 29 тамызын еске түсіргім келеді. Ол кезде әлі де Қазақ КСР-і бола­тын, бірақ мен қазір біздің Президентіміздің сол кез­де қабылдаған шешімі Тәуелсіздігіміздің хабаршысы болғанын, оның біздің Көшбасшымыздың және елі­міздің қандай болуы мүмкін екенін көрсеткенін түсініп отырмын. Тәуелсіздіктің 25 жыл­ды­ғына арналған банкнот­та Тұңғыш Президент портре­тінің бейнеленуі –  бүкіл Қазақстан халқының Нұрсұлтан Әбішұлының өз елі үшін және отандастары үшін жасаған барлық жақсылық­тарын жақсы түсінетін­дігінің және өте жоғары бағалай­тын­дығының белгісі. Мен жаңа банкнотты қанағаттану­шылық сезіммен қарап шықтым. Дизайны өте тамаша, бірнеше еселенген қорға­ныш жүйесі бар. Ол Қазақ­стан қоғамының бұрын­ғы­дан бетер топтасуына және бірігуіне жағдай жасайтын болады деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің төл тең­ге­сінде Тұңғыш Прези­ден­тіміздің тұлғасы бедер­ленуі – тарихи оқиға. Отан­дас­тарымыздың ортақ қуанышы. Ел мерейі еселеп өскен 25 жыл ішінде қол жеткен табыстар осының айғағы. Әлем мемлекеттерінің тари­хында көшбасшыларды ұлттық валютада бейнелеу дәстүрі бар. Нельсон Ман­­дела, Мұстафа Кемал Ата­түрік, Ли Куан Ю, Уинстон Черчиль сияқты таңдаулы тұлғалар тобынан біздің Елбасымызды көру зор қуаныш. Анатолий БАШМАКОВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі

Жетістіктеріміз –  Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі

Біздің еліміз айрықша тарихи оқиғаның – Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығының қарсаңында тұр. Қазақстан секілді жас республика үшін бұл – өте маңызды күн. Біздің Конституциямыз, егемендігімізді алғаннан кейін шегенделген шекарамыз, көк Туымыз, еңселі Елтаңбамыз және асқақ Әнұранымыз, содан кейін, біздің ұлттық валютамыз – теңге – дербестігіміздің төл нышандары болып табылады. Осыдан жиырма үш жыл бұрын Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен ұлттық валютамыздың шыққанын және оның айналымға енгенін жариялады. Міне, сол кезде еліміздің тағы бір маңызды іргетасы қаланды. Қуаныштысы сол, біз Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы Ұлттық валюта күнінде Тұңғыш Президенттің суреті мен мемлекетіміздің символы бейнеленген он мың теңгелік банкнотты шығардық.  Әр елдің мемлекеттігінің қалыптасуына, дамуына орасан күш жұмсаған көрнекті тұлғалардың суреттері төл купюраларына басылуы әлемдік тәжірибеде ілгеріден бар үрдіс. Осы уақытқа дейінгі қазақстандық теңгелерде біздің ұлы философтары­мыз­дың, тарихтағы билеу­ші­леріміздің, бірегей музы­кант­тары­мыздың бейнесі болғаны елдің есінде. Енді бұл қатарға Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті қосылды. Мұны барша халықтың, қоғамның Елбасының егемендігімізді қалыптастырудағы айрықша рөлін, қарыштап дамуымыздағы баға жетпес еңбегін тануы және бағалауы деп білемін. Сондықтан мұндай ескерткіш банкноттың пайда болуын маңызды оқиғалар санатына қосуымыз керек. Бұл бұдан әрі дамуға ұмтылуымыздың және өтіп бара жатқан жылдың сәтті символы болып қалары сөзсіз.  Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы

Табыстарымызды жарқырата көрсете білейік

1993 жылы Өскемен қала­сын­да дивизия командирі болып жүргенмін. Бірде бізден ақша тиелген вагондардан жаңа ұлт­тық валютамызды түсіруді сұра­ды. Бұл қуаныш әлі есімде. Өйт­кені, біз әртүрлі салада – бірі­міз генерал, біріміз мұғалім, бірі­міз дәнекерлеуші болып қызмет ат­қарып, жұмыс істесек те, барлы­ғымызды бір нәрсе ғана біріктіреді, ол – патриотизм. Біз – патриотпыз. Патриот дегеніміз – Отанын шексіз сүйетін, оған барлық күш-жігерін жұмсайтын, соның жолында ерлік жасайтын адам. Ал мен өзімді Қазақстанда тұратындығым үшін бақытты сезінемін. 1985 жылға дейін Ростов облысы Новошахтинск қаласында тұрған қарапайым кеншінің ұлы болғанымды мақтан тұтамын. Содан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Орталық әскери округінің қолбасшысы болып, «Астана» өңірлік әскерлері қолбасшылығында қызмет еттім. Астана қаласында ұйымдастырылған алғашқы парадты жүргізу мен үшін үлкен құрмет болды. Біз Президентіміз үшін және еліміздің игілігі үшін адал қызмет етуге әрқашан дайынбыз. Ал Қазақстан Көшбасшысы суреттелген жаңа естелік банкнот еліміздің жиырма бес жыл бойғы қадамдары мен жетістіктерінің заңды жалғасы және нәтижесі болып табылады. Владимир ШАЦКОВ, армия генералы, Қорғаныс министрлігі «Әскери-техникалық мектебі» РМҚК бас директоры