11 Наурыз, 2011

Мерекелі жылға жарты миллиард теңге!

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарасу ауданының әкімі Амантай Сей­фуллин мен осы өңірдегі жергілікті бизнес өкілдері екі жақты меморандумға қол қойды. Мұндағы мақсат – әлеуметтік са­ланы дамыту арқылы ауданның, ауыл­дар­дың көркеюіне үлес қосу. Ел тәу­ел­сіз­дігінің  20 жылдығын  лайықты деңгейде атап өту үшін  әр қазақстандықтың  ат­са­лыс­қаны маңызды. Мұны Мемлекет басшысы өзінің биылғы  Жолдауында да  атап айтқан болатын. Ал  ауылды жерлердегі әлеуметтік мәселелердің  шешімін табу үшін кәсіпкерлердің атсалысуы керек-ақ. Сондықтан әлеуметтік жобаларды  жүзеге асыру үшін ауданда құрылған қорға ауылшаруашылық тауар өндірушілері,  жергілікті орта және шағын бизнес кәсіпорындары 550 миллион теңге қаражат құймақ. Ауданда бүгінде кәсіпкерлермен  барлығы 195 меморандумға қол қойылды. Аудан әкімінің айтуынша, биыл бұл өңірде атқарылатын іс шаш етектен. Жаз айларында облыстық  «Тың» спарта­киа­да­сын өткізу де аудан үшін бір бел. Өйт­кені, ауданда заманауи талапқа сай стадион да жоқ.  Ауыл адамдарының спортқа деген ынтызарлығын арттыру  және осы дәстүрлі спорт мерекесін ойдағыдай өт­кізу үшін  тыңғылықты дайындық аясын­да басқа да жұмыстар қамтылады. Ал аудандағы  ауыз су мәселесі де күйіп тұр. Бұл орайда жергілікті билік өкілдері мен ауылшаруашылық тауар өндірушілері күш біріктіре  жұмыс істемек. Яғни, би­ыл бітеліп қалған өзекті тазартып, қал­пы­на келтіру қолға алынбақ. Қысқасы, қордан бөлінетін қаражат аудандағы әлеуметтік саланың барлығын қамтып, тиімді жұмсалатын болады. Өңірдің гүлденуі, адамдардың жақсы тұрмысы үшін бизнес өкілдерінің ешқайсысы да аянып қалатын көрінбейді. Осы аудандағы «Қарасу» сауда-өндірістік компаниясының ұжымы жергілікті әлеуметтік қорға 200 миллион теңге аударатын болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Қарасу ауданы.