Кеше түстен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Мұнда ол Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы құс фабрикасында болып, кәсіпорын жұмысымен және облыстың үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен танысты.
Көктем түстікте өз қуатына әбден мінген екен, күннің қызуы төбе күйдіреді. Ауаның температурасы болса 16-17 градус жылылықты көрсетіп тұр. Елбасының кортежі Шымкенттен 30 шақырым жердегі Бадамға келгенде мұндағы халық жеңіл киіммен желдіріп жүр.
Бүгінгі күнгі серпінді жобалардың бірегейі – күркетауық өндірісі. Осы шаруаны қолға алғанда біздің мамандар қай елдің күркетауығына таңдау саламыз деп бас қатырғанға ұқсайды. Тоқтағаны – Канада. Дүниежүзілік рынокта бәсі жоғары, өсімтал, еті дәмді, салмағы ауыр. Бір күркетауық 25-27 кило ет береді. Мұныңыз – екі рет қар басқан қойдың салмағы. “Ордабасы құс” ЖШС Канададан 76 мың дана жұмыртқа сатып алған. Канададан Алматыға ұшақпен, Алматыдан Шымкентке ойлы-қырлы жолдармен салдыраған мәшинемен жеткен сол жұмыртқалардан 70 мың бас балапан жарып шықты. Бұл – жақсы көрсеткіш, сапалы өнім.
Ордабасы ауданының Бадам ауылында орналасқан құс фабрикасының құны 3 млрд. 802 млн. теңге, оның 3 млрд. 090 млн. теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша қаржыландырылған. Бірінші кезеңдегі жаңа құс фабрикасының өндірістік қуаты – жылына бес мың тоннаға жуық күркетауық еті. Бұл ретте «ҚазАгроҚаржы» АҚ сарапшыларының бағалауы бойынша, кәсіпорын толық өндірістік қуатқа шыққанда бюджетке түсетін қаржы шамамен 232,3 млн. теңгені құрайтын болады. Сонымен бірге, құс фабрикасының іске қосылуы аймақтағы кейбір әлеуметтік мәселелерді шешуге де ықпалын тигізбек. Бүгінгі таңда 270 жұмыс орны ашылған. Өндірістің дамуымен қатар, қосымша тағы да 230 маман жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Айта кеткен жөн, құс фабрикасын салу арқасында жақын орналасқан Ұялы жар және Ынтымақ ауылдарының тұрғындары да табиғи газбен қамтамасыз етілді. Құс фабрикасы күркетауық ұстау, өсіру және өнеркәсіптік негізде күркетауық етін өңдеу бойынша барлық халықаралық талаптарға және стандарттарға сәйкес келеді. Елбасыға “Ордабасы Құс” ЖШС директоры Мұрат Тағаев құс кешеніндегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді. Күркетауықтың өзіндік құны – 420 теңге. Қараша айында әкелінген жұмыртқадан шыққан күркетауықтардың алғашқы легі сойысқа түсті. Негізінен ішкі рынокқа, анығырақ айтқанда, Шымкент, Астана және Алматы қалаларына шығарылып жатыр. Сырт елдерден сұраныс бар. Қазақстан құсына Ресей көз салып отырғанға ұқсайды.
Құс өсіру технологиясы Израильден алынған. Бүгін барлық технологиялық талаптар сақталып, ол арнаулы қондырғы арқылы бақыланып отырады екен. Барлық процеске қажетті жылу, жарық, ылғалдық, т.т. осы қондырғының бақылауында.
Құс кешенін аралап, жұмысымен танысқаннан кейін Елбасы Н.Назарбаевқа облыс әкімі А.Мырзахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндап берді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында облыс кәсіпкерлері мен серіктестік басшылары өз кәсіпорындарында атқарылып жатқан жұмыстары және болашақтағы жоспарларымен таныстырды. Бұл тұрғыда облыста ауыз толтырып айтатындай баянды істер көп. Осыған көңілі тоғайған Елбасы кәсіпкерлермен сұхбатында: «Елімізде өз отбасын асыраймын деген азаматтарға барлық жағдай жасалып жатыр. Үкімет жеңіл несиемен қатар, ауыл шаруашылығының барлық саласын субсидиямен қамтамасыз етуде. Ал, ауылда емес, қалада жұмыс жасаймын деген азаматтарға индустриялық кешендер дайын тұр. Көбінде жұмыс күші жетіспейді. Мұнда да мемлекет маман дайындауды өз мойнына алады, тегін оқытады. Бүгінгі заман – арқаны кеңге салып, жайбарақат жүретін заман емес, бәсекенің, білімнің, ілімнің заманы. Біздің азаматтарымыз осыған лайық болуы керек», – деді.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау ісінің көңіл көншітерлік дәрежеде еместігі туралы сыни пікірлер соңғы уақытқа дейін көп айтылып келгені жасырын емес. Соның ішінде ана мен бала өлімінің көптігі туралы да жиі айтылатын. Бұл мәселені Елбасы Н.Назарбаев та қатты сынға алып, өңір басшылығына жүрек-қан тамырлары сырқатынан, туберкулезден және ана мен бала өлімі санын азайту мәселесін шешуді тапсырған еді. Мемлекеттік бюджеттен де денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі еселеп арттырылған. Соның арқасында қазір Шымкент қаласының өзінде 3 перинаталдық орталықтың қызмет етуіне жағдай жасалған. Осының үстіне 3 жыл бұрын Елбасы жеке өзі тарапынан Біріккен Араб Әмірліктеріне өтініш жасап, Халифа бен Зайд әл Нахаян атындағы қайырымдылық қорынан Шымкент қаласына тағы бір жаңа перинаталдық орталық құрылысын салғызуға қол жеткізді. Сөйтіп, қазір Шымкенттегі ана мен бала орталығының саны төртеуге жетті. Бұл жыл сайын бала туу санын 70 мыңға жеткізіп, елімізде дүниеге келген барлық шарананың төрттен бірін құрап отырған өңір үшін аса үлкен қажеттілік еді. Жуырда, сол перинаталдық орталықтың ашылу салтанаты болған. Міне, сол орталықты көріп, жұмысымен танысу үшін кеше Н.Назарбаев осында келді.
Бұл орталық Шымкенттің «Нұрсат» атты жаңа шағын аудандарының бірінде ашылған. Жобаның құны 25,5 млн. АҚШ долларынан асады және ол тұтасымен, жоғарыда айтқанымыздай, Шейх әл Нахаянның қорынан қаржыландырылды. Құрылысты жүргізген қазақстандық «Эристайл-Казахстан» ЖШС.
Облыстық көлемінде жұмыс істейтін ол 120 орынға жасақталған. Соның ішінде бала туу бөлімі 80 орынға шақталған. Оның 12 орны үлкендерге арналған, 9-ы бөбектерге арналған жансақтағыш орындары.
Жоғары дәрежеде жетілдірілген емдеу жабдықтарын алу үшін 5,5 млн. АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсалған. Соның ішінде ультрадыбысты сканерлері бар сандық жабдықтар Жапониядан алыныпты. Ал жоғары жиілікті жылжымалы рентген қондырғысы Италиядан әкелініпті. Мұндай жабдықтарды орталық қалалардан да табу қиын екен.
Орталықты аралап шыққан соң Президент қызметкерлермен сөйлесті. Ондағы сөзінде Н.Назарбаев ана мен бала денсаулығына мемлекеттің жыл сайын қамқорлығы арта түсетінін айтты. Басқа да әлеуметті сырқат түрлеріне қарсы білікті шаралар ұйымдастырылуда, соның арқасында адам өлімінің азайғанын жеткізді.
Жиналғандар атынан сөз алған сауықтандыру орталығының бас дәрігері Ташбибі Тыныштықбаева адам денсаулығын сақтауға жасалып жатқан әрекеттер үшін ризашылығын білдірді. Ал Литва университетінен келген маман Антанас Пужас Қазақстандағы адам денсаулығын жақсартуға, соның ішінде ана мен бала өлімін азайту ісіне байланысты жасалып жатқан шараларға өзінің көңілі толатынын жеткізді.
Президент кортежі ұзап кеткенше аналар сәбилерін құшақтап, ұзақ уақыт бойы тарамай, терезеден қарап тұрды. Бүгін Президенттің сапары Түркістан қаласында жалғасады.
Жақсыбай САМРАТ, Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.