18 Қараша, 2016

Қазақстан мен Назарбаев – әлем үшін егіз ұғым

414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ulttyk-valyutҰлттық валюта – кез келген тәуелсіз мемлекеттің ажырамас бір белгісі. Осыдан жиырма үш жыл бұрын төл теңгеміз өмірге келіп, айналымға шыққанда алыс-жақын ағайыннан сүйінші сұрап, бөркімізді аспанға ата қуанған едік. Бұл нені білдіреді? Бұл – ғасырлар бойы азаттықты аңсаған елдің, Тәуелсіз мемлекет азаматтарының өз алдына дербес экономикалық тіршілікке қуануы еді. Қазақ топырағына аяқ басқан әрбір адам қажеттіліктен қолына ұстайтын ақшаға ұлтымыздың бетке ұстар мақтаныштарын – Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр, Абылай бейнелерін салдық. Соның бәрі сол кезде ауызбен айтып жеткізгісіз қуаныш әрі ұлы мақтаныш еді! 1993 жылдың қарашасында теңгенің айналымға шығарылуы біздің жас тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болғаны анық. Мемлекетімізді сан қыспақ пен қысылтаяң шақтардан аман-есен алып шығып, бүгінгідей мамыражай заманға бастап әкелген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрдайым сондай мемлекеттік деңгейдегі игі істердің басы-қасында болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде оның суретін алғашқы теңгелердің біріне басқанда да әбден лайық еді деп ойлаймын. Оны халық сол кездің өзінде-ақ қолдар еді. Қазақ тілінде архаизмге айналған «теңге» сөзін жаңа валютамызға теліген де Нұрсұлтан Әбішұлының өзі болатын. Десек те, «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ», ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шыққан 10 мың теңгелік жаңа купюраға Елбасының суреті бедерленгені өте орынды болды. Шынында да, мемлекеттің бірінші басшыларының бейнесін ұлттық валютада бедерлеу әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Халқына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі, мемлекеттік қайраткер ретіндегі келбеті болса, бұл қайта құптарлық іс емес пе!? Құдайға шүкір, біздің Елбасымыз – досқа да, дұшпанға да «Менің Президентім!» деп мақтанышпен көрсетуге лайық тұлға. Тәуелсіз елімізге бүгінде сырттан түрлі мақсаттармен ағылып келіп-кетіп жататын адамдар көп. Шетелдерден келген қонақтардың қай-қайсысы да қазақтың теңгесін ұстап көрмей кетпейді. Саясатпен де, халықаралық қатынастармен де шаруасы жоқ бейтарап адамдардың өзі ұлттық валютадағы тұлғаны еріксіз көреді. Яки, бұл бір жағынан, Қазақ елі үшін үлкен жарнама. Сондықтан мен өз басым Ұлттық банктің Елбасы портретін жаңа қазақстандық банкнотқа бейнелеу туралы шешімін қолдаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған мемлекеттік тұлға екеніне ешкім таласа алмайды. Қазақстанның ширек ғасыр ішінде қол жеткізген жетістіктерінің бәрі де Президентіміздің есімімен тығыз байланысты. Әлем халқы Қазақстан десе – Назарбаевты, Назарбаев десе – Қазақстанды біледі. Мемлекет тізгінін ширек ғасырдан артық мығым ұстап, туған халқын дамудың даңғыл жолымен жетелеп келе жатқан Мемлекет басшысы бұдан да зор құрметтерге лайық деп білемін! Қуаныш ОМАШЕВ, Елбасының серіктесі, ардагер металлург, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Шет ауданы мен Теміртау қаласының құрметті азаматы Қарағанды облысы, Теміртау қаласы