Сонау 1996 жылы желтоқсан айында еліміз судьяларының 1-ші съезі өтіп, онда Судьялар одағы құрылғаны, судьялардың әлеуметтік кепілдіктері бойынша бірқатар шаралардың қабылданғаны есімде. Ол кезде жергілікті соттардың материалдық-техникалық және кадрлармен қамтамасыз етілуінің мәселелері Әділет министрлігінің қарамағында болатын. Мен ол кезде осы съезге Талдықорған облыстық әділет басқармасының бастығы ретінде қатыстым. Жалпы, судьялардың әрбір съезінде де ауқымды мәселелер қаралып, Мемлекет басшысы сот билігінің тәуелсіздігін күшейту бағытында алға үлкен міндеттер қойып келеді. Мәселен, өткен съездер нәтижесінде судьяларды тағайындауда кадрларды іріктеудің айқындығы, судьяларды мамандандыру және сот өндірісін оңайлату мәселелері шешілді. 2009 жылы қараша айында өткен бесінші съезде судьялардың Этика кодексі қабылданды.
Қазіргі кезде соттар – қоғамдағы қатынастарды тұрақтандыруға бағытталған зор өкілеттіліктері бар биліктің шын мәніндегі дербес тәуелсіз тармағы. Қоғамның сот жүйесіне сенімі жылдан-жылға артып, сонымен қатар судьялар мен соттардың жұмысына талап та күшейе түсті. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында судьялардың жұмысына, сонымен қатар, судьяларды іріктеу принциптеріне, олардың іс-әрекетіне қатаң талаптар қоюы бекер емес.
Сондықтан алдағы съезде еліміздің судьяларының талқылайтын басты мәселесі – судьялардың кәсіби және моральдық келбетіне қоғамның қойып отырған талабы, сонымен қатар, судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдау. Бұл бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарының 19-қадамын іс жүзінде орындау болып табылады.
Судьялардың Әдеп кодексінің жобасында ел Президентінің, қоғамның судьяларға қойып отырған барлық талаптары ескерілген. Кодекс судьялардың мінез-құлық, жүріс-тұрыс ұстанымдарының Банголор принциптеріне және озық халықаралық тәжірибелерге негізделген. Өйткені, судья азаматтық қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғаудың жарасымды үйлесімін қамтамасыз етіп, тәуелсіз сот төрелігін қолдаудың негізі болып табылатын бұқара халықтың сотқа сенімін нығайту мақсатында мінез-құлық пен әдептің жоғары стандарттарын қалыптастыруға және дамытуға міндетті.
Әдеп кодексін қабылдаумен қатар, тұтастай сот жүйесіне және жеке судьяларға қатысты басқа да мәселелерді талқылаған дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып судья процеске қатысушылар тарапынан, не болмаса бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан болмасын, қандай да бір ықтимал қысымнан қорғалу құқын сезінуге тиіс. Жасыратыны жоқ, сот процесіне қатысушылар, әсіресе, жеңіліп қалған жақ, жоғары тұрған сот сатыларына жолдаған шағымдары мен жүгіністерінде өзінің пайдасына шешілмеген сот актісін шығарушы судьяның атына кір келтіруге дейін барады. Сонымен қатар, процеске қатысушылар БАҚ газеттер, телеарналар мен Интернет порталдары арқылы судьяларға ғана емес, әлі заңды күшіне еніп үлгермеген сот актілеріне қатысты да сындар айтып жатады. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 25-бабында шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату, азаматтардың немесе ұйымдардың ар-ожданы мен абыройына нұқсан келтіру, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғатындығы және бұқаралық ақпарат құралының иесi, таратушысы, бас редакторы, таратылған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болатындығы көзделген.
Алайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 26 немесе 33-тарауында сот жүйесінің және жекелеген судьялардың сот төрелігін атқарудағы беделіне негізсіз нұқсан келтірілгені, бұқаралық ақпарат құралдарында шындыққа сәйкес келмейтін және тексерілмеген мәліметтерді жариялағаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған.
Нәтижесінде, судья қорғансыз қалады. Ол өзінің атына нақақ айып таққандарға жауап бере алмайды және өзін қорғай да алмайды. Айналып келгенде, ол соттағы өзінің әріптесіне шағымданып барамайды ғой. Бұл мәселе заң тұрғысында шешілуге тиіс деп есептейміз. Судьяны мазақ еткені, ар-ожданы мен абыройына нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялағаны үшін дербес жауапкершілік қарастырылуы қажет.
Судьяны БАҚ тарапынан шабуылдардан қорғайтын өкілеттілік берілуі қажет. Ол үшін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда және басқа заңдарда осындай әрекеттері үшін БАҚ-тың жауапкершілігін қарастыратын дербес бап болуы тиіс. Барлық соттар Судьялар одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі болғандықтан, олар шағымданған жағдайда Одақ қолда бар барлық әдістермен, оның ішінде сотқа жүгіну арқылы да судьялардың құқықтары мен тәуелсіздігін қорғауы тиіс деп ойлаймын.
Процеске қатысушыларға қатысты айтатын тағы бір маңызды мәселе бар. Меніңше, азаматтық істер бойынша процеске қатысушылардың, соның ішінде азаматтық-құқықтық дауларда сотта шындыққа сай келмейтін дәлелдемелерді және әдейі жалған мәліметтерді бергендердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін заңдылық тұрғысында бекіту қажет. Мұндай ұсыныстың туындап отырған себебі, кейде азаматтық процесте тараптар қате позиция ұстанып, сотқа жалған, бұрмаланған мәліметтер мен айғақтар береді. Мұндай жағдайлар шығарылатын сот актілерінің заңдылығы мен әділдігіне кері ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 653-бабында сотты құрметтемеушілік, процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың сотқа дәлелсіз келмегені үшін әкімшілік жауапкершіліктер қаралған. Кейде қатысушылар процеске дәлелсіз келмей, сотқа құрметтемеушілік көрсетеді. Бірақ жоғарыда аталған бап бойынша «олардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда...» делініп міндеттеу шарты көзделмегендіктен, оларды жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Сөйтіп, азаматтық істер бойынша тараптар мен басқа да процеске қатысушылар сотқа қатыспауға құқылы. Егер сот олардың келуін міндетті деп таппаса, осының салдарынан олар сот мәжілісін және тұтастай алғанда биліктің сот тармағын елеусіз қалдырған болып шығады.
Мұндай жағдай әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі көптеген істерде кездеседі. Сонымен қатар, атқарушы билік органдарының өкілдері де сот процестерінен жалтарып жүреді. Біздіңше, процеске қатысушылардың соттың шақыруы бойынша келуі міндетті норма болып табылып, оны бұзушыларға қатал және қатаң жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Осыған байланысты ӘҚБтК 653-бабының 1-тармағындағы «олардың қатысуын-
сыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда» деген сөздерді алып тастауды ұсынамын. Сонымен қатар, судьялардың сот төрелігін атқару бойынша жұмыс уақыттарын тиімді пайдаланып, техникалық және қосалқы мәселелерді шешуге алаңдамауы және уақытын шығындамауы үшін судьялардың көмекшісі лауазымын енгізу қажет деп санаймын.
Бақытбек БЕГАЛИЕВ,
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы