19 Қараша, 2016

Шырайлы Шымкент шаһары

3383 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
shymkent-k-12Қазақстандағы туризмді белсене қолға алып, қызу дамытуға ең қолайлы да аса бейім облыс орталықтарының бірі, сөз жоқ, шырайлы Шымкент шаһары. Біз мұны соңғы кездері кең-байтақ еліміздің ендігі мен бойлықтарын ойша сүзіп шығып, кімде қандай мүмкіндіктер мен артықшылықтар бар екенін безбенге салып көре бастағаннан кейін толық аңғара түскен секілдіміз. Ал Қазақстанда қазіргі таңда осы бір «түтінсіз фабрика» атанған әлеуетті сала аса жылдам қарқын алып кетпегенмен, ақырындап дамып келе жатыр. Туристік фирмалар түрлі маршруттардың бірнеше нұсқасын ұсынуға дайын. Олардың арасында тарихи жерлер, белсенді демалыс орындары, сауықтыру мекендері бар. Егер таңдауға Шымкент шаһары түсе қалса, бұл қаланың тартымдылығы мен тарту күші соңынан ешкімді де бейжай қалдырмас еді. Мұнда сырттан келген кісілер қызыға қарайтын, сүйсіне тамашалайтын орындар мен мекендер өте көп. Ең бастысы, ертегідей көзге елестейтін қалада ұмыт қалдырып кетуге болмайтын қызықты нәрселер де жеткілікті. Біз бұлардың қатарынан 13 түрлі бағыт пен нысанды екшелеп алдық. Енді соларды санамалап айтып шығайық. Оңтүстік мегаполисімен етене танысудың ең жақсы әдісі – оның көне және жаңа көшелері мен даңғылдары бойында серуен құру. Автомобильдің жабық терезе­ле­рінен шуақты өлкенің әсемдігін толық көріп, таудың таза ауасын сезіну қиын. Ал өз аяғымен доңға­лақ айналдырғанды жақсы көретіндер үшін мұнда Shymkent Bike велосипедті жалға бере ала­ды. Оны ұсынатын бекеттер қаланың барлық дерлік аудандарында орналасқан. Гидпен екі қабатты экскур­сиялық автобуста қаланы аралап өтіп, оның ерекшеліктері мен көз тоқтатарлық жерлерін зерттеуге болады. Сол сапар барысында тиісті мамандар сіздерге қаланың тарихын айтып беріп, негізгі тарихи ескерткіштерді, қазіргі сәулетті көрсетеді. Бір кеш ішінде танысып шығу үшін осындай тамаша мүмкіндік жасалады. Қаланың дәл ортасында суы ең таза Қошқарата өзені ағады. Суының дәмін татып, тек оның шипалы күшінен ғана емес, шымкенттіктерге тән мейірімді энергетикасынан да қуат алуға болады. Осы өзеннен су ішкен адам міндетті түрде осында тағы қайтып келеді деген ырым бар. Мұнда келген туристер бойы­ның сергіп, күш-қуатының арта түскенін сезіну, оңтүстіктің шуа­ғы­нан қуат алып, жануарларға өз қолымен азық беру қызығына бату үшін хайуанаттар саябағына барған болар еді. Ал зоопаркте мыңдаған аң-құс қонақтарды асыға күтеді. Олар, әсіресе, өздеріне көңіл бөліп, қуандыра білетін қонақтарға айрықша қарайды. Қала аумағында саяхат жасап жүрген мейман көшелер бойларынан жалыға бастаса, аз-кем уақыт жаңа «Жайлаукөл» демалыс саябағына аялдай алады. Осында орналасқан Орталық Азия­дағы ең биік «Altyn eye» шолу доңғалағына шыққан адам қаланы алақандағыдай анық көретін болады. Шырайлы Шымкенттің басқа қалалардан тағы бір артықшылығы, мұнда ежелгі шығыс ас дайындау өнерінен хабар беретін дәмханалар мен тамақтандыру орындары көп-ақ. Шымкентте ешқандай жер­де кездесе қоймайтын алуан түрлі тағамдар бар. Соның ішінде Шым­қаланың әйгілі кәуаптары, тандыры мен самсасы, хош иісті палауы, нағыз шығыс дәстүріндегі шай келген қонақтың алдынан табылады. Қала тұрғындарының ең сүйікті жері, әлбетте, атақты дендропарк. Мұнда тұрғындар отбасылық сейіл­дерді ұйымдастыруды, самал жел мен таза ауаның аясында кең тыныс алып, рахаттанып жүргенді жақсы көреді. Дәл осында нағыз қала өмірінің қыз-қыз қайнауын көруге болады, жастар «Махаббат пат­шалығы» сарқырамасында ті­лек тілеуге құштарлық танытады. Шымкентке қадам басып, келіп тұрған адамның бұл қала­ның мәдени-тарихи өмірінен дерек бере­тін мекендерді айналып өтпе­гендері дұрыс. Облыстық өлке­тану мұражайы оңтүстік өңірдің 2200 жылдық тарихын зерттеуге көмектеседі. Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі қалалар мәде­ниеті мен тарихы, сондай-ақ көптеген ғасырлар бұрын осы жер­­лерді мекендеген ата-бабала­рымыздың салт-дәстүрлері туралы біраз жайтқа қанығуға болады. Түнгі Шымкент күндізгідей әсем. Қала тұрғындарының кешкі өмірін Тәуелсіздік саябағында тамашалау бәрінен қолайлы болып шығар еді. Музыкалық субұрқақтар классикалық және қазіргі заманғы музыканың сүйемелдеуімен түрлі-түсті нұр шашып, ұдайы мереке сезімін тудырады. Шымкентте аялдай тұруға тағы бірнеше күні бар адамның қала маңындағы көрікті де тарихи жерлерді аралап шығуға уақыт тапқаны жөн. Сонда ол 40 шақырым жердегі әйгілі Қазығұрт тауына барып, тәу етіп қайтуға мүмкіндік алады. Қазір есте жоқ ескі замандардан бері қасиетті тау саналатын бұл жоталардың жоны қажылыққа баратын кісілер жиналатын киелі орын саналады. Бұдан кейін ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары, жыл сайын мыңдаған қажыға барушылар мен туристер жиналатын ежелгі мекен есебіндегі Ахмет Ясауи кесенесінің өзі неге тұрады! Ал өсімдіктердің сан алуан түрі өсетін, басынан құс қанатының суылы ешқашан басылмайтын Ақмешіт үңгірі өзінде мыңдаған дұғаларды сақтайды және осында көмек іздеп келген адамдарға ғажайып күш береді. Сол сияқты Орталық Азиядағы ең ежелгі болып саналатын Ақсу-Жабағылы қорығында жер бетінде кездесе бермейтін құстар да тіршілік етіп жатыр. shymkent-kАл Шымкентте келген мейман үйіне қайтар алдында өз жақын­дары мен дос-жарандары үшін осы жерден базарлық ала кетуді ұмытпағандары абзал. Шығыс тәттілері, кептірілген жеміс және осы өңірдің құрты кім-кімнің де тілінен үйіріле түсер еді. Осындай күн шуағына малын­ған нұрлы да сәулелі қалада ертегідегідей ұмытылмас уақыт өткізген адамның мұнда кемінде екі-үш адаммен достасып қайтып бара жататынына еш күмән жоқ. Бұл осы өлкенің адамдарына жы­лы­­шырайлылық пен қара­пайым­­дылықтың арқасында мүм­кін болып тұрады. Шымкенттің қонақжай­лылы­ғын көзімен көріп, көңілімен тоқыған адамның өз үйіне қайтар алдында I Love Shymkent дегенді сенімділікпен айтуға толық құқы бар. Және оның тап сондай инсталяция жанында суретке түсуіне де болады. Сонымен, біз шырайлы Шым­кентке осылай қысқаша саяхат жасап шықтық. Ал біздің осы айтып тұрғанымыздың бәрі шын­дық екеніне имандай иланған жанның да, бұған күдік келтіретін кісілердің де соларды қадағалай қарап шығулары үшін шымды қалаға арнайы келіп қайтқанынан дауа ештеңе жоқ. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» ШЫМКЕНТ