12 Наурыз, 2011

Азиада: Арман және ақиқат

467 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астанада Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті мен оның ресми халықаралық телехабар таратушысы «Rocket Media Communications» компаниясының өкілдері журналистермен кездесіп, Азиаданың қорытындысы туралы ойларымен бөлісті. Оған Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қа­нағатов, Қысқы Азия ойын­дары комитеті атқарушы дирекция­сы­ның президенті Анатөлі Құл­назаров пен оның орынбасарлары және аталмыш компанияның бас директоры Майкл Грабнер қа­тысты. Кездесуде Қысқы Азиадаға да­йындық, Азиададан кейінгі жұ­мыс­тар мен елімізде қысқы спорт­ты дамытуда істелініп жатқан іс-ша­ралар туралы әңгіме қозғалды. Осы жерде А.Құлназаров Азиа­даға да­йындықтың жарысқа 9 ай қал­­ғанда басталғанын, сол кезден бері 270 іс-шараның, оның ішінде Үкіметтік деңгейде 17 мәжіліс пен атқарушы дирекцияның өзінде 42 отырыстың өткізілгенін, Ойын­дар­ға 5 900 ерікті қатысқанын, Азиа­да­ны ұйым­дас­тыру дирекция­сын­да 500 қыз­мет­кер істегенін атап өтті. Содан кейін Туризм және спорт министрлігінің өкілі Елсияр Қанағатов министрліктің өткен жылғы жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы мәлімет берді. Мұнда ол елімізде қысқы спорт­ты дамытуда атқарылып жатқан жұ­мыстарға тоқталып, қазір министрлік пен Білім және ғылым мен Ауыл шаруашылығы министрлі­гі­нің арасында меморандумға қол қойылғанын, сол құжат бойынша студенттер спорты, ауыл спорты мен қысқы спортты дамытуда жұ­мыстардың жүргізілетінін айтты. Одан әрі кездесуде Азиадаға жұм­салған қаржы мәселесі сөз болды. Оған дирекцияның вице-президенті Абзал Әлібеков жауап берді. Ол Азиаданың құрылысына бө­лін­ген қаржыны есептемегенде 35 млрд. теңге, Азиаданың ашылуы­на 5 млрд., ал жабылуына 1 млрд. теңге жұмсалғанын жеткізді. Осы­дан кейін дирекция өкілдері көпшілікті қызықтырған тағы бір сұраққа жауап беріп көрді. Мұнда Азиада әнұранының ашылу сал­танатында неге орындалмай қал­ғаны туралы қойылған сұраққа А.Құлназаров былай деп жауап берді. «Азиаданың ашылу рәсі­мін­де белгілі композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің әніне жа­зылған Азиада әнұраны шыр­қа­латын болғаны рас, – деді ол. – Бірақ, біз жарыстың ашылу, жа­бы­лу салтанатында Азиаданың ән­ұранын орындатуға кешіктік. Азиаданың ашылуын ұйымдас­тырушылар сценарийді ерте бекітіп жіберіпті. Ал оған жауапты қызметкер ресейлік композитор Игорь Крутойдың болғанын білесіздер. Онымен ашылу салт­ана­тына дейін кездесу қиын болды. Ал өзімен кездескенде Азиада әнұраны неге орындалмай қалды деп сұрасақ: «Мен оны естіген жоқпын. Маған оны ешкім айтқан жоқ», деп шыға келді. Дәл сол ашылу салтанаты кезінде ұйым­дастыру комитеті Үкіметтің алды­на шыққанымен Азиада әнұранын орындатуды ешкім мойнына ал­ғысы келмеді. Қысқасы, әнұран шыққанда оған әрі қарай ешкім жауапты болғысы келмеді». Кездесуде одан кейін еліміздің Азиадаға дайындығы, жарысқа шетелдік сарапшылардың берген бағасына арналған 26 минөттік қо­рытынды деректі фильм көр­сетілді. «Rocket Media Com­mu­ni­cations» компаниясының бас ди­ректоры Майкл Грабнердің ай­туын­ша, Азиада кезінде компания 182 елге 10 тілде хабар тарататын «Euronews» жаңалықтар арнасы­мен тығыз байланыста болды. Осы телеарна 2 ақпан күні Азия ойын­дарына арналған FOCUS те­ле­журналының алғашқы шы­ғары­лы­мымен таныстырды. «Біздің компания, – дейді ол. – Азиаданы бү­кіл әлемге көрсету үшін бар мүм­кіндікті жасады. Біз күн сайын әлемнің 155 елінде 541 телеарнада Азиаданың жаңалық­тары, оның қызықты сәттері, өзі­міз түсірген деректі фильмді көрсетіп отыр­дық. Соның ішінде Азиаданың да­йындығына арнал­ған 13 минөттік, финалдық ойын­дарға арналған 29 минөттік деректі фильм мен 8 минөттік жаңа­лықтар бар. Осы­ның бәрін телеарнадан 1 396 733 408 адам көрді». Дастан КЕНЖАЛИН.