19 Қараша, 2016

Елордада 5 жылда 100 мың пәтер салынады

237 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
nur_1756-11-1Тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелері бойынша елордадағы құрылыс компанияларының өкілдерімен өткен басқосу барысында алдағы 5 жыл ішінде Астанада 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынатындығы атап көрсетілді. Құрылыс компаниялары өкіл­дерімен болған кездесу барысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордадағы тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесінің маңыздылығына тоқтала келіп, «Мемлекеттік бағдарламалар аясында және жеке инвестициялар арқылы салынатын барлық жобаларды есепке алғанда, алдағы 5 жылда Астанада 10 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделініп отыр. Бұл – 100 мыңнан астам пәтер. Жылына елордада орта есеппен 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілетін болады», деп атап көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тәуекелшіл бас­тама­­сы­­мен өмірге келген егемен еліміздің бас қаласы – Астана бар әлемді тамсандырған тарихи құбылысқа айналып, күннен-күнге қанатын кең жайып келеді. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін сәтті жер­ұй­ық іспеттес. Мемлекет басшысы елорданы көшірудің 10 жыл­дығына арналған салтанатта сөйлеген сөзінде «Ас­тана­ның құрылысы осынау жылдары біздің еліміздің әлеуетін танытып, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең орасан мегажобаға айналды», деп атап көрсеткен болатын. Ақиқатында қазір Астанада құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалыптасты. Әлемнің дамыған елдерінің өзінде құрылыс индустриясын тұралатып, қуатты экономикаларды рецессияға ұшыратқан жаһандық қаржы дағдарысы кезінде де Астана құрылысының тоқырауға төтеп бергендігі соның айғағы болса керек. Заманауи талаптарға сай дамыған астаналық құрылыс индустриясы бүгін қандай да бол­масын міндеттерді шешуге қабілетті. Оған әлемнің жүз­ден астам мемлекеттері өзде­рінің озық жетістіктері мен техно­логияларын паш ететін Бүкіл­әлемдік жетістіктер көрмесі – ЭКСПО-2017 қалашығын қазақ­стандық құрылысшылардың өз күшімен, өз технологияларымен тұрғызғандығы дәлел. Елорданың әрбір құрылыс нысанын басты назарында ұстай­тын Елбасы бас қаланың ма­ңызды құрылыс нысандарымен бірге халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсартуға негіз болатын тұрғын үй кешендерінің құрылысын жандандыруға барынша басымдық беріп келеді. Бұл игі үрдіс жылдан-жылға лайықты жалғасын табуда. Атап айтар болсақ, Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық шежірелі мерекесі атап өтілетін биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Астанада 1807 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы немесе 16 671 пәтер пайдалануға бе­рілді. Бұл өткен жылдың сәй­кес кезеңіндегі көрсеткіштен 130 пайызға артық. Ағымдағы жыл­дың 10 айы ішінде тек бюджет қар­жысы есебінен жалпы ауданы 189 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы тұрғызылды. Яғни 2500 елордалық отбасы қоныс тойын тойлады. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Астана тұрғындарының тұрғын үймен қамтамасыз етілуі бір адамға шаққанда 15 шаршы метрден 25 шаршы метрге дейін өсті. Астана қаласын абаттандыру аясында қаламыздағы өткен ғасырдың ортасында салынып, тозығы жеткен апатты үйлерді жаңғыртудың да ма­ңызы зор. Осыған байланысты елімізде алғаш рет елордада 2017 жылға дейін 228 көп пәтерлі апатты тұрғын үйлерді бұзып, тұр­ғындарды жайлы да жаңа пәтер­лермен қамтамасыз ету жөнінде қанатқақты бағдарлама іс жүзіне асырылуда. Қаламыздағы апатты тұрғын үйлердің жалпы көлемі 150 мың шаршы метрден асады. Яғни, осы бағдарлама аясында бас қаламызда 3519 отбасы апатты үйлерден жаңа пәтерлерге көшеді. Мемлекет басшысы бекіткен қаланың Бас жоспарына сәйкес соңғы уақытта елорданы дамыту басымдық берілген бес ба­ғыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Бірінші – бұл «Қазақ елі» алаңы ауданындағы Тәуелсіздік сарайының сыртындағы «Мың­жылдық» аллеясы. Мұнда иге­рілетін аумақтың көлемі 335 гек­тарды құрайды. 2020 жыл­ға дейін мұнда 25 тұрғын үй кешені салынбақ. Екінші – «Мәң­гілік Ел» салтанатты аркасы аума­ғындағы Орынбор көшесінің бойы. Болашақта бұл жерде елор­дамыздың ең сәулетті шағын ауданы бой көтеретін болады. Бұл жерде құрылыс алаңына бөлінген 182 гектар аумақта 42 құрылыс ұйы­мы жұмыс істейді. Олар 28 тұрғын үй кешенін пайдалануға беруге тиіс. Ең маңызды бағыт – «Жасыл квартал» аумағы болмақ. Елбасының бастамасы бойынша бұл құрылыс аумағында «Жасыл экономиканың» барлық тетіктері пайдаланылатын болады. Атал­мыш квартал «Хан Шатыр» сау­да орталығы аумағындағы 146 мың шаршы метр аумақта бой көтереді. Оның 100 мың шаршы метрі тұрғын үй кешендері болса, 45 мың шаршы метрі сауда-офистік орталықтар болады. Экономиканы қиындықтарға тіреген әлемдік дағдарыс сал­қынына қарамастан еліміздегі құры­лыс индустриясы қарқы­нын бәсеңдеткен жоқ. Бұл Ас­тана қаласындағы құрылыс нысандарындағы толассыз қи­мыл­дан анық танылады. Қазіргі уақытта елордада 273 көп пәтерлі, көп қабатты және аз қабатты коммерциялық тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Олардың жалпы ауданы – 7 миллион 246 мың шаршы метр. Бұл алдағы уақытта елордалық 75 мың отбасы пәтер кілтіне ие болады деген сөз. Сонымен бірге, 281 мың шаршы метр аумақта жалпы көлемі 85 мың пәтерден тұратын тұрғын үй кешендері жобалану үстінде. Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың аясында бюджет қаржысын тарту арқылы жалпы ауданы 1 миллион 400 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынуда. Салынып жатқан осы 37 тұрғын үй кеше­нінің құрылысы аяқталғанда тағы да 23 мың астаналық отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Елордадағы құрылыс компа­нияларының өкілдерімен өткен осы басқосу барысында тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатындағы алда тұрған келелі міндеттер айқындалып, атқарылатын нақты шаралар пысықталды. Астана қаласының әкімі құрылыс компанияларын жұмысты сапалы да жүйелі жүргізуге шақырды. «Арқа төсінде ару қала Астананың бой көтере бастаған 19 жыл ішінде бас қаламызда 17 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Үстіміздегі жылы біз тағы 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз. Тұр­ғын үй құрылысы көлемінің жыл сайынғы өсім қарқыны Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмалардың аясында мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында жүзеге асырылып отыр. Біз әлемнің озық жаһандық қалаларының даму тәжірибесін зерттеп, елорданың алдағы даму үрдісінде және қаланың бағдарламалық жобаларында осы озық үлгілерді кешенді пайдалануды көздеп отырмыз. Қаланың болашақтағы дамуы экологиялық таза технологияларды және қоғамдық кеңістіктерді үйлесімді абаттандыруды өзара байланыстыру арқылы қарастырылуда», – деп атап көрсетті Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»