Өлеңдерін орыс тілінде жазатын белгілі ақын әрі режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Кинематографистер одағының мүшесі Бақыт Қайырбековтің “Путь воды” деп аталатын жаңа жинағы өткен жылы Мәскеудің “Тезаурус” баспасынан жарық көрген болатын. Жақында Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде осы кітаптың таныстырылу рәсімі болып өтті.
Ақын жинағы оның әр жылдары жазылған жырларынан түзілген. Сонымен бірге, кітапқа жалпы руханият туралы, замандастарының шығармалары жайында жазылған тың эсселері де енгізілген екен.
Тұсаукесер рәсімінде қазақстандық ғалым, профессор Н.Шаймерденова, Ресей Халықтар достығы университетінің ұстаздары, филология ғылымдарының докторы В.Синячкин, филология ғылымдарының кандидаты Е.Кремерь, “Тезаурус” баспасының бас директоры В.Новицкий, Азия және Африка институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы А.Қадырбаев, “Қазақ тілі” қоғамының басқарма мүшесі О.Айшах, әдебиетшілер С.Дмитрюк, К.Тұрымова (Домбровская) және басқалар ақын шығармашылығы жөнінде өз пікірлерін білдірді.
Ақын Бақыт Қайырбеков бұдан кейін Мәскеудің “Библиоглобус” кітап дүкенінде өтіп тұратын авторлардың дәстүрлі кездесуі аясында “Путь воды” жинағын басқа да оқырмандарға таныстырды.
Серікқали БАЙМЕНШЕ , “Егемен Қазақстан” – Мәскеуден.