19 Қараша, 2016

Шымкентті көркейтуде Анкараның тәжірибесі ұсынылды

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс орталығы – Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңес болып өтті. Жиынға Түркия астанасы – Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен ОҚО басқарма басшылары мен олардың орынбасарлары, Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымов пен әкім орынбасарлары және бөлім басшылары қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Отырыста Шымкент шаһарының заман талабына сай көрікті болуы үшін әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларымен тәжірибе алмасу маңызды екендігіне тоқталған өңір басшысы Р.Кабасакалды осы семинарға өз тәжірибесімен бөлісу үшін арнайы шақырғанын айтты. Ұзақ жылдар Анкараның мэриясында қызмет атқарған тәжірибесі мол қонақ Түркия астанасының кемелденген кезеңі жөнінде семинарға қатысушылар алдында баяндама жасады. Төрт мың жылдық тарихы бар Анадолы елінің астанасы соңғы ширек ғасырда әлемдегі дамуы ерекше қарқын алған қалалар қатарында. Анкараның  1923 жылы 5 мыңнан астам ғана тұрғыны болса  қазіргі таңда, ондағы халық саны 5,5 млн.ға жеткені тектен-тек емес. Семинарда Анкара муниципалитет мэрінің орынбасары аталған қаланы әлемнің озық шаһарларының қатарына қосудағы тарихын баяндады. «Қазіргі таңда Анкарада аумағы 210 га болатын 1027 ғимараттан тұратын әлемдегі ең үлкен соңғы үлгідегі диснейленд салынып жатыр. Бұл да өз кезегінде туристердің артуына өз септігін тигізері сөзсіз», деген қала мэрінің орынбасары шаһардың жылына 10-12 млн туристті қабылдауға мүмкіндігі бар екенін алға тартты. Осылайша, Анкара мен Шымкенттің бауырлас қалалар болғандықтан бір-бірімен тәжірибе алмасуы керек деген Р.Кабасақал Шымкент қаласының экономикалық және әлеуметтік саласының дамуына барынша көмек қолын созуға дайындығын мәлімдеді. Жиын барысында қос қаланың қарым-қатынасын күшейте отырып, Анкараның даму жоспарын оңтүстікке де пайдалану керектігіне тоқталған облыс әкімі арнайы делегация құрамын жасақтап, тәжірибе алмасу сапарын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Шымкент қаласын дамытудағы осынау ұсыныстарды оңды қабылдаған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов тиісті ұсыныстар негізінде бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.