12 Наурыз, 2011

Қос қуаныш

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Таяуда Президенттік Мәдениет орталығының концерт залында халықаралық Абай клубы мен «Аманат» жур­налының 10 жылдығына орай, сол клубтың қолда­уымен шығарылған «Жидебай» жылнамалық журналы мен Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым» жина­ғының тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ мәдениеті мен әде­бие­тін және баспа ісін насихаттау жөнінде бірталай істер атқарған клуб пен журналдың басты мақ­саты әлем жазушыларының клас­сикалық шығармаларын насихаттау, қазақ әдебиетінің өтке­ні мен даму өрісін зерттеп-зерделеу. Бір айта кететін жәйт, журналды бүгінде дүниенің 20-дан астам елі оқиды. Ал клуб­тың жанынан жарық көріп отырған «Аманат» журналының 200 томдық кітапханасы әлем ха­лықтары әдебиетінің, өнері­нің, тарихының, философия­сы­ның үз­діктерімен оқырманды қау­ыш­­тырып отыр десек, оның алғаш­қы өнімдерінің қатарында Махамбет Өтемісұлы, Қожа Ахмет Ясауи, Сүйінбай Аронұлы, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбер­діұлы, Мәшһүр Жүсіп, сондай-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыров си­яқты ақындардың шығарма­ла­ры бар. Ал биылғы жылы осы серия бойынша Мағжан, Қасым және дала ақындарының ең­бек­те­рін шығару жоспарланып от­ыр­ған көрінеді. Биылғы жылдан бастап «Ама­нат» журналының жанынан таза қазақ тілінде әдеби, саяси, пәл­сафалық діни «Жидебай» жыл­на­малық журналы шығарыла бас­тады. Жылына бір мәрте шыға­руды көздеп отырған журналда 2010 жылы әлем қаламгерлері тудырған үздік прозалық және поэзиялық шығармалар іріктеліп беріліпті. Журналдың «Жидебай» деп аталу себебінің өз­інде үлкен мән жатыр. Жидебай – қазақ әдебиетінің жарық жұл­дыз­дары Абай, Шәкәрім, Мұх­тар сынды үш тұлғаның туған жері. Қазақ поэзиясының жарқын өкілі Сүйінбай Аронұлының «Бө­рілі менің байрағым» атты жи­на­ғы да қазақ әдебиетін халық­аралық тұрғыда насихаттау мақ­сатында жарық көрген елеулі еңбектердің бірі. Кітапқа Сүй­ін­бай ақынның отты өлеңдерімен бірге айтыстары, сондай-ақ ақ­ын шығармашылығын зерттеуші С.Садырбаев пен М.Жолдасбеков секілді ғалымдардың мақа­лалары да енгізілген. Тұсау­ке­сер рәсімі қазақ әдебиетінің көр­некті тұлғаларының пікір-лебіздерімен қоса, Гүлмира Са­ри­наның орындауында «Өзгеге көңілім тоярсың», сондай-ақ Ай­гүл Елшібаеваның «Сүйін­бай» әндерімен өрнектеліп отырды. Жұлдыз БАЙДІЛДА.