21 Қараша, 2016

Оңтүстікте облыстық мәслихаттың жаңа хатшысы сайланды

480 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

21-11-16-hatshy

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде VI шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс 7 сессиясы өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат. Сессия жұмысына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат депуттары мен облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 7 мәселе қаралды. Атап айтқанда, алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысын сайлау, «2016-2018  жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу туралы және т.б. өзге де маңызды мәселелер. Сонымен сессия отырысында облыстық мәслихат хатшысына Қайрат Рахымұлы Балабиевтің кандидатурасы ұсынылып, депутаттар оны бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзге де мәселелерге халық қалаулылары бірауыздан дауыс беру арқылы шешім қабылдап, олардың орындалуын мақұлдады. Қайрат Балабиев 1965 жылы туған. Ұзақ жылдар прокуратура саласында қызмет еткен. Әр жылдары Шымкент қаласының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары прокурорының орынбасары болған. Сессияның күн тәртібінде сөз алған аймақ басшысы Ж.Түймебаев жаңа хатшыны қызметімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарып келген Әбілқасым Досболовқа алғысын білдірді.