21 Қараша, 2016

«Балаға мейірімді Қазақстан» конференциясы өтті

1111 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
kerek Бүгін  Астанадағы Оқушылар сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен БҰҰ Балалар қорының  (ЮНИСЕФ) 70 жылдығына орай,  Дүниежүзілік балалар күнін мерекелеу аясында  «Балаға мейірімді Қазақстан» тақырыбында халықаралық конференциясының ашылу салтанаты өтті.  Бұл іс-шара Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің,  Қазақстандағы Балалар құқығы бойынша уәкілі және еліміздегі  БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ), «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өтті. kerek1 Халықаралық конференцияның мақсаты – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы негізінде жас ұрпақтың бойында бай рухани құндылықты, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова осындай маңызды жиынға қатысуға келген балаларға ризашылығын білдірді. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Қазақстан балалары мен жасөспірімдерінің өз дарындылығы жағынан әлемнің 100 елі арасында 12 орында тұрғанын атап өтті. kerek4 «Биыл 1200 бала халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.  Жалпы, дарындылық жағынан алғанда еліміздің балалары  дүниежүзіндегі 100 мемлекеттің ішінде 12-ші орынды еншілеп отыр.  Ал осыдан 20 жыл бұрын бұл көрсеткіш бойынша еліміз 50-ші орында тұрған еді. Қазір біз Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосамыз деген мақсатты ұстанып жүргенімізді білесіздер, ал балаларымыз бұл межеге өздерінің білім-біліктерімен-ақ жетіп қойды», – деді Гүлшара Наушақызы. bal_0402 Сонымен қатар,  Мемлекеттік хатшы Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған уақыттан бері 13 халықаралық құжатты ратификациялағанын,  ал биылғы жылдың маңызды оқиғасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының  құрылуы болғандығын атап өтті. «Қазіргі таңда елімізде 5 миллионнан астам бала бар. 2000 жылдан бастап, Қазақстандағы туу көрсеткіші 1,4 пайызға артып, жыл сайын 400 мыңға тарта сәби дүние есігін ашады. Жалпы алғанда, Қазақстандағы балалар құқығын қорғау, оларға көмек көрсету бағытында тиісті шаралар жүргізіліп келеді», – деді Гүлшара Наушақызы. kerek3 Бұдан кейін Бейбітшілік және келісім сарайында одан әрі жалғасқан ауқымды шараға Мемлекеттік хатшыдан бөлек, Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев,  Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров,  БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) атқарушы директорының арнайы өкілі Мариелена Вивиани, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының өкілі Юрий Оксамитный, еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева, сонымен қатар, Ұлыбритания, Швейцария, Норвегия, Ирландия, Германия, Словения, Италия, Хорватия, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Латвия, Литва секілді елдерден келген шетелдік сарапшылар  қатысып, сөз сөйледі. bal_0375 Бүгін  халықаралық конференция аясында балалар фестивалінің де ашылу рәсімі өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге тарта бала қатысты. Олардың барлығы – түрлі әлеуметтік жобалар конкурстарының, ғылыми жарыстардың, әлеуметтік жобалардың, республикалық және халықаралық шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары. Алдағы жылдардан бастап дәстүрге айналатын бұл конференция ертең одан әрі жалғаспақ. Бұл күні шетелдік және отандық сарапшылар «Бала және заң», «Баланың көзқарасын құрметтеу», «Бала және отбасы», «Бала және оның құқықтары», «Балалар және зорлық-зомбылықпен күрес», «Бала және денсаулық», «Мүмкіндіктері шектеулі балалар», «Бала және кәсіпкерлік», «Бала және қоршаған ортаның жағдайы», «Балалар және білім алу, мектепке дейінгі тәрбие» секілді мәселелер бойынша пікір алмасып, өз ойларын ортаға салатын болады. kerek6 bal_0428 kerek5 Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, "Егемен Қазақстан". Суреттерді түсірген Орынбай Балмұрат