21 Қараша, 2016

Н.Оразалин. Ойлы оқырман олжасы

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тәуелсіз Қазақстан да 25 жасқа толып отыр. Егемен еліміздің осынау мерейтойы туралы қаншама қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар әртүрлі тақырыпта қалам тербеуде. Солардың барлығы да Қазақстанның 25 жыл ішінде қол жеткізген табыстарына қуанады, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының күн өткен сайын жақсара түскеніне шүкіршілік етеді. Тәуелсіз Қазақстанның тарихи жылнамасы мен шежіресі жылдар өткен сайын қалыңдай бермек. Осы орайда ел тарихының қапы­сыз хатқа түсуіне айрықша мүдделі бір адам болса, ол сөзсіз – Елбасы. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірдегі тәуелсіз іргетасын өз қолымен қалап, туын желбіреткен Тұңғыш Президентіміз үшін Қа­зақстан тарихының әр парағы ыс­тық әрі қымбат. Ендеше, таяуда ғана Елбасы қаламынан туған «Ұлы дала ұлағаттары» атты жаңа туынды да әр қазақстандық үшін аса құнды олжа болары шүбәсіз. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойына тамаша тарту болған осынау еңбекті тебі­ренбей, толқымай оқу мүмкін емес. Аталмыш туынды «Туған елім – тірегім», «Ел мен ер және жер», «Тәу­елсіздіктің тал бесігі», «Саясат салтанаты», «Туған тілдің тұғыры», «Дін мен дәстүр», «Қиырдан келсе қан­дастар», «Өнердің өрісі кең», «Отбасы – Отан тірегі», «Қария­ларымыз – қазынамыз», «Мұра­ты  бірдің қуаты бір» деп аталатын он бір тараудан тұрады. Тақы­рып­тар айтып тұрғандай әр тарау­дың оқырманға ой салар орасан салмағы бар. Өзім қаламгер болғандықтан, әрі қазақ руханиятының қара ша­ңы­рағы – Қазақстан Жазушылар одағын­да басшылықта отырған­дықтан осы еңбектегі әдебиет, өнер, тіл туралы Елбасы толғамдары мені қатты тебіренткенін айрықша айтқым келеді. «Қазақ – ойшыл халық, ақын халық. Сәби жүрегінде желпілдеген арман мен үміт, қиял мен ой көкі­регінде сәулесі бар қазақ баласын өлең өлкесіне алып келеді. Халқымыздың ақынжандылығы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәңгілік мектеп. Телегей теңіз ауыз әдебиетінің қайнарынан сусындаған ұлтымыздың ұлы тарихындағы ұлағатты белес­тер бұған нақты дәлел. Біз тарихын тілмен де, ділмен де жазған халықпыз», – дейді Президент осы еңбегінің «Туған елім – тірегім» деген алғашқы тарауында. Одан әрі өз ойын Елбасы: «Ұлы Даламыз кейде ашық жатқан жыр кітабы сияқты болып та көрініп кетеді. Жадыңды жаңғыртып, дұрыстап, жақсылап оқи алсаң, жан дүниең жадырап, бағзы бабалардың баян­ды үнін, тарихтың тылсым сырын, туған еліңнің мәңгілік жырын қайыра естіп, байтақ әлемге құлашыңды кең жайғандай боласың», – деп кеңінен таратады. Осындай жүрек қозғайтын сөз­дерді оқи отырып, Елбасы­мыздың сөз өнерін, өлең деп аталатын кие­лі қасиетті барынша қастерлеп, қадір­лейтінін анық аңғаруға болады. Елбасымыздың тіл туралы, діл туралы, ел мен жер туралы да ба­салқы толғамдар мен парасат­ты пайымдауларға толы тұжырым­дары ел ертеңін ойлайтын тұғырлы тұлға ғана айта алатын өмір, қоғам, заман ақиқаты екені сөзсіз. Халқымыздың рухани игілігіне айналғалы тұрған еңбектің «Өнер­дің өрісі кең» атты тарауында мемлекетіміздің әдеби-мәдени даму белестері жайлы сөз қозғалады. «Мемлекеттің дамуы – рухани әлемнің дамуымен тікелей сабақ­тас», – дей отырып Президент мәде­ниет саласындағы күрмеуі күрделі кейбір мәселелердің шешілген және шешілмеген тұстарына замана биігінен көз жібереді. Өткен 25 жыл ішіндегі әдеби-мәдени өміріміздегі өзгерістер мен қазақ руханиятына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарға шолу жасай келіп Мемлекет басшысы: «Осы кезеңде әдебиетте рухани жаңғыру, ұлттық түлеу, халықтық қасиеттер қапысыз бой көрсетті. Әрине, бұл өрлеуден өнердің басқа салалары да қағыс қалған жоқ. Бірақ әдебиет алда жүрді, алдыңғы шептің айбаты да, қайраты да бола білді», – деп атап көрсетеді. Бұл сөз өне­рін кие тұтқан барша қалам қайраткерлеріне берілген әділ баға, үлкен сенім деп білуіміз керек. «Ұлы Дала ұлағаттары» өтке­німізге ой жүгіртер, келеше­гімізге бағдар сілтер сындарлы еңбек, сом туынды. Осы еңбектегі Президент толғанысы әр қазақстандықтың толғанысына ұласар болса, яғни «жүректен шыққан сөз жүрекке жетер болса», Отанымыздың бола­шағына деген ұлт сенімі нықтала түспек. Нұрлан ОРАЗАЛИН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы