20 Қараша, 2016

Сейілбек Шаухаманов. Толғамы кең туынды

557 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасының «Ұлы Дала ұлағаттары» тақы­рыбымен газетте жарияланған жаңа туындысын толықтай оқып шықтым. Үлкен әсерге бөлендім. «Міне, Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толған торқалы кезеңге келдік. Бұл аз уақыт па, әлде көп пе? Неден бастадық, қай жерге жеттік? Осының бәрін тыңғылықты таразылап, бағасын берер шақ келді. Болғанға байыпты баға беру – байырғы әдетіміз», – деп бастайды Мемлекет басшысы туындысының алғысөзін. Шүкір, бүгінге дейін көрмеген қиындығымыз, ауыртпалығымыз, қиянатымыз аз болмаса да, жаңа ғасырдың табалдырығын аттар тұста маңдайымызға азаттықтың ақ таңын көруге жазыпты. Міне, содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтіп, осы бір шуақты шақта мұқым жұрттың мерейін өсірген іргелі, ізгі, ілкімді істер жалғасын тауып, барлығымыз да толайым табыстың жарқын жобаларын тамашалап жүргеніміз зор қуаныш. «…Осынау ширек ғасыр ғана тәуел­сіздік жылдарында небір оқиғаларды бастан кештік. Қилы кезеңдер мен бейтаныс бөгеттерді басып өтіп, өз жолымызды табуға ұмтылдық. Бұл тұрғыдан келгенде, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы алдағы күнге алып баратын туымыз, ұранымыз әрі құралымыз болды. Біз жалпыұлттық мақсатқа жұдырықтай жұмылып, бірігіп, бірлесіп ұмтылдық. Жаңа дәуірдің болмыс-бітімін ұлттық салт-дәстүрлеріміздің аясында заманауи сын-тегеуріндерге бейімдедік, мемлекет болып қалыптасудың өзіндік өрнегін тауып, мектебін қалып­тастырдық. Қазақта «Мен бітірдім дегенше, ел бітірді десейші» деген даналық сөз бар. Осы сөздің мән-мағынасын жаңа тұрпатты мемлекет орнықтыру ісінде жалпыұлттық тұтастық, халықтық қолдау, қоғам­дық тұрақтылық нәтижесінде жүзеге асырдық», – деп толғанады Елбасы. Жаратушы иеміздің бізге жасаған жақсылығы – ешкімге кіріптар болмай­тын, алыс-жақынмен еркін қарым-қатынас жасай алатын егемен, азат, бостандық байрағын бекем ұстаған, берекелі тіршілік қазанын қайнатқан, келешегі жарқын, кемел істерге батыл қадам жасай білетін іргелі мемлекетке айналып келеміз. Төрткүл дүние біздің ізгі істерімізге оң бағасын беріп, кейбір өрелі өзгерістерді өнеге етіп, өздерінің тыныс-тіршілігіне кеңінен пайдаланып жатқанын да білеміз. Ойланып көрсеңіз, осының барлығы орайлы істердің жемісі екені даусыз. Қай кезде де біздің халқымыз «бірлік түбі – тірлік» екенін білді. Ауызбіршілік, ұйымшылдық, татулық, достық сондай жаңашыл бастамаларға жол ашып, тұғырымыздың биік, мақ­сатымыздың айқын, келешегіміздің жарқын болуына өз септігін тигізеді. Қысқаша айтқанда, біз терең ойға жетелейтін, толғамы кең, талғамы биік тұщымды дүниені оқып, одан көптеген ойларды түсініп, өзіміздің тәуелсіз еліміздің туын көкте желбірете отырып, алда талай асқар асуларды, биік белестерді бағындыра беретінімізге көзімізді айқын жеткізе алдық.