22 Қараша, 2016

Ақын мен жыршы мұраты

497 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елордадағы «Тілеп» қобыз сарайында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған «Мәңгілік Ел – мұратым» атты жас ақындар мүшәйрасы мен «Азаттық үні» деген тақырыпта жыршы-термешілер байқауы өтті. Шарт бойынша мүшәйра мен байқауға 16-30 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. «Тілеп» қобыз сарайында өткен кешке сол үміткерлер арасынан таңдап алынып, алдын ала іріктелген жастар тәуелсіздікке арналған және еркін тақырыптағы өлеңдерін оқып, жыр-термелерін орындады. Шара барысында мүшәйра мен байқаудың қорытындысы қатар жарияланды. Сонымен, жас ақындардың мүшәйрасының қорытындысы бойынша бірінші орын Жұлдызай Ысқақтың, екінші орын Сұлужан Табылды және Елдос Әнкей есімді жастардың еншісіне бұйырса, үшінші орынға Тілен Тобықбай мен Бекмұрат Өмірбек лайықты деп танылды. Ал жыршы-термешілер байқауында бірінші орынды Нұрбек Сансызбаев, екінші орынды Феруза Оңталап, үшінші орынды Рахат Бекасылов жеңіп алды. Айта кетейік, жыр додасының қазылар алқасының құрамында белгілі әдебиетші Ілияс Рысбекұлы, «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты, ақын Асылзат Арыстанбек және «Дарын» жас­тар сыйлығының лауреаты, ақын Қалқаман Сарин болды. Сондай-ақ, жырау, профессор Амандық Көмекұлы,  Мәдениет қайраткері, белгілі әнші Клара Төленбаева және ақын, «Абайтану» орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы жыршы-термешілер байқауына қазылық етті. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»